Жастардың қыршын кетуіне ана ретінде қандай баға беруге болады. Біздің көршіміздегі орын алған оқиға шынымен де жан түршіктіреді. Ол өзін өзі ақтайды деп айта алмаймын. Әрине, жағдайдың соншалықты ушығып кетуін алдын ала болжап білу де мүмкін емес шығар. Бірақ, ең алдымен халық қамы бірінші орынға қойылғаны жөн емес пе еді.
Қазақстан басшысы Н.Назарбаев Қырғызстандағы оқиғаларға қатысты сөзінде егер халықтың жұмысы болса, онда олар мұндай қадамға бармас та еді дегендей ойын да айтып кетті ғой... Осыншама қиратылғанды енді қайта қалпына келтіру керек. Мүлдем артық шығын, артық жұмыс пен күш-жігер. Егер орын алған оқиғаға ой жіберіп қарасақ, онда олардың өз-өздерін тонағандарын, бір-бірін өлтіргендерін көреміз. Олай болса, мұндай келеңсіздік ақтап алынбайды және ақталмайды да.
Кешегі орын алған жағдай Қырғызстанды тағы да бірнеше жылға кері ысырып тастады. Тұрмыстық жағдайлары нашар халық осыдан 5 жыл бұрын да осындай төңкеріс ұйымдастырған-ды. Егер мақсатқа күш көрсету арқылы, онда да жеке мүдде тұрғысынан қол жеткізілсе, онда нәтижесі де жақсы болмайды. Мен тек қырғыздарда ғана емес, әлемде де осындай қанды оқиғалар орын алмай-ақ қойса екен деп тілеймін.
Қырғызстандағы оқиғалардың алдын алуға болар ма еді деген кезде болады деп айтуға негіз бар. Өйткені, Қазақстанға жұмыс істеуге келген қырғыздардан өз әлеуметтік тұрмыстарын жақсартуға деген талпыныстарын көруге болады. Ал өз елдерінде ондай мүмкіндік те жоқ. Бізбен салыстырғанда, азық-түлік арзан деп жатады. Оның себебі түсінікті, өйткені, ондағы жалақы мардымсыз.
Қазақта “Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме, Ердің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме” деген керемет бір мақал бар. Міне, осы мақал дәл осы оқиғаға орайлас айтылғандай. Президент пен халық бір-бірін жақсы түсінулері әрі бір-бірін қолдаулары керек. Болмашыдан ши шығатын заманда әрбір қимылды ойланып барып жасамасақ, онда оның өтемі қымбатқа түседі.
Людмила ХОЧИЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты.