Әнебір жылдары Қарағандының көрнекті бір тұсына соғыс жылдарында шахталарға түсіп, ауыр еңбекке жұмылған әйелдер мен қарттарға арналып ескерткіш орнату жөнінде мәселе көтерілгені есімізде. Тіпті бұл ұйғарым орындалатындай болып, орын да таңдалып, уақытша тас белгі қойылған еді. Майдан шебіне бармаса да қаһарлы ызғарын тылда сезініп, бастан кешірген ескі көз жұрт мұны жылы қабылдап, ұрпақ ұлағаттарлық ескерткіш болуын күткен-ді. Алайда тұрғызылуы созыла берді. Ақырында мүлдем ұмытылып кетті. Қазір оған айналып соғып жатқан ешкім жоқ.
Несін айтарсыз, жап-жақсы ниет болатын. Елдікті, ерлікті паш ете беру, қастерлеу көптік етпесе керек. Алыстағы айқасқа аттанған бауырлары, балалары үшін шахталарға қайта оралған қарттар мен әкелерінің, ағаларының, інілерінің, күйеулерінің орнын жоқтатпай бес жыл бойында екінің бірі төзгісіз жұмыстың мехнатын мойымай көтерген қыз-келіншектер берік қайраты қайран қалдыра, сүйсінте түсерлік құбылыс. Бұлар кімдер? Бүгінгі қарағандылықтар оларды біле ме екен!
Ерлер орнын әйелдер басып...
Біздің қолымыздағы дерек бойынша ел басына күн туған шақта шахталарда еңбек етуге 12 мың әйел тілек білдіріпті. Ал осылардың ішінде 1050 нәзік жан жұмыстың сол кездегі негізгі құралы қайламен көмір қабатын шабушылар болған.Ол уақытта кеншілер арасында қайлашы үлкен атақ саналғаны белгілі. Көбіне қара күшке мығым жігіттер іріктеліп алынған. Ауасы тар, айнала қалың тозаң, жарық көмескі бірнеше жүз метр тереңдіктегі тар қапаста он-онекі сағат жантая жатып, құлаштай қайла сілтеуге алғаш бел буушылардың бірі Жәкен Мұқанова болды. Өзі ғана қайла ұстап қоймай, соғыс басталған күннің ертеңінде үй шаруасындағы құрбы-замандастарын соған шақырды. “Бүгіннен бастап ер азаматтарымыз майданға аттанып жатыр. Біразы шахтерлер. Олардың орнын басып, көмір өндіруді тоқтатпауымыз керек. Бұл ауыр салмақ бізге түскелі тұр. Соны мойынға жүктелік. Жауға жауабымыз осы болсын” деп 1941 жылдың 23 маусымында қалалық жиынға қатысқан әйелдер қауымына тастаған үндеуін Күләй Құлжанова, Мәния Жұмаділова, Галина Ананьева, Мәрия Кәрімова, Пияз Мәненова, Паша Ворониналар қызу қолдаған сәтіне куәгер Социалистік Еңбек Ері, марқұм кенші Жәкен Рүстемов жанарына жас елжірей еске алып отыратын.
№3 шахтаға көмір қазушы болып қабылданған кезінде ол жасы қырыққа таяп қалған, бала-шағалы әйел болатын. Жолдасының жасақтала бастаған жауынгерлер алғашқы сапында майданға аттанарын естіген бетте орнын басуды шешеді. Күндік тапсырманы екі есеге дейін асыра орындап, тағдырлас әріптестеріне ерен еңбектің үлгісін көрсетумен танылған жан екенін облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы дәйектер айғақтайды. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталуы соның жарқын дәлелі. Толарсақтан саз кешкен жанқиярлық жұмыс қанша айтқанмен әйел адамға оңайға соққан ба, жеңістен кейінгі жылда қырықтың ортасында дүниеден өтеді.
Қиын-қыстау кезеңде өз еркімен еншілеген міндетті Жәкен Мұқановадай абыроймен атқарған Күләй Құлжанова есімі де соғыс жылдарындағы қарағандылық әйелдер қаһармандығын ерекше естіртеді. Екеуінің ерен еңбектерін 1941 жылы 1 желтоқсанда Совинформның хабарлауы әлбетте, жайдан-жай еместігі талассыз.
Күләй әже еңбек жолының бір елеулісі, көмір өндірісімен тығыз байланысты. Ашаршылық нәубетінде Семей жақтан Сібірге жан сауғаланып, қосағымен бірге Кузбасс шахталары бірінде жұмыс істейді. Соғыс өрті бұрқ етер алдында шахтерлер отбасы Қарағандыға қоныс аударады. Бойжеткен кезінен кеншіліктің қыр-сырына қанығып өскен, сол сын шақта 30-ға да толмаған жас келіншек Жәкен апасындай иығына қайла арқалап, ұзақ күнге көмір қабатын шабуға қосылады. Басқыншылардан босатылған Донбасс шахтасына барып, онда да қайла жарқылдатады. Жергілікті шахтерлердің қазақ әйелінің қайраты мен қайсарлығына қайран қалып, сүйсініс білдірген лебіздері қарағандылықтарды мақтанышқа бөлейді.
