«Ет дегенде бет бар ма?» деп жеңін түре кірісетін қазекемнің балыққа келгенде тәбеті онша тартпайды екен. Яғни еліміздің жан басына шаққанда балықты аз тұтынатыны мәлім болып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 килодан кем емес балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бір адамға 4 килодан келеді. Ал көршілес Ресейде адам басына – 23 кило, Қытайда 45 кило балық тұтынылады. Демек, балықты аз тұтынғанымызбен, экспорттық әлеуетін пайдалану мүмкіндігіміз мол. Ал оның денсаулыққа пайдасы жеке тақырыпқа жүк болар әңгіме.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл тамыз айында қолда бар мүмкіндіктерді дамыту қажеттігін атап өтіп, қараша айына дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, бекітуді жүктеген болатын. Сондай-ақ Президент Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өтіп, оның ішінде балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырды.
Балық саласы – ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі. Ресми деректерге жүгінсек, 5 жыл ішінде отандық балық өндірісі 2016 жылғы 1800 тоннадан биыл жоспарланған 10 мың тоннаға дейін 5 еседен астам өскен. Тек соңғы 8 айда ауланған және өндірілген балық көлемі 26,3 мыңнан 31,3 мың тоннаға дейін ұлғайды. Балық өндірісінің көлемі 27%-ға – 7,9 мың тоннаға дейін, балық аулау 16,4%-ға – 23,4 мың тоннаға дейін өскен. Ішкі нарыққа балық өнімдерін жеткізу көлемі 8,7 мыңнан 10,5 мың тоннаға дейін артып отыр. Еліміз мұхит балығы мен теңіз өнімдерін импорттайды. Яғни майшабақ, скумбрия, асшаян, мидия және басқалары Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдерінен келеді.
Өз кезегінде, Қазақстан жыл сайын шамамен 60 млн доллар сомасына 36 жақын және алыс шетелге 30 мың тоннаға жуық балық өнімдерін экспорттайды екен. Елімізде мыңнан астам балық шаруашылығы субъектілерінде 11 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оларға 1 646 балық шаруашылығы су айдыны мен учаскелері бекітілген. Өткен жылы 45 мың тонна балық ауланған. Кейінгі 7 жылда елімізде өсірілген балық көлемі 9 есе, яғни 800 тоннадан 7,4 мың тоннаға дейін өскен. Балық өсірумен айналысатын 180 шаруашылықта 1 126 адам жұмыс істейді. Сала мамандары балық өсіру шаруашылықтары бұдан да көп болуы керектігін айтуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған жан басына шаққанда 16 кило балық тұтыну нормасына қол жеткізу үшін шамамен 300 мың тонна балық өсіру қажет екен.
Түркістан облысы – көшбасшы
Балықты жасанды өсіру бойынша 5 мың тонна (68,7%) өндіретін Түркістан облысы елімізде көшбасшы болып саналады. Ал Алматы облысында шамамен 1000 тонна (12,8%), Солтүстік Қазақстан облысында 380 тонна және Шығыс Қазақстан облысында 300 тонна балық өсіріледі. Түркістан облысында тауарлы балық (акваөсіру) өсіруге жарамды 134 көл бар, жалпы алаңы – 25 475 гектар. Оның ішінде 23 жергілікті маңызы бар су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға берілген, қосымша 21 су айдыны конкурсқа қойылған. Бүгінгі таңда, өңірде балық шаруашылығымен 68 кәсіпорын айналысады, жылдық қуаттылығы 8 мың тоннадан астам. Оның ішінде ірі 3 кәсіпорын – Шардара ауданындағы жылдық қуаттылығы 5 мың тонна «Хамит» АӨК, Сайрам ауданында «Көмеш балық» ЖШС (жылдық қуаттылығы 900 т), Түлкібас ауданында FIRST FISH COMPANY ЖШС (жылдық қуаттылығы 800 тн) жұмыс істейді. Өңірде балық өнімінің экспорты да арта түсуде. Мысалы, өткен жылы 3 156 тонна балық өнімдері Әзербайжан, Грузия, Израйль, Ресей, Кытай, Өзбекстан елдеріне экспортталса, биылдың 8 айында 1 690 тонна өнім шетелге жөнелтілді. Бұл саланы дамытуға мемлекет тарапынан, жергілікті бюджеттен көрсетіліп келе жатқан қолдаулар да аз емес. Балық шаруашылығына пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30%-ын субсидиялау бюджеттік бағдарламасы осы саланың дамуына оң ықпалын тигізуде. Өткен жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 331,7 млн теңге қаржы есебінен 2 858 тонна азық субсидияланып, 1 229 тонна балық өндірілce, биыл 350 млн теңге қаржы бөлініп 5 739 тонна азық субсидияланған. Биылғы 8 айда 1 511 тонна балық өндірілді, тиісінше салық түсімі 45,2 млн теңге болып, өткен жылдан 3 есеге артқан. Дегенмен...
