Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Жоғарғы палата отырысында депутаттар бірқатар заң қабылдады.
37 миллиард салық төледі
Сенат депутаттары «2007 жылғы 27 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңын қабылдады.
Заңға сәйкес, 2017 жылдан бастап Шанхай ынтымақтастық ұйымының толық құқылы екі мүшесі – Үндістан мен Пәкістанға бірлескен әскери оқу-жаттығуларға қатысуға мүмкіндік беріледі.
«Хаттаманың мақсаты – Ұйым шеңберінде әскери оқу-жаттығуларды өткізу үшін құқықтық негіз саналатын келісімге Шанхай ынтымақтастық ұйымына енген кез келген мемлекеттің қосылуын қамтамасыз ету. Өздеріңіз білетіндей, 2017 жылғы маусымда Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде өңірлік және халықаралық аренада рөлін айтарлықтай нығайтқан, Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан мен Пәкістанның қосылуы туралы тарихи шешім қабылданған-ды. Осыған байланысты келісімге толықтыру енгізу қажеттігі туындады», деді заң жобасын сенаторларға баяндаған Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дандыбаев.
Келісім шеңберінде Ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында 2 жылда 1 рет кезекпен террорға қарсы бағыттағы «Бейбіт миссия» деп аталатын бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізіледі. Мұндай оқу-жаттығуларды өткізу қарулы күштердің кәсіби дағдылары мен жауынгерлік даярлығын арттыруға және олардың арасында өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтауға ықпал етеді.
«Хаттаманы ратификациялау Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қарулы күштері арасында әрі қарай өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға қызмет ететініне сенімдімін. Заңды қабылдау республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді қажет етпейді, сондай-ақ теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және экологиялық салдарға әкеп соқтырмайды», деді Т.Дандыбаев.
Бұдан кейін сөз алған сенатор Талғат Мұсабаев хаттаманы ратификациялау арқылы бірлескен әскери оқу-жаттығуларды өткізу географиясын кеңейтуге мүмкіндік мол екенін атап өтті.
«Хаттаманың мақсаты – Шанхай ынтымақтастық ұйымының барлық мүше мемлекеттеріне толық құқықтық жағдай жасауды қамтамасыз ету. Атап айтқанда 2017 жылдан бастап ұйымның құқылы мүше мемлекеттері атанған Үндістан мен Пәкістанға ұйым мүшелерінің территорияларында өтетін бірлескен әскери оқу-жаттығуларына, бірлескен әскери антитеррорлық жаттығуларына қатысуға мүмкіндік береді», деді Т.Мұсабаев.
Өз кезегінде Сенат Төрағасы М.Әшімбаев қазіргі таңда әлем бойынша геосаяси ахуалдың қиындай түскенін жеткізді. Шартарап жаңа сын-қатерлерге бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, тәуелсіздікті нығайту – ең маңызды мәселе. Сенат Төрағасы осы тұрғыдан келгенде, Шанхай ынтымақтастық ұйымының маңызы зор екенін жеткізді.
«Біз өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін осы Ұйым аясында бірлесіп әрекет етуіміз керек. Ынтымақтастықты арттыру арқылы жаңа қауіптерге қарсы тұруда әлеуетімізді күшейтеміз. Бүгін қабылдап отырған заң Шанхай ынтымақтастық ұйымының тиімділігін одан әрі арттырады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ депутаттар «2012 жылғы 3 мамырда Люксембургте қол қойылған хаттамамен енгізілген өзгерістерді ескере отырып, 2008 жылғы 26 маусымда Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің Үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңын қабылдады.
Аталған құжат жөнінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Оның айтуынша, заң салық салудан дивидендтерді босату мақсатында ел бюджетінің мүдделерін қорғау қажеттілігіне негізделген. Бұл мемлекеттік меншіктегі Люксембургте тіркелген отандық кәсіпорындарға қолданылады.
