• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Сәуір, 2010

ҚАР ҚҰРСАУЫНДАҒЫ АЛТАЙ

769 рет
көрсетілді

“Су – тіршілік көзі” деген екен атамыз қазақ. Несін айтасыз, биыл Кенді Алтай суға қарық болатын түрі бар. Үш-төрт ай бойы үзіліссіз жауған қалың қар, қырықты қойып елу градусқа дейін жеткен үскірік аязды күндер, облысты аудандармен жалғастырып жатқан күре жолдардың ұзақ уақыт жиі жабылуы, оларды тазалауға кеткен қыруар қаржы мен шығын тұрғындардың мазасын алып барады. Күрмеуі көп Күршім... Міне, сәуірдің ортасына ілігіп қалсақ та, әлі күнге облыстың бірнеше ауылдарына жол ашылмай тұр. Ал тасқын­ның Алтайдың бірнеше ауылдарын топан суға қарық қылғаны, қаншама малдың қырылуы өз алдына бір қиындық. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың қолдауы­мен қатарынан үш күн бойы ақпарат құрал­дары өкілдеріне тікұшақ беріліп, Күр­шім, Тарбағатай, Көкпекті және Аягөз аудан­дарына барып, тасқынға қарсы атқарылып жатқан шаруалармен танысудың сәті түсті. Алтайдың көп өңірінде қалың қар, тау етек­теріндегі мұздықтардың мұрты да шағыл­­ған жоқ, олар мамырдың ортасына қарай ери бастамақ. Міне, қауіп сол кезде болуы мүмкін. Демек, сақтықты күшейту қажет. Осыдан екі апта бұрын Күршім ауда­нын­дағы Қаратоғай ауылында, атап айтқан­да, 18 наурызда күн бірден жылып, Сары­өзек және Қалғұтты өзендерінің деңгейі көтерілген, әрі қалың қар күрт еріп, 25 үй жарамсыз болып қалыпты. Мал шығыны да орын алған. Жүзге тарта қой-ешкі, 26 бас ірі қара өлген. Күршім ауданы әкімінің орынбасары Дүйсембі Әлханов мырза атқарып жатқан істерімен таныстыра кетті. “Қазір жағалауларды бекіту, бөгет салу жұмыс­тары Марал­­ды, Бура­­бай, Бірлік, Барақ батыр, Те­рек­­ті, Боран, Төс­қайың, басқа ауыл­­­­дар­да да қызу жүріп жатыр. Бар­лық ауыл­дық ок­руг­­тер, елді ме­кен­дер бо­йын­­ша 254 көше комитет­тері құры­лып, әр мү­ше­сі он үйге ба­қы­лау жасап оты­рады. Бүгінге дейін штабтың жиыр­мадан астам оты­рысы болып, ау­дан­­дағы жағ­дайды талқылап отыр. Аман­шылық бол­са, енді үш-төрт күн­нен кейін бөгет салу жұмыстарын аяқтаймыз”, деді аудан әкімінің орынбасары. Маралды ауылына келдік. Бұл жерде қызу еңбек. Ауыл жастарын былай қойып ересек адамдар да Маралды өзеніне тоспа жасауға кірісіп кеткен. Ұзындығы 15-20 метрлік жуан теректерді кесіп әкеліп, оны өзен бойына бекітіп, ортасын тастармен нығыздауда. Ауылдың шетіндегі тау етегінен тастарды жинап жатқан жігіттерге ақша төленеді екен. Бүгінге дейін екі шақырым­нан астам қоршау жасалыныпты. Ауылдың құрметті азаматы, 80-дегі қария Құмарбек Әнапиев пен ауыл әкімі Мақсат Кәкімов биыл қардың жылдағыдан төрт-бес есе көп екенін, биіктігі екі метр қоршауды бұза алмайтынын тілге тиек етті. Айтқандары келсін деп ойладық. Маралдыға бюджеттен 28 миллион теңге бөлініпті. Ауыл болып, бір кісідей жұмылған маралдықтардың су тас­қынына қарсы іс-әрекеттеріне риза болдық. Аудан орталығы Күршімде де өзен арнасын бұзып, қалың мұзды жару жұмыс­тарын өскемендік