Қырғызстандағы жағдай халқының талап-тілегіне оқпен жауап берген лауазымды тұлғаларға да, саясатта шаруасы жоқ, күнделікті сауда-саттығымен күн көрген кәсіпкерлердің дүкендерін талқандап, тонап, тағылық көрсеткен кейбір топтар үшін де әлемдік қоғамдастық алдында ұят болды. Кешегі Манас, Саяқбай, Тоқтағұл, Шыңғыс, Сүйменқұлмен дүние жүзіне танылған қырғыз елі өктемдік пен өшпенділіктің емес, өнер мен өнегенің жұрты емес пе еді.
“Бірдің кесірі мыңға тиеді” деген. Алатаудағы тынышсыз күндер мен түндер шекаралас мемлекеттердің де етек-жеңін қымтап, сақ отыруына мәжбүрлей бастады. Бір ғана мысал, яғни “Қырғызстандағы тәртіпсіздікке қатысушылар Киров су қоймасын басып алып, жарып жібергелі жатыр екен, сөйтіп, қоймадан қотарыла аққан топан су тасқыны Тараз қаласын басып қалатын болыпты” деген суыт хабар жарты миллионға жуық тұрғыны бар іргелі қаланы әп-сәтте у-шу қылды. Үй-жайлары мен дүние-мүліктерін тастай қашқан тұрғындардың заттарын тонағандар да болыпты деген қауесет естідік. Жаны бар әңгіме сияқты, өйткені, 8 сәуірге қараған түні облыста 10 қылмыс тіркеліп, соның ішінде Тараз қаласында екі ұрлық жасалған. Бірақ олар ізі суымай ашылыпты.
Абырой болғанда, елді дүрліктірген хабар жалған болып шықты. Дегенмен, облыс орталығы аумағында және оның шет жерлерінде ІІМ-нің ішкі әскерлері мен облыс ІІД-нің 400 адамнан астам қызметкері мен белгі беретін арнайы қондырғысы бар 47 патрульдік түнгі экипажы шұғыл іске жегілді. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев бастаған жергілікті билік, полицейлер және төтенше жағдайлар жөніндегі қызметкерлердің нақты іс-әрекеттерінің арқасында Тараз қаласында орын алған дүрбелең көп ұзамай басылды.
Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Тағдырлас қазақ және қырғыз үкіметтері алдағы уақытта Қызылағаштағыдай қауіп-қатерден сақ болу үшін 550 млн. текше метр су сыятын, тау үстіне орналасқан Киров су қоймасы сияқты стратегиялық маңызды нысанды қарулы әскерлерімен бірлесіп күзету мәселесін қарастырып, арнайы қаржы бөлгендері жөн сияқты.
Жамбыл облысы мен Қырғыз Республикасының арасында 13 кедендік бақылау-өткізу пункті бар. Екі ел арасындағы барыс-келіс, алыс-беріс үзілген жоқ. Кедендік ресімдеу жұмыстары бұрынғыдай жүргізіліп жатыр. Бірақ қазақстандық кеденшілер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді. Бішкектегі тәртіпсіздік салдарынан қаза тапқан Меркі ауданының түлегі туған жеріне әкелініп, жерленді.
Шекарадағы жағдайды қадағалап отыру үшін арнайы облыстық штаб құрылған. Оны облыс әкімі басқаруда. Мұндай штабтар Қырғызстанмен шекаралас аудандарда да ұйымдастырылған. Сондай-ақ, ҰҚК шекара қызметі мен облыстық ІІД қызметкерлері шекара мен кедендік бақылау-өткізу пункттерін жіті бақылауға алған.
Қырғызстандағы саяси жағдай саябырсып, қаза тапқандар жерленіп, көше қоқыстардан тазалана бастағанымен, ел билігінің тағдыры әлі толық шешілген жоқ. Қырғыз халқының басым бөлігі Бакиевтің билікке келуіне және онымен келіссөз жүргізіп, өмірі мен денсаулығына зиян келтірмеуге кепілдік беруге қарсы. Бұл туралы уақытша үкіметтің тізгінін ұстап отырған Р.Отынбаева мәлімдеп отыр. Ал Бакиев сонау Ош жақта жатып БҰҰ бітімгершілік әскерінің күшіне сүйенемін, оппозиционерлер келіссөз жүргізсе, мәмілеге барудан бас тартпаймын деген тұрғыда жауап беруде. Сондықтан шиеленісті күндер артта қалды деп айту ертерек сияқты.
Халқымызда “Ашу дұшпан, ақыл дос” деген сөз бар. Қырғызстандағы саяси тұрақсыздықтың 80-нен астам адам өліміне әкеліп соқтырғанын ескерсек, қандай қиын жағдай болса да ақылды ашуға жеңдіруге болмайтынын, қай тарапқа да парасаттылық қажет екенін көрсетті.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.