«Қолданыстағы конвенцияға толықтыру енгізу төленетін дивидендтерді мемлекеттік меншікке байланысты салық салудан босату арқылы ел бюджетінің мүддесін қорғау қажеттігінен туындап отыр.
Протокол арқылы дивидендтердің іс жүзіндегі иелерін нақтыладық. Қазақстанда – Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық немесе жергілікті билік органы, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі немесе Қазақстан Республикасының Үкіметіне толық тиесілі кез келген басқа мекеме.
Хаттаманың басты мақсаты – Люксембург аумағында тіркелген кәсіпорындардың акцияларын иеленген жағдайда Люксембург тарапынан Қазақстан Республикасының Үкіметіне төленетін дивидендтерді салық төлеуден босату.
Соңғы 10 жылда екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 106 млн долларға жетті. Осы уақыт ішінде Люксембургтен Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялар ағыны 1,4 млрд долларды құрағанын атап өткім келеді. Қазақстанда Люксембург капиталы қатысуымен 27 заңды тұлға, филиал мен өкілдік қызмет етіп жатыр. Олар 2019 жылы 37 млрд теңге салық төледі. Хаттаманы іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді», деді Е.Жамаубаев.
Жастардың көбі әскерге жарамсыз
Сенаттың жалпы отырысында депутаттар бірқатар сауалдар жолдады. Алтынбек Нұхұлы ауыл мектептерінің жұмысын қалпына келтіруді кезең-кезеңімен шешуге байланысты мәселе көтерді.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға сауал жолдаған депутатты ауылдық жердегі қашықтан білім алатын мектептер мәселесі толғандырады. Мұндай мектептер санитарлық-эпидемиялық талаптар мен қашықтық шараларын сақтай отырып, әдеттегі қалыпта оқи алады.
Ауылдық мектептердің оқу жабдықтары жеткіліксіз әрі білім беру мүмкіндіктерінің деңгейі төмен. Ауылдық жерлерде интернет сапасының нашарлығы карантин кезінде мектепте онлайн-режімде сабақ өткізе алмауының басты себептің бірі. Сондай-ақ ауыл оқушыларының көпшілігінде қашықтан оқуға мүмкіндік беретін интернет те, компьютер де жоқ.
«Пандемия еліміздегі интернет байланысы әлсіз әрі жалпы жүктемеге төтеп бере алмайтынын көрсетті. Осыдан оқушылардың ақпараттық-компьютерлік сауатының сапасы мен деңгейі туралы мәселе туындайды. Ауылда білім беру сапасын жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына ауылдық жерде орналасқан 181-ден 600 адамға дейінгі оқушысы бар, сыныптағы балалардың саны 15 адамға дейінгі мектептердің жұмыс істеуін кезең-кезеңімен шешу бөлігінде өзгеріс енгізу қажет», деді Алтынбек Нұхұлы.
Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжановқа балаларды әскери-патриоттық, отаншылдық рухта тәрбиелеу туралы депутаттық сауал жолдады.
«Ұлттық рухани құндылықтармен, отаншыл сезіммен суарылған бала ғана ертең мемлекеттің қауіпсіздігіне, Тәуелсіздігіне алаңдайтын, Отанының болашағы үшін жауапкершілікті мойнына ала білетін азамат болып өседі. Әскер қатарында білімді, білікті сарбазға айналады. Қоғам мүддесін бәрінен биік қоятын азамат ретінде қалыптасады. Отанды қорғау – әрбір Қазақстан азаматының абзал борышы. Ол ең алдымен, отаншылдықтан, әскери-патриоттық тәрбиеден басталады», деді сенатор өзінің сауалында.
Н.Нұрсипатов 2019 жылды Елбасы «Жастар жылы» деп жариялағанын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан жастарды қолдауға және оларды отаншылдық рухта тәрбиелеуге айрықша назар аударып отырғанын атап өтті.
