Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында ішкі нарықты отандық азық-түлікпен молайту, отандық дәрі-дәрмек өндірісін дамыту мәселелері қаралды.
Азық-түліктің 12 түрімен қамтуда
Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бүгінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары 99,4%-ға орындалғанын мәлімдеді. Әкімдіктердің жедел мәліметтері бойынша майлы дақылдарды жинау жалғасуда. Республика бойынша егін жинау алаңы 15,8 млн гектарды құраған еді. Әр гектардан 12,8 центнер орташа өнімділікпен жиыны 20,1 млн тонна астық бастырылды. «Егін жинау жұмыстары өткен жылға қарағанда бір ай бұрын аяқталғанын атап өту керек. Бұған қолайлы ауа райы мен шаруалардың техникалық дайындығы ықпал етті. Элеваторларға астық жеткізу 2019 жылдың осы мерзіміндегіден 1 млн тоннаға артты. Келіп түскен астықтың 80%-ының сапалық сипаттамалары жоғары болды», деді С.Омаров.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне қол жеткізу міндеті алға қойылды. Оның мониторингі азық-түлік тауарларының негізгі 29 түрі бойынша жүргізіледі. Оның ішінде 12 тауар түрі бойынша ішкі нарық 100%-ға және одан да көп мөлшерге қамтамасыз етілген. 11 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз ету 80%-дан асады. Бұл халықаралық ауыл шаруашылығы ұйымы ФАО-ның жіктемесі бойынша өзін-өзі жеткілікті қамтамасыз ету деңгейі болып саналады. Енді тек азық-түлік тауарларының 6 түрі бойынша өндірісті ұлғайту және ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру шараларын іске асыру қажет. Бұл – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық. «Бүгінгі таңда министрлік ішкі нарықты отандық өнімдермен молайту жөніндегі 2021–2023 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасын дайындады. Әрбір бағыт бойынша инвестициялық жобалардың нақты пулы анықталды», деді С.Омаров.
Қазір құс еті бойынша өз өндірісіміздің көлемі ішкі нарық қажеттілігінің 58%-ын ғана жабады. Ішкі нарықты толықтай молайту үшін құс етін өндіру қуатын қосымша 171 мың тоннаға арттыру қажет. Бұл міндет жаңа құс фабрикаларын іске қосу, сондай-ақ құс фабрикаларының қолданыстағы қуатын кеңейту есебінен 2023 жылдың соңына дейін іске асырылады. Отандық өндіріс есебінен құс еті импорты көлемін қысқарту ел экономикасында жыл сайын шамамен 177 млн долларды немесе 77 млрд теңгені сақтап қалуға мүмкіндік береді.
«Аталған міндетті орындау үшін жалпы қуаты 285 мың тонна құс етін өндіретін 19 құс фабрикасы, оның ішінде биыл жалпы қуаты 70 мың тонна болатын 6 құс фабрикасы, 2021 – 2023 жылдары жалпы қуаты 215 мың тонна болатын 13 құс фабрикасы іске қосылады. Бұл ішкі нарық қажеттілігін толық көлемде қамтуға мүмкіндік береді», деді С.Омаров.
Сүт өнімдері импортының жалпы көлемі шамамен 500 мың тоннаны құрайды.
«Отандық сүт зауыттары бұл тауарларды өздері өндіре алады. Бұған қоса, олардың өндірістік қуаты толық жүктелмеген. Сапалы тауарлық сүт шикізатын өндіру көлемін ұлғайту үшін министрлік ортамерзімді перспективада өнеркәсіптік тауарлық сүт фермаларын іске қосу және олардың қуаттылықтарын кеңейту есебінен тауарлық сүт өндірісін ұлғайту міндетін алға қойып отыр», деді Ауыл шаруашылығы министрі аталған мәселе жайында.
Сүтті мал шаруашылығын дамытуды ынталандыру үшін министрлік мынадай шаралар қабылдады: Сүт фермаларын салу кезіндегі міндетті мемлекеттік сараптама талабы алынып тасталды, бұл фермаларды жобалау мерзімін алты айдан бір жарым айға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Екінші деңгейдегі банктердің кредиттеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында кредит сомасының 85%-на дейін инвестордың қарыздарын кепілдендіру тетігі енгізілді. Сүтті, сатып алынған асыл тұқымды малды субсидиялау нормативтері, инвестициялық субсидиялау нормативтері қайта қаралды. Малдың өзін кепілге қоя отырып, асыл тұқымды малды сатып алуды қаржыландыру құралы енгізілді. Аталған өзгерістер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің іскерлік белсенділіктеріне оң әсер етті. Егер бұдан бұрын жылына 3-5 өнеркәсіптік сүт фермасы іске қосылса, биыл 33 сүт фермасының жобасы іске асырылуда.
