Әлемдегі ең ірі және танымал сарқыраманың бірі саналатын Ниагараны білмейтін адам кемде-кем шығар. Негізі үш сарқыраманың қосындысынан тұратын бұл ғажайып нысанға жыл сайын 14 миллионға жуық турист келеді екен. Осындай атақты сарқыраманы бір көру – Жер шарында өмір сүріп жатқан көптеген адамның арманы екені белгілі. АҚШ пен Канаданың шекарасында орналасқан сарқыраманы көру бақыты бәріне бұйыра бермес, алайда сұлулығы жағынан одан кем түспейтін сарқырамаларды қазақстандықтар еліміздің кез келген аймағынан көре алады.
Елімізде ірілі-ұсақты сарқырамалардың көптігі сонша, біразына әлі күнге дейін атау да берілмеген. Сұлулығын сөзбен айтып жеткізе алмайтын сарқырамалардың небір кереметін Шығыс Қазақстанның тау соқпақтарынан кездестіруге болады. Шығыстағы Катонқарағай немесе Алтай туралы сөз қозғағанда, көз алдымызға бірден бұлттармен таласқан Мұзтаудың бейнесі келеді. Қос шыңды таудың атағы елімізден шет аймақтарда да асқақтап тұр. Бұл – Өр Алтайдың басты болса да, жалғыз мақтанышы емес. Аймағы 643 477 га тең ұлттық саябақ кең-байтақ аңғарларға, тасыған тау өзендері мен айдын көлдерге, қуатты сарқырамаларға бай.
Көккөл сарқырамасы. Алтайдың ең ірі сарқырамасы Үлкен Көккөл өзенінің сағасында орналасқан. Маңғаз Мұзтауға көтерілуге ниеттілердің барлығы дерлік Көккөлдің кереметіне куә болып, жол-жөнекей атақты сарқырама жаққа ат басын бұрмай кетпейді. Қанша дегенмен, Көккөл онсыз да танымдық туризмнің дараланған, маңызды нысаны саналады. Биіктігі 60 метр, ені 10 метрге дейін жететін тік жартастан арқырап аққан алып су ағыны мен сарқыраманың бар кеңістігін жайлаған майда су тозаңының күн шуағына шағылысқандағы көрініс ғажап.
Сарқырама, тау шатқалы, шыршалы-қарағайлы аралас орман-қиялдағы ертегі әлемінің есігін ашады. Ал табиғат-ана сыйлаған шолу алаңында осы ертегіге қанық болып, естелік болар әдемі фотосурет жасау үшін барлығы алдын ала ойластырылып қойғандай.
Көккөлге тек екі жолмен: жаяу не салт атпен жетуге болады. Сарқырама бойымен өтетін туристік соқпақ Берел мұздығына жол тартқан саяхатшылар арасында да аса танымал. Жалпы Мұзтауға қарасты өзен алаптарында ұзын саны 162 тау мұздығы бар.
Қаракөл сарқырамасы. Қаракөл көлінің жағалауынан да мұнарлы Мұзтаудың әсем көріністері ашылады. Осы айдынды мекен еткен аққайран балыққа байланысты орыс тілінде Қаракөлді «Язевое» деп атаған. Көл теңіз деңгейінен 1656 метр биіктегі аңғарда орналасқан. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, бұл өңірде Қатын мұздығының тармағы өтіп, кейіннен орнында өзен ағысымен шайылып кеткен шағын мореналар ғана қалған. Көлден 5 шақырым қашықта, ғасырлар әлдилеген 20-25 метрлік ағаштардың арасымен өтетін бағдарды басшылыққа алсаңыз, көлмен аттас Қаракөл сарқырамасына да жетесіз. Мұндағы он шақты жартастың ортақ биіктігі 10-12 метр. Сарқыраманың төменгі жағындағы қуатты су ағыны әуесқой балықшылардың қарауыз балықты олжалап қайтуларына таптырмас мүмкіндік береді.
