Коронавирус індетінің таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб отырысын өткізген аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов Қостанай облысында 20 қазаннан бастап шектеу шаралары енгізілетінін мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өңірлік жедел штаб жиынында карантиндік шараларды күшейту туралы бірқатар шешім қабылданды. Сонымен сейсенбіден бастап қоғамдық тамақтану нысандарына сағат 23:00-ге дейін ғана жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Асханалар мен кафе, мейрамханаларда бірге тамақтанушылардың саны 30-дан аспауы тиіс. Сондай-ақ ашық аттракциондардың жұмысы уақытша тоқтатыла тұрады. Бұл шектеу түрлері күнделікті талап етілетін болады.
Жедел штаб шешімімен демалыс күндеріне де шектеу күшейтілді. Сенбі-жексенбі күндері:
- облыс аумағында қоғамдық көлік қозғалысына тыйым салынды;
- ауданы 2000 шаршы метрден асатын сауда нысандарының, азық-түлік супермаркеттері мен сауда-ойын-сауық орталықтарының жұмысы тоқтатылады, бірақ аталған нысандардағы дәріханалар жабылмайды.
- азық-түліктік емес және жабық азық-түлік базарларының жұмысы тоқтатылады;
- азық-түлікке жатпайтын тауарлар сататын нысандардың жұмыс режімі сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін шектеледі;
- фитнес-орталықтар мен спорттық-сауықтыру орталықтарының жұмысы тоқтайды;
- қоғамдық моншалар мен сауналар жұмыс істемейді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда Қостанай облысындағы эпидемиялық жағдай тұрақты. Індет басталғалы аймақта COVID-19 жұқтырған 3 538 науқастың 3 198-ы, яғни 90,4%-ы емделіп шыққан.
Қостанай облысы