1945 жылдың 24 мамырына дейін қолынан болат қайласы түспеген Күләй елге майданнан аман-есен қайтқан ерлер бұрынғы істерін қайта жалғастырып әкеткен соң ғана көтеру машинисі жеңілдеу жұмысына ауысады.
Тағдыр талқысымен шахтер атанған осы екі әпкесіне қарағанда едәуір жастау Бибіжамал Омарова 15-тегі көкөрім жасынан көмір өндірісуге қосылып, содан 60-тан асқанша қол үзбеген жан. Елестетіп көріңізші, отын артылған ауыр тәшкені нәзік белі қайысып, нәзік қолы үлдіреп итеріп бара жатқан қызды. Отты жылдарда оған тиген іс осындай еді. Кейіндегі міндеті де оңай болмады. Кен қалдығын жинаушы, моторист болды. Бибіжамал әжеміздің кенші қазақ әйелдері арасынан тұңғыш Соцалистік Еңбек Ері атануы төзімділік пен қайсарлыққа көрсетілген құрмет.
Міне, қысылшаң шақта тылдың ең маңызды буыны барша ауыртпалығын арқалаған, майдан жеңісін бейбіт еңбекпен жақындатқан қарағандылық әйелдер бір шоғыры осындай.
Жетпісінде шахтаға оралған қарт
Батыстан қара бұлт үйірілгенде Бекбосын Сиқымбаев ақсақалдың 71-ден асқан жасы бар-тын. Құрметті демалысқа шыққанына да біраз уақыт болған-ды. Суыт хабар құлаққа шалынғанда өзі еңбек еткен №31 шахтаға бірден жетіп келгенде үзеңгілес әріптесі Сәкен Шомановтың аузынан кезінде жазып алғанымыз бойынша “Мені жұмысқа қабылдаңдар” деп салған жерден айтқанда кәсіпорын басшылары әуелде аң-таң қалыпты. Қарт мұндай шақта үйде тыншып қалай отырамын, әскерге шақырылған балаларым бірі орнына шахтаға қайта түсемін деген шешімін түсіндіргенде барып құшақтарына қысқан екен.
Бекбосын аталарының орталарына оралуы кеншілер көңілін өсіріп, жігерін жаниды. Егде жасына қарамастан көппен бірдей қиын еңбекке араласуы, араларында қара көрсетіп қоймай екпінді қимылға тартуы бәрін алға ұмтылысқа құлшындырады. Содан бұрынғы тіреуші ісін жалғастырып, кен қабаттарын дайындауға бас-көз болады. Лавалар мен штректерді темір құрсаулармен тіреп, көмір өндіруге қолайлы жағдай жасау кәнігі проходкашыларға мәлімдей оңай міндет емес. Әсіресе, екі кісі сиысып өте алмайтын қуыстар бойымен межелі жерге дейін ауырлығы батпандай сом темірлерді арқалап жеткізуге әркім шыдас бермейді. Ағылшындар басқарған шахтада 16 жасынан-ақ шанамен көмір сүйретіп жұмыстың ең ауырына шыңдалуы бар, майдандағы кешегі ізбасарларының орталарына тезірек оралуын тілеуі бар қарт екінші тыныс біткендей еңбек етеді. Қатарынан жеті жыл, яғни Жеңістің үш жылдығына шейін тіреушілерге тірек болады. Ал бұл уақытта ақсақал сексеннің сеңгіріне шығып қалған еді. Қазір айтылса сенгісіз жәйт. 80 жасында да шахтаның қиын әрі күрделі буыны бел ортасынан табылған адам әлемдік тәжірибеде жоқ шығар, сірә. Бұл не ?! Ұлы рух күші деуімізге болар.
Шындап келгенде қазақы қайсарлықтың бір елесіндей көрінеді ол. Соның ғажайып үлгісін жайып өткен бұл кісі өмірінің аяғына, біреулер сенер-сенбес 90 жасына дейін шахтадан қол үзбегенін айта кетсек, бұл да феномен құбылыстай емес пе ?! Өкінішке қарай, Қарағанды тарихында айтарлықтай ізі бар азамат есімі ұмытылуға айналып барады. Бәлки,үлкен оқиға аталар күндерде ұмытылмастай мезірет жасалар деген ойдамыз.
Ағасынан қалыспай 60-тан асқан шағында да шахтадан кетпей забойшылар, көмір қазушылар бригадирі болып, серіктестерін рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізген Мағауия Рақышев та тыл ерлері ішінде шоқтығы биік тұлға. Ол да сүйікті ортасымен 70 жасында қимай қоштасты. 1935 жылы Бейімбет Майлиннің өзі “Мағауияның маңында” атты очерк жазып, бейнесін сомдайтын кісіңіз осы. Кеншілік өтілге байланысты зейнеткерлікке ертерек шығуға мүмкіндіктері бар Түсіп Күзембаев, Сәкен Шомановтар да аға әріптестеріндей сындарлы сәтте жас буынға ақылшы, қамқоршы болған, өнеге өрнектерін өрбіткен жандар.
Соғыс жылдары Қарағанды көмір бассейнінде 34 миллион тонна отын өндірілді, бұл оған дейінгіден 3 миллион артық еді. Майданға кеткен 12 мың шахтердің орнын басқан әйелдер, қарттар мен жасөспірімдер еңбек қызуы Қарағанды даңқын жаңғыртқан, жауынгерлер рухын биіктеткен шақ-тын ол.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.