«Жыл сайынғы əскерге шақырылатын азаматтардың саны 300 мыңға жуық. Соның 40 мыңының ғана денсаулығы әскери борышын өтеуге жарамды. Әскер қатарына шақыру қағазын алған азаматтардың 25,4 пайызы әскери қызметке психологиялық және моральдық тұрғыда дайын емес. Әскери қызметке шақырылудан жалтару мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ», деді сенатор.
Депутат насихат жұмысы аясында әскери-патриоттық рух, мәдениет пен ұлттық тарихты, ұлт батырларын, өз кәсібінің шебері болған отандық тұлғаларды насихаттайтын хабарлар, фильмдер түсіріліп, кітаптар шығарылып, интернет-контент жасалғаны жөн екенін атап өтті.
Сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбие мәселесі қолданыстағы заңнамада бекітілмегенін айта келіп, әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарын жүргізуді мемлекеттік органдардың басты тапсырмаларының бірі ретінде заңнамалық тұрғыда бекіту қажеттігіне тоқталды.
Субсидия талабын азайтуды сұрайды
Депутат Ғұмар Дүйсембаев мал шаруашылығын субсидиялау ережелерін өзгерту қажет деп санайды. Бұл туралы Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Депутаттың сөзіне сүйенсек, елімізде өндірілетін тағам өнімдері көлемін арттыру және импорттық азық-түліктерді азайту – пандемия кезеңінде ерекше сипаттағы өткір мәселе. Бұл туралы Мемлекет басшысының Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп айтқанын еске салды.
«Осы бағытта берілетін субсидиялау ережелері мал бордақылау орындарында бір мезгілде көп мөлшерде мал басының болуын талап етеді. Оның талаптарын кіші шаруашылық түгілі, ірі шаруашылықтардың өзі орындай алмай отыр», деді сенатор.
Депутаттың айтуынша, қолданыстағы ережеде ірі қара малын бордақылау орындарында бір мезгілде 5000 бас малды ұстау қажет. Осы орайда, қатал континенталды, құрғақ климатты жағдайымен ерекшеленетін, ауыз су тапшы Атырау мен Маңғыстау облыстарының кәсіпкерлері бір мезгілде 2000 бас ірі қара санын 500 басқа дейін түсіру туралы министрлікке ұсыныс енгізгенін атап өтті.
Жергілікті жерде шабылған шөп жеткіліксіз болуына байланысты мал шаруашылығына қажетті қоспа құрама жем мен азықтық дән еліміздің астықты аймақтарынан сатып алынып, тасымалданып жеткізіледі. Бұл фермерлерге қаржылай ауыртпалық түсіреді. Депутаттың айтуынша, осының бәрі шағын және орта бизнестің дамуына және аймақтарды жергілікті ет өнімдерімен қамтамасыз етуге кедергі келтіріп отыр.
«Елімізде жаңа дамып келе жатқан кіші шаруашылықтарды көтеру және өзімізді таза сапалы ет өнімдерімен қамтамасызу ету үшін бордақылау алаңдарында бір мезгілде тұратын мал санын төмендету қажет деп санаймыз», деді сенатор.
Депутат Нұрлан Бекназаров Премьер-Министрге жолданған депутаттық сауалында көмірсутектер бойынша электронды аукциондар ұйымдастыру тәртібіне байланысты мәселелерді қозғады.
Оның сөзіне сай, елде шетелдік инвесторларға жер қойнауын пайдалану құқығын қайта сататын делдалдар көп. Сенатор жер қойнауын пайдалануға, оның ішінде шетелдік компанияларға берудің транспаренттік емес механизмін құру әрекеті қоғамдағы әлеуметтік шиеленістерге әкелуі мүмкін екенін жеткізді.
«Кодекс қабылданғаннан бергі 2,5 жылдан астам уақыт ішінде Энергетика министрлігі оны іске асыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық актілерді дайындады және осы кезеңде көмірсутектер саласында бірде-бір конкурс өткен жоқ. Осылайша конкурс үшін жер учаскелерінің жасанды жетіспеушілігі қалыптасып, нәтижесінде ел аймақтарына тартылатын инвестиция көлемі айтарлықтай төмендеді», деді Н.Бекназаров.
