• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қазан, 2020

«Жұртты жауратпаймыз» деп отыр

132 рет
көрсетілді

Түркістан облысының таулы аудандарында сары күздің салқыны айқын сезіледі. Ауыл тұрғындары тау басына екі рет қар жауғанын, үшіншісінде етегіндегі елді мекендерге жететінін айтуда. Ал өңірдің өзге аудандарында қыстың ызғары сезіле қойған жоқ, күн жылы. Дегенмен қысқа дайындық қызу. Жалпы, облыс бойынша 2 623 бюджеттік мекеме жылу маусымына толық дайындалып, қажетті 167,4 мың тонна көмір және 5 420,6 мың литр сұйық отынмен қамтылған.

 

Ал орталықтандырылған жы­лумен қамтамасыз ететін мекемелерде жалпы 38 қазандық болса, бүгінде оның 32-сі қысқы маусымға толық дайын. Ал қалған 6 қазандықтың күрделі жөндеу жұмыстары 15 қазанда аяқталады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Әбілхан Әбдіқадыровтың айтуынша, өңірдегі 1 475 көп­қабат­ты тұрғын үй жылу беру мау­сымына дайын. Яғни облыс­тағы бюджеттік мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлер қыс­қы жылу беру маусымына сақадай сай. Сонымен қатар тұр­ғындарға қажетті қатты отыннан да тапшылық жоқ. Қа­зір облыс аумағындағы темір жол тұйықтарында Шұбаркөл кө­мірінің 1 тоннасы орта есеппен 14 мың теңгеден босатылуда. Басқарма өкілі берген мәліметке сүйенсек, өңірдің жалпы қатты отынға деген сұранысы 1 млн тоннадан асып жығылады. Бүгінге дейін сол сұраныстың 60 пайызы тасымалданған. Оның 167 мың тоннасы бюджеттік мекемелерге жеткізілген. Тұрғындардың көмірге қажеттілігі 732,2 мың тонна болса, тасымалданғаны – 415 мың тонна. Яғни 56,6 па­йызды құрап отыр. Темір жол қоймаларында 1 тонна көмір 11 500 ден 16 500 теңге аралығында сатылуда. Ал мазут отыны бо­йынша қажеттілік көлемі – 9,6 мың тонна. Бүгінде 15 қазаннан бастап тасымалдау жөнінде мекемелермен тиісті келісімшарт жасалған.

«Жалпы, облыс бойынша 1 475 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 586-сы орта­лықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Барлық үйлер 100 пайыз қысқы маусымға дайын. Облыстың жылу беру дайындығына апта сайын және тұрғындарды көмір отынымен қамтамасыз ету бо­йынша күн сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде», дейді Әбілхан Әскерұлы.

Қысқы маусымда қауіпсіздік шараларын сақтау да маңызды. Бұл орайда Шардара ауданы өрт сөндіру бекетінің маманда­ры мен белсенді жастар аудан тұрғындарымен кез­­десіп, түсін­діру жұмыстарын жүр­гізуде. Бас­ты мақсат – қатты және сұйық отын­дарды пайдалану кезінде улану факторларын болдырмау. Аудан халқының 90 пайызы қыста қатты отынды пайдаланады. Сол себепті қатты отыннан улану жағдайы туындауы мүм­кін. Шардара ауданы Төтен­ше жағдайлар бөлімінің басшысы Қанат Сартпаевтың айтуынша, был­тырғы жылыту маусымы ке­зеңін­де ауданда көмірқышқыл газынан улану фактісі тіркелмеген. Осы тұрақтылықты сақтап қалу үшін сала мамандары күнделікті тү­сін­дірме жұмыстарын жүргізіп келеді.

Ал Кентау қаласындағы қа­зан­­дықта қысқа дайындық жұ­мыс­­тарының 60 пайызы орын­далған. Қалған жұмыстар 20 қазанға дейін толығымен аяқ­талады. Осы шаруаларды атқару үшін облыстық бюджеттен тиіс­ті қаржы бөлінген. Қаланың қыс­қы маусымға дайын­дық мәсе­лелері облыс әкімі Өмірзақ Шө­кеевтің тікелей бақылауында. Тұр­ғындарды жылумен қамтитын «Кентау сервис» мекемесіне 14 534 абонент қосылған. Бүгінгі таңда мекемеде 62 тонна сұйық отын әзірленген болса, 27 мың тоннаға жуық қатты отын Кен­тауға келісімшарт негізінде Екі­бастұздан жеткізіледі.

 

Түркістан облысы