Алма бақтарын арттыру қажет
Отандық шұжық өнімдерімен ішкі нарық 62%-ға қамтамасыз етілген. Оның импорты 33,3 мың тоннаны құрайды. Мұның 85%-ы көрші Ресейден әкелінеді. Жалпы, ішкі нарықты шұжық өнімдерімен молайту жөніндегі міндет ет өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаржыларын толықтыру және фермерлерді малды союға өткізуге ынталандыру есебінен іске асырылады. Сондай-ақ қуаты 103 мың тоннаны құрайтын ет өңдеуші кәсіпорындарды салу бойынша 9 жоба іске асырылуда.
Министр атап өткендей, қазіргі уақытта республикада жалпы алаңы 35,1 мың гектар жерде 216,5 мың тонна алма өндіріледі. Бұл іспен 34 ірі компания, 195 орта, 1 370 шағын шаруашылық және жеке қосалқы шаруашылық айналысады. Өнеркәсіптік қарқынды бақтарда алманың түсімділігі гектарына 40-45 тоннаны, ал ұсақ және жеке қосалқы шаруашылықтарда гектарына 7-10 тоннаны құрайды. Сондықтан алма бақтарының алаңдарын ұлғайту бойынша басты назарды ірі және орта шаруашылықтарға аударып, ұсақ шаруашылықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру қажет.
«Алманы жалпы тұтыну көлемі 344,3 мың тоннаны құраса, оның импорты – 128 мың тонна. Ішкі нарықты аталған өніммен молайту үшін 6,6 мың гектар жерге жаңа қарқынды бақтар отырғызу қажет», деген С.Омаров оларды бақ шаруашылығымен бұрыннан айналысатын Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарына, Шымкент қаласына шоғырландыруды ұсынды. Бұл өңірлерде қазірдің өзінде алаңы 5,5 мың гектар болатын жобалар пулы бар.
Соңғы 5 жылда қант қызылшасы егістіктерінің алаңы 9,8 есе, қант қызылшасының өнімділігі 1,3 есе, ал жалпы жиыны 20 еседен астам ұлғайды.
«Бұл фактілер отандық қант саласының даму әлеуеті мол екенін растайды. Енді қант қызылшасының егіс алаңын кемінде 2 есе ұлғайту қажет. 90-шы жылдары республиканың 13 өңірінде қант қызылшасы отырғызылғанын ескере отырып, бұл жұмысқа әрбір облыс қатысуы тиіс деп есептейміз», деді министр.
Қазіргі уақытта отандық өндіріс қантының тапшылығы 240 мың тоннаны немесе қажеттіліктің жартысынан көбін құрайды. Қант қызылшасы егістерін ұлғайту, заманауи агротехнологияларды, сапалы тұқымдарды пайдалану және техникалық қайта жарақтандыру есебінен оның өнімділігі мен сапасын арттыру арқылы ішкі нарықты молайту болжанып отыр. Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған 4 қант зауытын жаңғырту, сондай-ақ Жамбыл және Павлодар облыстарында жаңа қант зауыттарын салу жобаларын іске асыру қосымша 180 мың тонна қант өндіру арқылы тапшылықты қысқартуға және қамтамасыз ету бойынша 80%-ға шығуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде инвестициялық субсидиялау, өңдеуге тапсырылған қант қызылшасының әр тоннасын субсидиялау түріндегі саланы қолдау шаралары қабылданды.
«Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын ұлғайту және ішкі нарықты молайту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы бес жылда трансұлттық компаниялар қатысатын жобаларды қоса алғанда, 380 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Олардың айналасында агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттары бойынша 7 экожүйе қалыптастырылатын болады. Салаға 5 трлн теңгеге жуық инвестиция тарту жоспарланып отыр», деп түйіндеді сөзін С.Омаров.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин ауыл шаруашылығының барлық қызметкерлеріне пандемия жағдайында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізгені үшін алғыс білдірді, бұл өткен жылғыдан жоғары өнім жинауға мүмкіндік берді.
