Көктемде індет баса-көктеп енген сәтте қапыда қалғанымыз жасырын емес. Ауа толтырылған ыдыстарды тасып үлгере алмай, әкелгені жанұшыра қиналып жатқан науқастарға жетпей сабылғанымыз есте. Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшылығының ұйымдастыруымен қиын жағдай қайталана қалған жағдайда осы олқылықтарды болдырмау бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.
Жаңаөзен қаласында, Бейнеу, Қарақия, Түпқараған аудандарында, Шетпе, Боранқұл, Жетібай ауылдарында, сондай-ақ облыстық жұқпалы балалар ауруханасында оттекті газдандыру жұмыстары атқарылды. Маңғыстауда салынып жатқан модульді стационар мен облыстық аурухана ғимаратында да аталған жоба жүзеге асырылады.
Жуырда Қарақия ауданының Құрық ауылында оттекті газдандыру стансасы бой көтерген болатын. Қарақия аудандық орталық аурухана директоры Гүлшара Бегниязованың айтуынша, мердігер мекеме аурухана жанынан бой көтерген оттекті газдандыру стансасының құрылысын он күнде аяқтады. Мұнда 5 бөлімше бар және әр төсек-орынға оттегі жеткізу қамтамасыз етілді. Оның ішінде терапия бөлімшесіне – 14, хирургия бөлімшесіне – 8, балаларға арналған бөлімшеге – 8, әйелдерді босандыру бөлімшесіне – 8, жұқпалы аурулар бөлімшесіне 12 дана оттегі жеткізу нысандары жасалды. Сонымен қатар Жетібай ауылдық ауруханасының жанынан да осындай оттекті-газдандыру стансасының құрылысы басталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан бөлінген қаражат есебінен салынған бұл станса індетке шалдыққан, тыныс алуы қиындаған науқастарды емдеуде алатын орны ерекше болмақ, – дейді Г.Бегниязова.
Әрбір тыныс алуы қиындаған науқасты төсек-орынның жанынан қабырғаға орнатылған аппаратқа тікелей қосу арқылы оның өміріне араша болуға мүмкіндік бар. Оттекті газдандыру бағытындағы жұмыстар қиын жағдайда ауадан тарықпауға мүмкіндік береді деп ойлаймыз.
Маңғыстау облысы