Шикізат жетіспейді
Балық шаруашылығымен айналысатындар саланың дамуына ықпал ететін бірқатар мәселенің шешімін таппай отырғанын айтуда. Шардара ауданында балық шаруашылығының дамуына су қоймасы және Сырдария өзені септігін тигізіп отырғаны анық. Қазіргі таңда ауданда 5 балық өңдеу зауыты және балық өсірумен айналысатын 3 кәсіпорын тіркелген. Кәсіпорындарда жалпы 330-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы, осы салаға кейінгі 3 жыл көлемінде 1 млрд теңгеден астам инвестиция тартылыпты. Аудан әкімінің орынбасары Ағатай Тәженов келтірген деректерге жүгінсек, кәсіпорындарға мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер бөлінуде, атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 127 млн теңгеге 2 балық өңдеу кәсіпорнына инфрақұрылым жүргізілген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктерден 200 млн теңгеден астам қаржыға және «Оңтүстік» АИО ЖШС арқылы 40 млн теңге несие беріп, балық шаруашылығын дамытуға, балық өсіру тоғандарын салуға 50 гектардан астам жер учаскелері бөлінуде. «Балық шаруашылығының дамуына зиянын тигізуші факторлардың бірі – браконьерлік. Заңсыз аулауды болдырмау мақсатында тиісті шаралар нәтижесінде жыл басынан бері 23 браконьерге хаттама толтырылып, 1,7 млн теңгеге айыппұл салынды. Балықты сырттан әкелу көлемін азайту, браконьерлікті жою үшін қолдан өсіру көлемін көбейту қажет. Бүгінгі таңға балықты қолдан өсірудің жыл сайынғы көлемі шамамен 200 тонна болады. Қазіргі таңға Шардара су қоймасы, Қоссейіт, Ұзын ата ауылдық округі балықты қолдан өсіруде. Алайда, бұл көрсеткіш көлемі өте аз, яғни алдағы уақытта балық өсіру көлемін көбейтуге барынша мүмкіндік жасау қажет», дейді А.Тәженов.
Ауданда балық шаруашылығы бағытындағы ірі кәсіпорын саналатын «Хамит» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі бірқатар жобаны іске асыруда. Атап айтқанда, балықты терең өңдеу, торлы шарбақта және тоғандарда өсіру қолға алынған. Кәсіпорын ауданның шаруаларымен бірлесе отырып, алдағы 5 жылда балықты өсіру көлемін 150 тоннадан 10 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлауда. Бұл бағыт бойынша да ауқымды нақты іс-шаралар белгіленіп, мақсаттар қойылған. Өндірістік кооператив 2006 жылы балық және балық өнімдерін өңдеуді ұйымдастыру мақсатында, Шардара су қоймасының табиғат пайдаланушы үш мекеменің, атап айтқанда Vita ЖШС, «Нұралы» ЖШС, «Серманизов» жеке кәсіпкерлігінің бірігуі нәтижесінде құрылған. Қазіргі уақытта кооперативте 250 адам жұмыс істейді, орташа жалақы мөлшері 150 мың теңге. Кооперативтің басқарма төрағасы Б.Серманизов бүгінде зауыттың өндірістік қуаты жылына 6 мың тонна шикізатты өңдеуге мүмкіндік беретінін айтады. Кәсіпорын өндіретін барлық өнімдер, яғни тірі балық, мұздатылған, кептірілген, ысталған балық өнімдері және балық ұны ішкі нарықта жоғары сұранысқа ие, сондай-ақ өнімнің 75%-ы Еуроодақ елдеріне, Ресей, Украина, Израиль, АҚШ, Қытайға экспортталады. Өткен жылы 1300 тонна балық өнімі шетелге жөнелтілген. Жыл сайын кәсіпорын 130 млн теңгеге жуық салық төлейді. Өңдеуге Шардара су қоймасынан алынған шикізат пайдаланылады, бұдан басқа қазақстандық балық шаруашылығы ұйымдарынан (Каспий, Арал, Зайсан) сатып алынады, сондай-ақ Ресей аумағынан әкелінеді. Дегенмен толық қуатында жұмыс істеуге шикізат жетіспейді.