мамандар атқарып жатыр екен. Бұл жерде бізді аудан әкімі Алтайбек Сейітов қарсы алды. Қазір аудан әкімдерінің ұшы-қиыры жоқ жұмыстарды ысырып қойып, су тасқынына қарсы шұғыл істермен шұғылданып жатқанына бір айға жақын­дады. Облыс әкімі Бердібек Сапар­баев Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Үржар, бас­қа аудандарда да үш-төрт реттен болып, оларға бағыт-бағдар, нұсқау беріп отыра­ты­нын күнделікті байқап жүрміз. Демек, әкімдердің ұйқысы азайып, қалайда апатты болдырмау жолында күн-түн демей тыным таппауда. Су тасқынының алдын алу жұмыстарына 154 миллион теңге бөлінген. Аудандық мәслихаттың депутаты, “Өскемен-құрылыс” серіктестігінің директоры Ержан Ысқақов өзінің 170 адамымен Күршім өзенінің арнасын өзгертуде белсене еңбек етуде. – “Біз бұл жұмысты мерзімінде аяқтау үшін жанталаса қимылдап жатырмыз. Трактор­шы-экскаваторшылар Марат Мәдиев, Ержан Аманбаев, Амантай Тоқышев ерен еңбек етуде. Міне, бұл жігіттерді көріп тұрсыздар” деп, Ержан ініміз тәулігіне 15-16 сағат еңбек етіп жатқан азаматтарды нұсқап көрсетті. Иә, Күршімдегі күрмеуі көп жұмыстар біртіндеп тындырылып жатыр. Су тасқынын болдырмауда күн-түн демей жанталаса жұмыс жасап жатқанда дайындық нәтижесін берер деген ойда қалдық... Алтайдағы “мылтықсыз майдан” Тарбағатай – су тасқынынан ең көп зардап шек­кен аудан. Жән­тікей, Көк­жыра ауыл­дық округ­терінде су тасқыны 17 наурызда орын алып, жүздеген тұр­ғын үй жа­рам­сыз бо­лып, мың­да­ған бас мал қы­рылды. Об­лыс бас­шы­лары Тар­баға­тай ауданын ерек­ше бақы­лауға алған. Мұ­ның алдында об­лыс әкімі Б.Са­пар­баев үш рет ке­ліп, жағ­дайды кө­збен көрген. Содан кейін Пре­мьер-Ми­нистр­дің бірінші орын­­­­­басары Өмір­зақ Шө­кеев бас­та­ған Үкі­мет ко­мис­сия­сы шы­­­­ғын мөл­ше­рін анық­тап кет­кен. Енді, мі­не, об­лыс әкімі Б.Са­пар­­баев пен төтенше жағ­дай­дың қалып­та­суы­­на байла­ныс­ты облыстық комис­сияның төрағасы болып сайланған Өс­кемен қаласы­­ның әкімі Ислам Әбішев бастаған ақпарат құрал­дары өкілдері Тарбағатайға атбасын тіреді. Жәнтікей ауылының маңынан өтетін Боғас өзені қазір еркін тыныс алып жатыр. Осыдан жиырма шақты күн бұрын өзеннің арнасы тасып, ауыл топан судың астында қалды дегенге сенгің келмейді. Апат орасан зор шығын әкелген. Жәнтікей ауылдық округінің әкімі Айгүл Иманғалиева су тас­қынынан 191 үйдің тұруға жарамсыз болып қалғанын, 3300 қой, 1200 ірі қара, 105 жыл­қының өлексеге айналғанын тілге тиек етті. Қазір үйсіз қалғандар Ақсуаттағы мектептер мен балабақшаларға орналас­қанын, үш мезгіл тегін тамақтанатынын аудан әкімі Манарбек Сапарғалиев айтып берді. Облыс әкімі Б. Сапарбаев бастаған топ Боғас өзеніндегі бөгетті, оның жан-жағын қоршап жатқан жұмыстарды көрді. Елге сыйлы, 80-нің сеңгіріне шыққан Мұхамед­кәрім Бақтин көрсетіп жатқан қамқорлығы үшін Елбасына, Үкіметке, облыс басшы­ларына алғысын айтты. Шынында да, Тарбағатайға қаржы келіп түсіп жатыр, біз барған күні 7 бірдей алып “Камаздар” 140 тоннаға жуық