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) болжамдары бойынша Қазақстан АҚШ, Аустралия, Бразилия және Аргентина елдерімен қатар әлемдік азық-түлік хабтарының біріне айналу үшін үлкен әлеуетке ие. Мемлекет тарапынан АӨК-ті қолдаудың барлық қажетті шаралары көрсетіледі, субсидиялар беріледі (16 бағыт бойынша субсидиялардың 47 түрі), жеңілдікпен несие беру және салық преференциялары көзделген. 2020 жылдың 8 айында қабылданған шаралардың нәтижесінде азық-түлік өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,4%-ға, 54,7 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
Құрылатын Ұлттық тауар өткізу жүйесі ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау жағдайларын жақсартуға, оның өндірісі мен маусымаралық кезеңде нарықтағы көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ экспортты едәуір арттыруға жол ашады. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған Нарықты отандық азық-түлік тауарларымен молықтыру жөніндегі 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 5 трлн-нан астам теңге инвестиция тарта отырып, 380 инвестициялық жоба іске асырылатын болады, бұл азық-түлік тауарларының маңызды түрлері – ет, балық, жемістер мен көкөністер, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдері бойынша 7 экожүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен молықтыру – Үкіметтің стратегиялық міндеті» деген А.Мамин, Ауыл шаруашылығы министрлігіне бір ай ішінде Нарықты отандық азық-түлік тауарларымен молықтыру жөніндегі кешенді жоспарды қабылдауды тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Экология, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен бірлесіп, ішкі нарықта жетіспейтін өнімдер өндірісін мемлекеттік қолдау және ынталандыру шараларын кеңейту мәселелерін пысықтау, бұл ретте балық шаруашылығы саласын дамыту жоспарларын ескеру тапсырылды. Өңірлердің әкімдеріне АӨК-те жоспарланған жобалардың іске асырылуын жеке бақылауға алу және қажетті инженерлік инфрақұрылымдарды жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ инвесторлармен шикізаттан бастап экспортқа дейінгі бүкіл тізбек бойынша барлық мәселені пысықтау міндеттелді. Сондай-ақ Премьер-Министр қажетті логистиканы қамтамасыз ету және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарда өткізуді ілгерілету жөніндегі шараларды қабылдауды тапсырды.
Фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту
Сондай-ақ Үкімет отырысында Фармацевтика өнеркәсібін дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, Денсаулық сақтау министрі А.Цой, «Химфарм» АҚ директоры А.Исенова, «Dolce-pharm» ЖШС коммерциялық директоры Б.Демеуова, Қазақстанның фармацевтикалық және медициналық өнімдерді өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Г.Манақпаеваның баяндамалары тыңдалды.
2020 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша еліміздің фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 34,1%-ға немесе 81,5 млрд теңгеге дейін, инвестициялар 5,2%-ға немесе 4,1 млрд теңгеге дейін өсті. Белгілі компаниялардың қатысуымен 41 жоба іске асырылды, олардың ішіндегі ең ірілері – антибиотиктер, алколоидтер, антисептиктер («Химфарм» АҚ, «Нобел АФФ» АҚ, «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС), сондай-ақ жеке қорғаныш құралдары мен хирургиялық мақта («Kelun Kazpharma» ЖШС, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС, «Dolce» ЖШС) өндірісі бойынша жобалар.
5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алудағы отандық өндірушілердің үлесі 30%-ға дейін артты және тұрақты түрде өсу үстінде (5 мыңнан астам атау бойынша 88 шарт жасалды).
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша елдің дәрілік қауіпсіздігі меншікті фармацевтика өндірісі болған жағдайда кемінде 30% қамтамасыз етіледі, ал Қазақстан 2025 жылға қарай өз өндірісінің үлесін заттай мәнде 50%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр. Осылайша, Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес 77,8 млрд теңгеге 30-дан астам жаңа ірі фармацевтикалық өндіріс іске қосылады, бұл дәрі-дәрмек өндірісінің көлемін 2,5 есеге (92-ден 230 млрд теңгеге дейін), экспортты 3 есеге (25-тен 75 млрд теңгеге дейін) ұлғайтуға, 2 мыңнан астам жоғары білікті мамандарды даярлауға және оларға арнап тұрақты жұмыс орындарын құруға жол ашады.
Үкімет басшысы отандық фармацевтика өндірісі үшін, әсіресе клиникалық және клиникаға дейінгі сынақтарды ынталандыру тұрғысынан мемлекеттік қолдау шараларын ауқымды түрде кеңейтуді тапсырды. Индустрия, Денсаулық сақтау және Сыртқы істер министрліктеріне дәрілер өндірісін елімізде жергіліктендіруге Big Pharma – Top-50 тізімінен әлемдік фармацевтика өндірушілерді таргеттеу бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды. Денсаулық сақтау министрлігіне ұзақмерзімді келісімшарттарды іске асыру тетіктерін кеңейту, елдегі дәрілік заттардың қажеттілігін нақты жоспарлау мен айқындауды қамтамасыз ету, медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектерге сынақтар жүргізетін зертханалардың материалдық-техникалық базасын күшейту, кешенді жоспарды іске асыруды ескере отырып, фармацевтика саласы үшін білікті кадрлар даярлау жөнінде шаралар қабылдау міндеті жүктелді. Облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне жергілікті жерлерде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде жергілікті қамту бойынша нысаналы индикаторларды (KPI) бекіту міндеттелді. «Фармацевтика өнеркәсібі – экономиканың өте маңызды секторы және халықтың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің негізі», деп түйіндеді сөзін А.Мамин.