Батыс Қазақстан облысының үздік мұғалімдері кәсіби мереке күніне орай түрлі мақтау-марапатқа ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz
Орал қаласындағы Салтанат сарайының үлкен залында өткен «Ұстаз – ұлы есім» атты шараға өңір басшысы Ғали Есқалиев қатысты.
– Бүгінде облысымыздағы 150 мыңнан астам студент пен оқушыға 21 мыңнан аса мұғалім мен оқытушы сабақ беріп жүр екен. Білікті мамандар тәрбиелеген шәкірттер бізді түрлі жетістігімен қуантып келеді. Биылдың өзінде 35 оқушымыз республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқаулардың жеңімпазы атанды. 29 оқушы IQanat олимпиадасында үздік шығып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қорының грантына ие болды. Олар енді оқуын IQanat High School Burabaу мектебінде жалғастырады. Дәл осы көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан облысы – республикада алда тұр, – деді өз сөзінде Ғали Нәжімеденұлы.
Бұл күні өз саласында топ жарып, үздік шыққан мұғалімдер түрлі сыйлықпен, сертификат және мақтау қағаздарымен марапатталды.
Елімізде мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін көтеру, кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында «Үздік педагог» конкурсы 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді. Биылғы байқаудың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған Сырым ауданы Қадыр Мырзалиев атындағы мектептің тарих және құқық пәнінің мұғалімі Гүлдана Нұғманова мен облыстық техникалық шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогі Мирболат Құспанов «Үздік педагогке» төсбелгісіне және 2 778 000 теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды.
Осы күні Орал қаласындағы №35 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Сәлима Әлиева, Бәйтерек ауданы «Еркемай» бөбекжайының меңгерушісі Татьяна Савченко, Орал «Сервис» технологиялық колледжінің өндірістік оқыту шебері Галина Белова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгiсiмен марапатталды.
Ал Қазталов ауданы Ғ.Молдашев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләйлә Бәделова, Батыс Қазақстан облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының ана-тәрбиешісі Фарида Ақмұрзина, Қаратөбе колледжі математика пәнінің оқытушысы Зәуреш Жұмағалиева, Жаһанша Досмұхамбетов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Қырымжан Жақыпова, Бөрлі колледжінің директоры Мұрат Өтемұратовжәне Теректі колледжінің өндірістік оқыту шебері Дариға Орманова «Бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi» төсбелгiсiн өңіріне тақты.
Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес биыл білім саласындағы жетістіктері үшін облыс әкімінің қаулысымен «Батыс Қазақстан облысының білім саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі және 300 еселенген төменгі айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі сыйақы белгіленді. Дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі Гүлшат Суханова бұл сыйлықтың тұңғыш лауреаты атанды.
Ал облыстағы түрлі мектеп пен колледждерде еңбек ететін Жеңіс Шоңбаев, Ольга Галкина, Асан Заиров, Әлия Хасанова, Жәдігер Негметов, Гүлмира Ташаева, Райлаш Чуюншалиева, Ирина Лукашова, Серік Әлімбеков, Узыпа Сатыбалдиева, Гүлбаршын Сапахова және Маржан Капашевалар Батыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы жыл сайын облыстық кәсіподақ ұйымымен бірігіп түрлі аталымда арнайы сыйлықтар ұсынуды дәстүрге айналдырған болатын. Биылғы с выйлық - «Сарыағаш» шипажайына жолдаманы Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаев тапсырды. Жолдамаға білім беру ұйымдарының басшыларына арналған «Үздік көшбасшы» аталымының иегері атанған Сырым ауданы «Балдырған» балабақшасының меңгерушісі Ғалия Балпысова, «Директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі үздік орынбасары» аталымының иегері Бөкейордасы ауданы Ш.Жексенбаев атындағы орта мектебі директорының орынбасары Венера Таңатова, қашықтан оқу жағдайында оқу процесін тиімді ұйымдастыра білген педагогтар арасындағы «ІТ педагог» аталымының иегері Бөрлі ауданы Ақсай қаласының №3 орта мектебі информатика пәнінің мұғалімі Майра Мұхамбетқалиева, қайырымдылық істермен айналысып, үлес қосып жүрген педагогтар арасында «Волонтер педагог» аталымының иегері Шыңғырлау ауданы Л.Қылышев атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Дамиля Тұрғалиева, бала тәрбиесімен бірге педагогикалық қызметті қатар алып жүрген көп балалы ана педагогтар арасындағы «Алтын ұрпақ» аталымының иегері Тасқала ауданы Достық орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Нұрсұлу Ізгалиева және педагогтар арасындағы «Табиғат жанашыры» номинациясының иегері Батыс Қазақстан облыстық экологиялық-биологиялық орталығының қосымша білім беру педагогы Жаңылай Жалгелдеевалар ие болды.