материалдық резервтен түскен киім-кешек, тағамдар, қажетті заттарды жеткізді. Оны қабылдап алып, тізім бойынша тапсыру арнаулы құрыл­ған комиссияға жүктелді. “Қазпошта” өкіл­дері отбасының әр мүшесіне 5 мың теңгеден ақшалай бір реттік көмек бере бастады. – Сын сәтте Елбасының қолдау көрсеткенін білесіздер. Біздің жұмысқа оң баға бергенінен де хабардар шығарсыздар. Сіздерге мына жайды түсіндіргім келеді. Үйсіз-күйсіз қалғандарға Үкімет тегін үй салып береді. Ал күрделі жөндеуге сіздер өздеріңіз араласып, істі тез бітіруге атсалыс­қан­дарыңыз жөн. Ал несие жағына келсек, бір отбасына он қойды әрқайсысын 12 мың теңгеден бес жылға бердік делік. Яғни, арнайы ашылған есепшотқа 120 мың теңге түседі. Оның пайызы мүлдем аз, 2 пайыздан аспас. Арада үш жылдан кейін несиені төлей бастайсыздар. Сонда бес жылда бар-жоғы 12 мың теңгені ғана артық төлейді екенсіздер. Банкке тиесілі негізгі пайыздық өсімді бюджет көтеріп алмақ. Сіздер енді дау-дамайды қойып, арызданбай нақты іске кіріссеңіздер оң болар еді. Мәселен, кеше Көкжыра ауы­лын­­дағы бөгетті су жырып кетті деп жатыр­сыз­дар. Ал сіздер қолға күрек, кетпен, лом алып, бөгетті бекітудің орнына көшеде қыдырып жүрсіздер. Қазір ТЖМ-нің ондаған техникасы, жүзден астам адамы осын­да шоғырланып, көмек көрсетуде. Жаңа шатырлы қала­шықты көрдік. Онда барлық жағ­дай жаса­лын­ған, – деп Көк­жыра ауы­лында болғанда облыс әкімі тұр­ғындар ал­дын­да біраз жайлар­ды түсіндіріп өтті. Көкжыра­лық­тар кө­мір­дің тон­­на­сы он мың теңгеге кө­тері­ліп кет­кенін, азық-түлік бағасы­ның ретсіз қым­баттап жатқанын тіл­ге тиек етті. Жа­қын­­да көкжы­ра­лық­тар Ба­қыт­­жан Ке­мер­­­­баев деген азамат­ты ауыл әкімі етіп сай­лап алыпты. Бірақ та жаңа­дан сайлан­ған ауыл әкімі мен жер­лес­­терінің ара­сында әлі де келіспеу­шілік бардай кө­рін­ді бізге. Себебі, олар ке­ліп жат­қан гу­ма­ни­тарлық көмек­тің қыл­дай тең бөлін­бейтінін ай­тып, құ­­рыл­ған комсис­сия­ға се­нім­сіздік біл­дірді. Осын­дай сын сәтте бірі­ге қимылдау­дың орнына өсек-аяңға жол берген көк­­жыра­лықтарға облыс әкімі ре­ні­шін біл­діріп, ақылын айтты. Бұдан кейін аудан орта­лығы Ақсуат­тағы № 2 орта мектепте уа­қытша мекен­деп жатқан  Көкжыра, Жәнтікей ауылдарының тұрғын­дарымен әңгімелескен облыс әкімі Б.Сапарбаев шыдамдылық пен сабырлы­лық сақтап, біріге қимылдаса бұл қиын­дық­тан да шығаты­нымызды айтты. Зардап шеккен 3400 адамға арнайы есепшот ашы­лып, мал сатып алуға қаржы бөлінетінін жеткізді. Бұдан кейін ТЖМ-інің офицер­лерімен кездесіп, шатыр ішін аралап көрді. Тиісті мекемелер басшы­ларына телефон шалып, арзан бағамен 200 мың тонна көмір жіберулерін өтінді. Ақсуат­та штаб жиынын өткізген облыс әкімі аудан активі­нің жұмысында кемші­лік­тердің бар екенін көзге шұқып тұрып айтты. “Адам­дардың қатып қалған мұзды ойып, үй маңын тазалауға көңіл бөлмеулері қалай. Оларға біздер келіп жұмыс істеуіміз керек пе. Міне, осы жолы облыстық ко­мис­­сияның төр­ағасы Ислам Әбішевті