• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қазан, 2020

Атырауда модульдік аурухана құрылысына 900 адам тартылды

297 рет
көрсетілді

Атырауда да модульдік типтегі инфекциялық аурухана салынып жатыр. Қазір мұнда 900 адам жұмысқа тартылған. Құрылыс жұмыстарының 85 проценті атқарылған аурухананы осы айда пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бүгін жаңа нысанның құрылысын облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов тексеріп шықты, - деп жазады Egemen.kz

Медициналық нысан 180 стационарлық төсекке есептелген. Бұған қоса 20 керуеттік реанимациялық бөлім мен қарқынды терапия болады. Құрылысты «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының тапсырысымен ТОО «BI Industrial» BI компаниясы жүргізіп жатыр.

Жобалаушылардың мәліменіне сүйенсек, инфекциялық ауруханалар стандартымен салынып жатқан аурухана ғимараты жылдам құрастырылатын құрылыс технологиясына сәйкес, модульді блоктардан тұрғызылуда. Медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи құралдармен жабдықталады. Аурухана әкімшілік бөлігі бар медициналық блоктан, қабылдау-диагностикалық бөлімнен, операциялық блогы бар жансақтау бөлімінен, сондай-ақ галерея түріндегі дәлізбен байланысқан бес бөлімнен тұрады. Нысан жобасы медициналық логистика мен инфекциялық бақылауды сақтай отырып, бір-бірімен ыңғайлы байланысқан блоктармен жасақталыпты. Карантиндік және қарқынды терапия бөлек орналасады. Санитарлық бақылау бөлмелері, науқастардың мен қызметкерлердің жүріс бағыты белгіленген.

Мұнда 56 екі, 16 үш орындық палата, 6 бір орындық, көшеге жеке шығатын  есігі бар 7 екі орындық бокс, қарқынды терапия бөліміне 20 керуетті орын, қабылдау-диагностикалық бөліміне 5 бокс қарастырылып отыр. Персоналға арналған санитарлық бақылау бөлмелері барлық құрылымдық бөлімшеде таза және инфекциялық аймаққа бөлінген. Адамдардың  қозғалысы бір-біріне кедергі келтірмейтіндей санитарлық-гигиеналық және эпидемиологиялық талаптар қарастырылыпты.

Жаңа аурухананың құрылысының барысымен танысқан аймақ әкімі Махамбет Досмұхамбетов  облыстық денсаулық сақтау және құрылыс басқармаларына нысанның тиісті талаптарға сай болуын қадағалауды тапсырды.