Сенат депутатының пікірінше, министрлік қабылдаған ережелерде іс жүзінде қатысушыларға ашық емес және тең емес жағдайлар жасай отырып, кәсіпкерлер үшін заңнамада көзделмеген шектеулер орнатылған. Қабылданған ережелер Президенттің ашық Үкімет туралы, халықтың ақпаратқа қолжетімділігі, сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында мемлекеттік ресурстарды қоғамдық бақылау туралы тапсырмаларына қайшы келеді. Сонымен қатар ережелердің кемшін тұсы көп.
«Электронды аукциондардың операторы ретінде жарғылық капиталында мемлекеттің қатысуы бар коммерциялық ұйым таңдалды және оған мемлекеттік функциялардың бір бөлігі сеніп тапсырылды, оны беру заңмен қарастырылмаған. Сонымен бірге оператор алдын ала сатыларда, сондай-ақ аукцион кезінде болуы мүмкін теріс іс-әрекеттері үшін жауапкершілік тартпайды. Операторды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық құрамы үшін жауапкершілікке тарту да күмән тудырады», деді Сенат депутаты.
Мемлекеттік органдардың басқару шешімдеріндегі және көмірсутектер бойынша электронды аукциондар өткізу туралы шешім қабылдаудағы кемшіліктер әлеуетті және шынайы инвесторлармен спекулятивті келісімшарттар ұйымдастыратын түрлі делдалдық және рейдерлік компаниялардың жандануына себепші.
Осыған орай сенаторлар Нұрлан Бекназаров, Қанатбек Сафинов және Ләззат Сүлеймен Үкімет басшысына жолдаған сауалында ең маңызды табиғи ресурстарды беру бойынша электронды аукциондар кезінде қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мақсатында сарапшылар мен қоғамды тарту қажетін атап өтті.
Құс тұмауы өршіп тұр
Сенатор Дүйсенғазы Мусин құс тұмауының экономикалық залалына алаңдаушылық білдірді. Себебі, елімізде құс етінің 45 пайызы импортталатынын ескерсек, құс тұмауы салдарынан бұл көрсеткіштің өсетіні сөзсіз. Бұл отандық өнімдер бағасының қымбаттауына алып келуі мүмкін.
Екіншіден, мұның салдары үй құстарының иелеріне ғана емес, мемлекет тарапынан карантиндік және ветеринарлық-санитарлық іс-шараларды жүргізуді енгізуге ауру құстарды жоюға, жаппай вакцинациялауға, құс иелеріне өтемақы беруге мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсіреді.
Оған қоса, депутат Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті комиссиялары кей шаруашылықтарда құс шығынының технологиялық, өндірістік себептерін анықтауда, құс тұмауынан өлген құстардың нақты санын есептеуде қателіктерді анықтағанын айтып отыр.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы мәліметтері бойынша, Қазақстанның бірнеше өңірінің 117 елді мекенінде індеттен 576 мың бас әртүрлі құс өлген. Ал Қазақстан құс өсірушілер одағының мәліметтері бойынша, құс тұмауынан Солтүстік Қазақстан облысында 2 құс фабрикасында 768,8 мың бас және Қостанай облысында бір құс фабрикасында 360 мың бас құс шығыны тіркелген. Тек үш құс фабрикасында қырылған құстың саны 1 млн 128 мыңнан асқан», деді сенатор.
Осыған орай Д.Мусин құс тұмауының өршу себептеріне, тиісті ветеринарлық іс-шаралардың орындалуына тексеру жүргізу, құстарға міндетті вакцинациялау үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, індет салдарынан жойылған үй құстары үшін нарықтық құны бойынша өтемақы төлеу, жұмыртқа өндірудің көлеміне қарамастан, барлық құс фабрикалары үшін бірыңғай норматив белгілей отырып, субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізу және ветеринарлық препараттарды мемлекеттік сатып алуды оңтайландыру және үй құстарын сақтандыру бағдарламасын әзірлеуге қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.