Астанада «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының ұйымдастыруымен «Қазақ күресінің өткені, бүгіні мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Жиында қазақ күресін зерттеуші ғалымдар, тарихшылар, этнографтар, облыстық федерациялар басшылары мен шетелдік қонақтар, соның ішінде шетелдердегі қазақ күресі федерацияларының жетекшілері баяндамалар жасады. Ал негізгі баяндаманы Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкиев пен «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев жасады.

Серік Төкиев өз сөзінде төл күресімізді дамытуда атқарылған және қазіргі кезде істеліп жатқан жұмыстар мен алдағы уақытқа жоспарланған іс-шаралар туралы айтып берді. Сонымен бірге, ол Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының ешқандай мемлекеттік органнан көмек алмай, төл күресімізді өз күшімен дамытып келе жатқанын, күресіміздің Спорт және дене-шынықтыру істері агенттігі мен Ұлттық олимпиадалық комитеттің қолдауына зәру болып отырғанын атап өтті. Ал «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев әрбір қазақ үшін төл күресіміздің мәні мен маңызын, оның тарихымызда, дүниетанымымызда алатын орны туралы айта келіп, болашақта оны еліміздегі №1 спорт түріне айналдыру керектігін, бұл үшін бізге моңғолдар мен жапондардың озық тәжірибелерін пайдалану қажеттігін атап көрсетті.
Жиында қазақ күресінің мамандары, балуандар, жаттықтырушылар мен төрешілер төл күресіміздің даму тарихы мен қалыптасу кезеңдері, қазақ күресі ережесі мен төрешілердің біліктілігі, балуанның киімі, болашақ балуандарды тәрбиелеу, мамандарды дайындау сияқты мәселелерді талқылады. Жиында осы мәселелер бойынша қазақ күресінің ережесі мен төрешілік жайына және спорттық күртешеге өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар жасалды.
Конференция бес секция бойынша өтті. Онда 1959 жылғы ІІ КСРО халықтары Спартакиадасында қазақ күресінен көрсетілім белдесулеріне қатысқан Сақатай Аманжолов, қазақ күресінен тұңғыш рет спорт шебері атанған ардагерлер Сайлау Сақаев пен Қуаныш Әбекбаев және Мейірхан Аманбаев, спорт ардагерлері Серғали Жақсылықбаев, Хамит Ысқақ, Қазақтың спорт және туризм академиясының профессоры Ерғали Мұхиддинов, қазақ күресінен Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Диханбай Биткөзов, мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақыт сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Конференция аясында төл күресіміздің дамуына атсалысқан азаматтар «Қазақ күресіне қосқан үлесі үшін» жүлдесімен марапатталып, Әділетті Жоғарғы Күрес Хартиясы салтанатты түрде қабылданды.
Конференция қорытындысында қазақ күресін дамытуда жаңа шешімдер қабылданды. Осы шешімдер мен дайындалған материалдар заңды құжаттар қатарына енуі үшін арнайы орындарға ұсынылады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.