Жаңаөзен, ондағы мұнай компаниясының өндірістік қарқыны мен қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Апатты тұрғын үйлер мен одан шығарылғандардың жанайқайы да талай қаламның ұшына, талай желінің нысанасына ілікті. Мұнайлы қала туралы түрлі тақырыпта айтылғанмен көбіне тасада қалып, бірақ өзіндік жұмысын ырғақты қалпынан жаңылдырмай жүргізіп келе жатқан сала – қаланың мәдениет саласы.
– Жаңаөзен қаласында мәдениет пен өнердің өрге басуы, мәдениет туындыларына қолжетімділікті қамтамасыз ету, жастардың шығармашылық қабілетін арттырып, өнерге баулу, өнердің озық үлгілерін насихаттау бағытындағы мәдени ұйымдардың саны 10 бірлікті құрайды. 2020 жылы қала және іргелес елді мекендер тұрғындары үшін дәстүрлі және атаулы мерекелерге арналған 366 мәдени-көпшілік шара жоспарланып, 278-і жоспарлы түрде өтті, оның ішінде 211 іс-шара онлайн түрінде ұйымдастырылды.
2019 жылы 5 үйірме қосылып, оның 4-і тегін үйірме ретінде ашылды. «Ұзақбай жырау Қазжанұлы» мәдениет үйінде қолөнер, тігін, көркем сөз және жыр – терме үйірмелері, «Атамұра» мәдениет үйінде би үйірмесі іске қосылды, – дейді Жаңаөзен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ұлбазар Орынбаева.
Жаңаөзендік өнерпаздар өз бақтарын айтулы додаларда сынаудан сескенбейді. Бұған дейін талай дүбірлі додаларда жүлде салған өнерпаздар төтенше жағдайға қарамастан бұл жетістіктерін жалғастырып келеді.
– Біз жас өрендерге жағдай жасап, қабілетін ұштап, талантын баптауға тұрақты назар аударып келеміз. Жаңаөзендік өнерпаз өрендердің ірі байқауларда топ жарып, жүлдегер болуы – жасалған қолдау-қамқорлықтың нәтижесі. Мысалы тамыз айында «Алаш өнер орталығы» бастамасымен ұйымдастырылған халықаралық «ALASH STAR» байқауында, «Summer Music and Dance Fest» халықаралық байқауында, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Talantty jastar» халықаралық өнер және білім байқауында, республикалық «Дара бала» журналының ұйымдастыруымен «Тілдер күніне» орай өткізілген байқауда, өзге де ірі сайыстарда Жаңаөзен өрендері жерлестерін де, ұстаздарын да жерге қаратқан жоқ. Бұл жақсы дәстүр жалғасын табарына сенімдіміз, – дейді бөлім басшысы.
Мұнайлы қаладағы орталық кітапхана – кітапқұмарлардың сүйікті орны. «РАБИС» республикалық автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйе бағдарламасына енгізілген кітапханада қазақша кітаптар қоры мол.
Жаңаөзен қаласындағы бірегей мәдени және рухани ошақ – «Мұнайшы» мәдениет үйі 1980 жылы қолданысқа берілген болатын. 2001-2002 жылғы реконструкциядан өткен мәдениет үйіне қазіргі кезде «ӨзенМұнайГаз» АҚ демеушілігімен «KazPetroCon» ЖШС жөндеу жұмыстарын жасауда. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары биыл күзде аяқталып, барлық құрал-жабдықтарымен тапсырылады деп күтілуде.
Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту қажеттілігіне байланысты Елбасы Н.Назарбаев «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Осы жоба аясында Жаңаөзен қаласындағы Рахат ауылында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Қазіргі таңда бірінші қабаты тұрғызылып, қабатаралық жабындысы салынып, екінші қабаттың тас қалау жұмыстары басталды. Жалпы көлемі 3 473 шаршы метрді құрайтын бұл мәдениет үйінде кітапхана мен 40 адамға арналған оқырман залы болады. Келесі жылы көктемде пайдалануға беру жоспарланған 300 орындық мәдениет үйі 43 мыңнан аса тұрғыны бар елді мекендегі алғашқы мәдени көпшілік нысан болмақ.
Сондай-ақ Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2019-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары негізінде Жаңаөзен қаласында 40 мың дана құжат сақтауға арналған «Мемлекеттік архивтің үлгі ғимаратын салу» құрылысы жалғасуда. Қазіргі таңда ғимараттың жылу үнемдеу қазандықтары орнатылып, төбесіне бетон жабындысы төселді. Сонымен қатар канализациялық су құбырлары мен нысанның ішкі бөлігіне тоқ жүргізілуде. Орындаушы мердігер «Оңдасын Строй» ЖШС биыл қазан айының соңына дейін құрылысты аяқтап, тұрғындар игілігіне беруді жоспарлап отыр.
Бөлім басшысының айтуынша, Жаңаөзен мәдениетіндегі жаңалықтар аз емес екен. Алдағы жылдарға арналған жобалар ішінде бірқатар мәдени ғимараттар салу жоспарлануда. 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жаңа «Оқушылар шығармашылық үйі», 200 кітап қоры сақталатын кітапхана құрылысын салу үшін ауданы 0,2 га жер учаскесі бөлініп, жалпы сметалық құны жасақталған. Сондай-ақ облыстық музей филиалы құрылысын салу үшін ауданы 0,39 га жер учаскесі бөлініп, жалпы сметалық құны жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Ғимараттардың құрылыстарын 2021 жылы бастау жоспарлануда.
Жаңаөзендегі мәдениет саласының жұмысында жаңару бары байқалды. Ал сала басшылығы мұны мәдениет бөлімі тарапынан жасалып жатқан жұмыстар легі қазіргі ахуалдың қиындығына қарамастан тоқтамайтындығымен, өйткені халықтың рухани дамуының өркендеуіне ешнәрсе кедергі болмауы қажеттігімен түсіндірді.
Маңғыстау облысы