• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 05 Қазан, 2020

Туризмді түлету көп жұмысты қажет етеді

645 рет
көрсетілді

Туристік әлеуетті арттыруға мүмкіндігі мол, бірақ дәл қазіргі таңда жасалған жұмыстан гөрі, айтылатын жоспары көп Маңғыстау өңірінде инфрақұрылымды, ішкі туризмді дамытудың драйвері болып саналатын туризм саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру және оларға қолдау көрсету, сондай-ақ осыған байланысты мәселелер мен оларды шешу жолдары күн тәртібінде тұр.

Аймақта Қазақстан Рес­пуб­ликасының туристік са­ласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасын іске асыру аясында «Маңғыстау туристік аймағы» іс-шара­лар жоспарын жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2018 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Ақтау заманауи теңіз курортына айналуы тиіс деген тапсырмасынан кейін, туризм дамуы­на аса зор көңіл бөлініп, өңір­дің инженерлік-көлік ин­­фра­құ­рылымын дамыту жұ­мыс­тары жүргізілуде.

Маңғыстау облыстық инвестициялар және туризм­ді дамыту басқармасы бас­­­шы­сының орынбасары Т.Еді­геевтің айтуын­ша, 2020 жылдың 1-жар­­­ты­­жыл­­ды­ғының қорытын­ды­сы­на сәйкес Туризм саласы бо­­йынша негізгі капиталға салынған инвестиция көле­мі 67,0 млрд теңгені құраған. Әлемдік брендтердің қы­зы­ғушылығын, мемлекеттің қол­дауын сезінген жергілікті кә­сіпкерлер «Жылы жаға­жай» аумағында инвестиция кө­лемі 30,5 млрд теңгені құ­райтын жаңа «Фламинго Ре­зорт» демалыс базасын қай­­та құрылымдау, «Нұр» 5 жұлдызды көпфункционал­ды емдеу-диагностикалық және сауықтыру кешені құ­рылысы, «Assyl Aktau» термалды жылы суымен демалыс базасының құрылысы және «Seaside Palace» демалыс аймағының құрылысы сынды төрт туристік жобаны іске асыруға кірісті.

Сонымен қатар демалу­ға келген қонақтар тек қо­нақ­үй аумағында қалып қой­май, өлкенің көз тартым­ды жер­лерін, табиғатын, та­рихи-мәдени, туристік нысандарын тамашалау үшін туристік маршруттар анық­талды. Өл­кенің көркін тамашалау­шылар үшін бі­рінші Қа­ра­қия ауданы бо­йынша «Боз­жыра» шатқалы бағыты, екін­ші Түпқараған ауданы бо­йын­ша «Сартас» бағыты ұсы­нылса, үшінші бағыт болып Маңғыстау ауданындағы «Көгез этно­ауылы» бағыты таңдалды.

Қазіргі таңда Ақтау қа­ла­сының «Жылы жағажай» ауданындағы теңіз курорт­тық аймағын электрмен жаб­дықтау жұмыстары жүр­гізілуде. Жобаға сәйкес бі­рін­ші кезекте 2020 жылы ПС-110/10кВ «База отдыха» қо­салқы стансасындағы 1х2,5 МВА қуаттық трансформаторларын 2х16 МВА трансформаторларына ауыстырылып, ұзындығы 10,5 км 10кВ электр желісі­нің құрылысы аяқталды. Екінші кезекте 2021 жылы оңтүс­тік бағытта ПС-110/10кВ «Де­малыс аймағы» қосал­қы стансасынан ұзындығы 10,3 км 10 кВ электр желісі са­лынады.

Ақтау қаласының «Жы­лы жағажай» ауданындағы те­ңіз курорттық аймағы­ның сумен, газбен жабдықтау жү­йелерінің құрылысы жүр­гізілуде. Сумен жабдық­тау бойынша жобада жалпы ұзын­дығы 56 шақырым су құ­бырлары желісінің және 65 құдықтың құрылысын салу қарастырылған. Қазіргі таңда 48 шақырымына траншея қазу жұмыстары жүргізілді, 48 шақырымына су құбыры желісі жүргізілді.

Ақтау қаласынан Кас­пий теңізінің жағалауы бо­йын­­дағы Құрық паром ке­ше­­ніне дейінгі учаскедегі те­ңіз курортын дамыту жұ­мыс­тары жүруде. Жобаға сәй­кес теңіз жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту бойынша жалпы құны 17,8 млрд теңгені құрайтын 70,8 шақырымды қамтитын 5 жо­ба жасақталды. Бүгінгі таңда жалпы құны 11,2 млрд теңгені құрайтын үш жоба бойынша жұмыстар жүр­гізілуде.

Өңірдегі туризм саласын дамыту үшін өзекті мә­селелер, ұсыныстар мен ес­кертулер бойынша жасалатын жұмыстар анықталып, аймақта туризм саласын да­мытудың Жол картасын жасақтау қажеттігі туындап отыр.

Маңғыстау – туризмді тү­лету үшін мүмкіндігі мол өңір. Бірақ туризммен тарту үшін де, туризм саласын дамытқан өңір ретінде танылу үшін де әлі талай жұ­мыс, әлі талай уақыт қажет екендігі де белгілі.

 

Маңғыстау облысы