• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қазан, 2020

Жерлестері Бауыржан ақынды еске алды

583 рет
көрсетілді

Орда бұзар отыз жасында опат болған Бауыржан Үсенов қазақ өлеңіндегі өрнегі бөлек шайырдың бірі.

Күрмеуге келмес қысқа ғұмырында ол соңына өшпес мұра қалдырды. Отыз жетінің ойранын, Алаш арыстарының қасіретін жырлаған "Қара машина" өлеңінің өзі ақынның адуын мінезін көрсеткен шығарма. Жарық дүниеден жалт етіп өте шыққан ақынның биыл туғанына алпыс жыл толып отыр. Осы орайда, Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында "Біздің сезім күзде өнген гүл сияқты…" атты ақынды еске алу кеші өтті. Басқосуға ақынның көзкөрген достары, отбасы мен оқырмандары қатысты.

Шараны ақынның курстас досы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық "Aq jol" газетінің бөлім редакторы Амангелді Әбіл сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Қаламгердің жастық шағы, студенттік кездегі таныстықтары туралы естеліктер айтты. Сондай-ақ, ақынның досы, "Салық тәртібі" газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай да Бауыржан Үсенов жайында жылы лебізін  білдірді. Әдеби кеш барысында ақынның жары Гауһар Тажкенова, ұлы Мұхамедсалық Үсенов, қарындасы Әлия Кебекбаева, інісі Біржан Үсеновтер де ақын туралы естеліктерімен бөлісті. Бұдан кейін ақынның курстасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қуаныш Иембердиев Бауыржан Үсеновтің алпыс жылдығы карантинге байланысты аталып өтпегенімен, оны алдағы уақытта да жоғары деңгейде атап өтуге болатынын жеткізді. Сонымен қатар, Әулиеата жерінде ақынның ескерткіші орнатылса деген ұсынысын айтты. "Баукеңнің досы, талантты бард ақын Табылды Досымовтың ескерткіші туған жерінде орнатылғанда бізде де Үсеновтің ескерткіші қасқайып тұрса деген ой туған еді. Енді демеушілердің, әдебиетсүйер азаматтардың қолдауымен болса да ақынның туған топырағында ескерткіші орнатылса жөн болар еді", деді ол.

Сондай-ақ, басқосу барысында облыстық "Aq jol" газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, облыстық "Jambyl" телеарнасының директоры Мейіржан Әлібекұлы, облыстық "ARAI" жастар газетінің бас редакторы Дәулет Төленді де ақын шығармашылығы туралы ойларын айтты. Ал, аталған шараға Польшадан арнайы келген ақынның ұлы Мұхамедсалық Үсенов әкесінің атақты "Қара машина" өлеңін оқып берсе, шараны тікелей онлайн түрде тамашалап отырған Жуалы аудандық кітапханасының оқырмандары Бауыржан Үсеновтің жырларын жатқа айтты. Сонымен қатар, белгілі ақындар Светқали Нұржан мен Бауыржан Жақыптың да естеліктері айтылды. Шара соңында Бауыржан Үсеновтің сөзіне жазылған және ақынның өзі шығарған әндері де орындалды.