Арасан сарқырамасы. Мұзтауды іздесеңіз, Арасан өзенінің аңғарындағы «Рахман бұлақтары» курорттық аймағынан жаяу экосоқпақпен серуенге шықсаңыз, қарға оранған қос шыңға көзіңіз жетеді. Бұл маңда адасып кету қаупі жоқ. Жалғыз жол Арасан көлінің батыс – оңтүстік-батысынан өтіп, әрмен қарай Берелге апарады. 3 шақырымдық жол ашық күні Мұзтауды анық көруге болатын, ақпараттық тақта мен демалыс күркелері құрылған шолу алаңына жеткізеді. Тағы 1 шақырымды еңсере алсаңыз, Арасан сарқырамасының дәл өзі көз алдыңызға келеді. Арасанға апарар жолда ағаш баспалдақтармен жабдықталған тік еңістікке салынған соқпақ бар. Биіктігі 5-6 метрге жететін сарқырама шағын жартаспен екіге бөлінген. Өкінішке қарай 2007 жылы бұл жердің табиғи игілігі отқа оранып, әлі күнге дейін қалпына келтіріліп жатыр.
Рахман сарқырамасы. «Рахман қайнары» курортының маңында, Арасан өзенінің аңғарында, оңтүстік-шығысқа қарай 1,8 шақырым жерде Рахман сарқырамасы бар. Ел арасында сарқыраманы арудың сүмбіл шашына ұқсатқан көркем теңеулер де кездеседі. Биіктігі 30 метрге жететін Рахман сарқырамасы кішігірім биіктаулы мореналық көлден (теңіз деңгейінен 2265 метр биікте) бастау алатын бұлақтан қалыптасып, Рахман көліне құяды.Туристерге келесідей бағдар ұсынылады: қайықпен көлдің арғы бетіне өтіп, ағаштан соғылған соқпақпен сарқырамаға қарай қозғалу. 4 шақырымдық соқпақ ну орманның ортасынан сарқырамаға ауқымды көрініс ашылатын шолу алаңына жол салады. Су гранитті және тақтатасты үш деңгейлі тік жартастардан жіңішке ағындар түзе төмен қарай құлайды.
Пиала сарқырамасы. Теңіз деңгейінен 2370 метр биікте орналасқан Пиала сарқырамасына Катонқарағай ұлттық саябағы бойынша ұйымдастырылған 22 шақырымдық «Сарымсақты» турына қатысу арқылы жете аласыз. Тастан салынған атты жүріс соқпағы Сарымсақ өзені бойы мен әсем балқарағай орманы арасынан Қызылқұм өткеліне дейінгі аралықты қамтиды. Жолшыбай ала тышқан, Алтайдың шиқылдақ торғайы, тиіндерді көптеп кездестіруге болады. Одан бөлек, балқарағай торғайы, жорғаторғай, байғыз сияқты құстар мен мұндағы жаңғақтарды қорек ететін жабайы қабандар мен аюларды көріп қалуыңыз ғажап емес.
Шамамен орта жолда негізгі маршрут үш радиалды бағытқа тармақталады: Біріншісі, Тоқтағұл шатқалы, Жоғарғы Маралёнок-Қарлығаш көлдері, бағдар ұзындығы 5 шақырым. Екіншісі, Тұрпан көлі және үшіншісі Пиала сарқырамасы. Сарқырама биіктігі 5-6 метр. Айтарлықтай ірі болмаса да, оны қоршаған табиғаттың кереметіне еш талас жоқ. Тау өзені жартастан пішіні кесеге ұқсайтын кішігірім көлге әкеп құйып, әрі қарай 1 шақырымдық жерде Сарымсақты өзеніне қосылады. Құлаған судың дыбысы сарқырамаға жақындамастан-ақ естіліп тұрады. Туристік бағдар желісі одан кейін де Сарымсақ өзені аңғарымен жалғасады.
Жоғарыда атап өткендей, бұл өңірде атау алмаған сарқырамалар да жетерлік. Осы орайда Белқарағай (Медведка) ауылы мен «Ясная поляна» маңындағы сарқырамаларды да атап өтуге болады.
Катонқарағайдың қай тарапына тоқтасыңыз да, жергілікті тұрғындардан сарқырамаларға шағын саяхат ұйымдастырып беруін сұрап көріңіз. Алтайдың қонақжай халқы келген мейманның бетін қайтармай, қашанда көмек қолын созуға әзір тұрады. Егер өз саяхатыңызды сауатты жоспарлап, Катонқарағайдың бар көрнекті орындарын аралап шығуды мақсат етсеңіз, ойланбастан туристік агенттіктер қызметіне жүгінуге кеңес береміз.