«Осыған байланысты, зауытты қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін 2015 жылдан бастап балық өсірумен айналысып келеміз. Компания инкубациялық цехта дернәсілдерін алудан бастап, тауарлы балық өсіруге дейінгі толық циклды жүзеге асырады. 2015 жылы Түркиядан 60 мың доллар сомасына торлар сатып алдық және Шардара су қоймасында балықты шарбақпен өсіру бойынша жоба іске қосылды», дейді Б.Серманизов.
Қазіргі уақытта торлардың өндірістік қуаты жылына – 350 тонна, онда тұқы, бекіре және Африка жайыны өсіріледі. Былтыр осы торларда 150 тонна тауарлы балық өсіріліп, Алматы және Шымкент қалаларында сатылған. Биыл наурыз айында Қызылқұм каналының бойындағы жобалық қуаттылығы 24 млн дана дернәсіл мен 2 млн дана шабақты құрайтын тоған шаруашылығы іске қосылған. Сондай-ақ су қоймасын одан әрі балықтандыру мақсатында торта, қылышбалық, шнайка, табан және көксерке сияқты кәсіпшілік түрлерінің жасанды өсімін молайту жоспарлануда. Бұдан басқа, жобалық қуаты жылына 200 тонна болатын торларда және тоғанда «тиляпия» мен африкалық жайынды өсіру бойынша жоба әзірленуде. Кәсіпорында алғашқы кездері маман жетіспеушілігі болған. Ресейлік, украиналық мамандарды жұмысқа шақыруға мәжбүр болған кәсіпорын бұл мәселені жергілікті жерде шешу жолын тауыпты. Яғни Шардара қаласында орналасқан №16 колледжді сенімгерлік басқаруға алады. Колледжді жыл сайын балық өсіруші, қайта өңдеуші және балықшы мамандықтары бойынша 50-70 түлек бітіріп шығады. Кәсіпорын студенттер үшін практикалық-өндірістік база саналады.
Шардара ауданында ұзаққа созылатын вегетациялық кезеңді ескере отырып, тауарлы балық өсіру көлемін 10 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Мамандар Шардара су қоймасында 5 мың тонна, сондай-ақ Қызылқұм каналы бойындағы тұзды топырақтағы жасанды тоғандарда, күріш алқаптары және басқа көлдерде 5 мың тонна балық өсіруге болатынын айтуда. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін «Хамит» АӨК фермерлерді, жергілікті тұрғындарды акваөсірудің қыр-сырына жаппай тарту және оқыту, жергілікті балық өсіру шаруашылықтарын қажетті материалдарымен және азықпен қамтамасыз ету, тауарлы балықты сатуды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Өңірде балық шаруашылығымен айналысатын ірі шаруашылықтардың бірі – Келес ауданындағы «Көшім» шаруа қожалығының жылына 400 тонна өнім алу қуаттылығы бар. Аз уақыт ішінде бұл істі барынша меңгеріп, кәсібін дөңгелеткен қожалықтың жетістігіне көрші облыс өкілдері қызығушылық танытып отыр.
Су айдындары құм мен қоқысқа толып, саязданған
Жуырда Шардарада өткен балық шаруашылығын дамыту және жетілдіруге арналған алқалы жиында сала мамандары мен кәсіпкерлер бірқатар ұсыныс пен оны шешу жолдарын ортаға салды. Мамандар агроқұрылымдардың балық сатудан түскен жалпы табысы – балық шабағы мен азық сатып алған шығынын жаппайтынын жеткізді. Бұл орайда олар азықпен қатар, шабақ сатып алуға жұмсалатын шығындарды ішінара субсидиялау қажет деп есептейді. Екінші мәселе өңірдегі су айдындарының өндіріс көлемі төмен, яғни су айдындарының түбі құм мен қоқысқа толып, саяздаған. Сондықтан тоған шаруашылықтарын тазалау қажеттілігі туындауда және мемлекеттік деңгейде бақылауға алу керек. Яғни балық шаруашылығы мелиорациясын тұрақты жүргізу мақсатында су түбін, тереңдету техникасын сатып алу мәселесін қарастыру, бұл бағытта балық өсіру зауыттары мен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясын материалдық-техникалық жарақтармен қамтамасыз ету ұсынылды. Сондай-ақ африкалық жайынның өңір климатына бейім, өсімі жылдам, өнімділігі жоғары болғандықтан шаруалар қызығушылық танытуда. Бұл орайда балықшылар акваөсіру өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидасына африкалық жайынды да қосу жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынып отыр. Жиында балық өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары толық қуатпен жұмыс істеу үшін шикізат тапшы екені де айтылды. Яғни мамандар зәкірлік кооперация жүйесі арқылы шағын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін біріктіру қажет деп санайды. Зәкірлік кооперация жасанды тоған салу, шағын шаруашылықтарды жеммен қамтамасыз ету, тауарлық өнімдерді сату, тағы да басқа іс-шараларды ұйымдастырып, балық шаруашылығының жаңа қарқында дамуына жол ашатын болады.