Тар­бағатай ауданына тастап кетпекпін. Ол барлық ақсап жатқан істерді ретке келтіріп, кемшіліктерді жояды деген ойдамын. Сын сәтте ақсақалдар алқасын көмекке шақы­рып, ауызбірлікті күшейт­кенде ғана ұта­мыз. Мұнда проблемалар бастан асады. Салы­натын үйлердің смета­сын жасауды аяқтау қажет. Қанша қаржы керек екені анықталуы тиіс. Ал Ислам Әлмахан­ұлымен менің орын­басарым Т. Түсіпбеков бірге қалып, барлық жұмысты үйлестірулері тиіс, деп өңір басшысы тарбағатайлықтарға салмақ салды. Көкпектіде қардың қалыңдығы екі метр Тікұшақпен Көкпекті ауданының аумағына кірген кезде еріксіз иллюмина­тордан төменге көз салдық. “Ойпыр-ау, қар қалай қалың түскен?”. Электр бағана­ларының жартысына жуығын қар басып қалған. Тіпті мұнда қардың мұрты да шағылмапты. Аудан әкімі Дүйсенғазы Мусиннің хабарлауы бойынша төте жол бойындағы асфальтқа қондық та, әкім мен орынбасарларын бортқа алып бірден аспанға көтерілдік. Бес-алты минөттей ұшып келіп, арнайы тазаланған аумаққа қондық. Қардың қалыңдығы үш-төрт метрден асады. “Орта есеппен бір, бір жарым метр қар әлі еріген жоқ. Күн күрт жылып, қар ерісе, судың биіктігі кем дегенде бір метрдей көтеріледі. Сондықтан сақтық шараларын жасаудамыз. Аудан су тасқыны аймағында қалуы мүмкін. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдас­тырылып, көпірлер, құбырлар, су канал­дары тазартылуда. Бағалы заттар мен “дабыл шабаданын”, екі-үш күнге жететін азық-түлік жиналған “құрғақ тағам” қоры, жылы киімдер, шам, май шам, киім-кешек әзірленді. Бұл нұсқау­лардың барлығы аудан­дық газет­терде жарияланды, тұрғын­дар алаңдаушы­лық туғызған жоқ, қайта бізге келіп, ақыл-кеңестерін айтқандар да табылды. Преображенка, Воздвиженка, Черноярка, Үлкен және Кіші Бөкен ауылдары маңында су тасқыны қаупі зор, – деп аудан әкімі Д. Мусин облыс әкіміне карта бойынша мәлімет берді. Су басу қаупі бар өңірде екі-ақ көпір бар екен. Талменка өзені бойындағы көпірдің мол суды қабылдауы үшін оның жан-жағы тазаланып, мұзы жарылыпты. Екінші өзен бойын­дағы көпірде де осын­дай істер ат­қарылған. Ауданға бөлінген 19 мил­лион теңге орны­мен жұмсалған. Өңір басшысы осын­дағы Ешкібай және Қойтас ауылы маңындағы су қой­маларындағы жаймен танысып болған соң Самар ауы­лын­да да қауіп­тің аз екеніне көз жеткізді. Сенбі күні облыс әкімі Аягөз ауданында іссапар­мен болып, су тасқынының алдын алу жөнінде штаб мәжілісін өткізіп, аудан әкімі Нұрғали Әзімбаевқа нақты шаралар жүктеді. Ал мұ­ның алдын­да өңір басшысы Ұлан ау­­данының шаруа­шылық­тарын ара­лаған. Иә, Кен­­­ді Алтай­да “мыл­тықсыз май­дан­ның” жү­ріп жат­қаны бел­гі­лі. Әй­теуір бір оң­ды­сы, адам­дар аман, ал шығын­ды көте­ріп алуға бүкіл ел болып жұмыл­ған. Облыс әкімі Бер­ді­бек Сапар­баев­тың су тас­қыны­ның ал­дын алуға бел шеше кіріс­кеніне бір айдан асты. Қалай де­ген­­де де, халық та, басшылық та қам­сыз отырған жоқ. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы,Күршім, Тарбағатай,  Көкпекті, Аягөз аудандары.