Әкімдіктер балық өсіруді басым бағытқа санамайды
Айта кетелік, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Салық, Су, Жер кодекстеріне, сондай-ақ «Жануарлар әлемін қорғау, өсіру және пайдалану», «Архитектура, қала құрылысы және құрылыс жұмыстары туралы» заңдарға өзгерістер дайындап, оны тиісті заңнамаға енгізді. Түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, күзде Парламентке жолданбақ. Сондай-ақ министрлік «Акваөсіру туралы» заңды дайындап қажет деп санайды. Балық өсіруді дамытуға мемлекеттік қолдау шаралары жеткіліксіз. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шаралары балық питомниктері мен көл-тауарлы балық өсіру шаруашылықтарына арналған жем, техника мен жабдықтарға арналған. Алайда көбінесе әкімдіктер балық өсіруді субсидиялау үшін қаражатты қалдық қағидат бойынша ғана бөліп отыр, балық өсіруді басым бағытқа санамайды. «Жүргізілген талдауға сәйкес, 2019 жылдың қорытындысы бойынша балық азығына 407 млн теңге субсидия бөлінді. Субсидиялаудың жалпы көлемінің 81,5%-ы Түркістан облысына тиесілі. Бұл аймақ балық өндіру бойынша көшбасшы болып тұр. Басқаша айтқанда, бұл балық саласын дамытудың бөлінетін субсидиялау көлеміне тікелей тәуелді екенін білдіреді. Осыған орай, балық өсіруді субсидиялау үшін өңірлерге трансферт көлемін ұлғайтуды сұраймыз», деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында. Осыған байланысты, министрлік қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын қосымша субсидиялаумен кеңейту мәселесін пысықтаған. Субсидиялаудың жаңа түрлерін енгізу бойынша министрлік ұсыныстары Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктерінен қолдау тапты.
Еліміздегі су ресурстарын ескере отырып, өсірілген балық көлемін 600 мың тоннаға дейін арттыруға, экспорт көлемін 10 есе ұлғайтуға, шамамен 500 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартуға балық шаруашылығының әлеуеті жеткілікті. Министрлік есебі бойынша, бюджетке салық түсімдері жылына 28 млрд теңгеге жуықтайтын болады. Бұдан басқа, балық шаруашылығын дамыту шамамен 10 мың қосымша жұмыс орнын құруға және халықтың табысын арттыруға ықпал етеді. Премьер-министр Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары аясында өткізген еліміздің балық саласын дамыту жөніндегі семинар-кеңесте балық өнімдері өндірісін ынталандыру үшін балық өсіру шаруашылықтарына инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу (25%), балық азығына жұмсалған шығындардың құнын өтеу (30%) және басқа да шаралар енгізілгені айтылды. «Әзірленіп жатқан балық саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес Қазақстанда өндіріс әлеуеті жылына 600 мың тоннаны құрайды. Біздің бағалауымыз бойынша, экспорттың әлеуетті көлемі жыл сайын 300 мың тоннадан асады. Біз осы мүмкіндіктерді жеткілікті іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тиіспіз», деді А.Мамин. Сондай-ақ Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне Экология, геология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктерімен бірлесіп, балық шаруашылығындағы кооперацияны ынталандыру шараларын қарастыруды тапсырды. Әкімдіктерге қалалар мен басқа да елді мекендерде балық және балық өнімдерін сататын сауда нүктелерін қою мәселесін пысықтау тапсырылды.
Түркістан облысы