• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
15 Қараша, 2013

Тығырыққа төтеп берген

213 рет
көрсетілді

«Қонақ аз отырады, көп сынайды», деп бекер айтылмаса керек. Оның үстіне барған елің Еуроодақтың ішінде дағдарысқа қарамастан экономикалық жетістіктерге жетіп, «Еуропаның Қытайы» атанған ел болса, қалай назар салмассың. Познань халықаралық жәрмеңкесінің қызметкері қасымда жүріп, оның павильондарын аралатушы Барток Дембинскиден поляктардың, оның ішінде познаньдықтардың өзге одақтастарынан ерекшелігі қандай деп бөліп айтуға болады дегенімде, ол: «Госпадарни», яғни үнемшілдігі, тиімділікті ойлайтыны», деп жауап берді. Шынында да, қай істе де тиімділікті ең алдыңғы кезекке қою поляктардың қанына сіңген қасиеті сияқты көрінді.

«Қонақ аз отырады, көп сынайды», деп бекер айтылмаса керек. Оның үстіне барған елің Еуроодақтың ішінде дағдарысқа қарамастан экономикалық жетістіктерге жетіп, «Еуропаның Қытайы» атанған ел болса, қалай назар салмассың. Познань халықаралық жәрмеңкесінің қызметкері қасымда жүріп, оның павильондарын аралатушы Барток Дембинскиден поляктардың, оның ішінде познаньдықтардың өзге одақтастарынан ерекшелігі қандай деп бөліп айтуға болады дегенімде, ол: «Госпадарни», яғни үнемшілдігі, тиімділікті ойлайтыны», деп жауап берді. Шынында да, қай істе де тиімділікті ең алдыңғы кезекке қою поляктардың қанына сіңген қасиеті сияқты көрінді.

Ұқсата білген ұтады

Әлем экономикасында дағдарыстың бірінші толқынының жүрісті тежеп, тыныс­ты тарылтқаны белгілі. Алайда, поляктар өз экономикасын осы тұста да теңселткен жоқ, қайта экономикалық өсімге иек артқан аздаған елдердің қатарына енді. Еуропа дағдарыс қыспағында тұрған 2009 жылы ІЖӨ-ні 1,7 пайыз деңгейінде ұстай алған, 2011 жылы – 3,8, ал 2012 жылы 4,2 пайызға дейін ұлғайтуға қол жеткізген поляк нарығының толымды жемісін жәрмеңкені аралай жүріп заңдылық екеніне мойынсұнғандай болдық.

Энергияны балама көздерден алуға негізделген павильонға қойылған түрлі қондырғылар – жел, биогаз, күннен алынатын жобалар өзінің көптігімен баурайды. Оларға еліміздің 2017 жылы халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізуде осы тақырыпты алып отырғанын, болашаққа негізделген бағытқа жұмыс жасалып жатқанын айтқанымызда, бірі оны естісе, енді бірі естімегендіктерін, ал бірақ Қазақстанның ең бір өзекті де қызықты тақырыпты алғанына риза­шылықтарын жеткізді. Біздің өнім­дері­міздің сапасы, қызмет ету мерзімдері өте жоғары, өзге аналогтардан гөрі біз­дің қондырғыларымыз кім-кімге де тиімді, деген поляктар қайткен күнде де тиімділікті жоғары қоятынын қайта-қайта алға тартумен болды.

Көрмені аралап жүріп, кәдімгі сабан мен ағаштың ұп-ұсақ жаңқасын нығыздап, брикет жасап, отын шығаратын шағын аппарат алдына аялдадық. «Қалай, бұл брикет ағашқа қарағанда жылдам жанып кететін шығар?» – десек, «Өзіңіз ұстап көріңізші, – деді фирма өкілі. Ұзындығы 13-14 см көлеміндегі сопақ келген брикеттің салмағы баршылық, кәдімгідей ауырлығы білінеді, бір келіден асатындай. – Көрдіңіз бе, мұның тығыздығы ағашқа қарағанда әлдеқайда жоғары, сондықтан ұзақ жанып, көп қызу береді, өте тиімді». Қондырғының бағасы да онша қымбат еместей, 50 мың еуро шамасында. «Егер егін егетін бір ауылға осындай аппарат сатып алсаңыздар, пайдаға кенелесіздер», – деп күлді ол.

Көрмеге енді бір қойылған өнім мен оны жасайтын шикізат көзі өзіне еріксіз аялдатқан. Ол кәдімгі тұрмыста пайдаланылып істен шыққан түрлі электр бұйымдары; ішінде пульттер, радио, теледидар дейсіз бе, толып жатқан күнделікті сынып қалса лақтырылатын дүниелер. Жалпы, Еуропаның өзге елдеріндегідей, Польшада да қоқысты сұрыптап төгу жолға қойылған. Епсекті поляктар жоғарыдағыдай қоқысты бөлшектеп, одан металдарын бөліп, пластмассасын айырып дейсіз бе, әйтеуір, толып жатқан шикізатты қайтадан өңдеп, өндірістік қажетке жарататын етіпті. Біз бұл тәжірибемізбен әлі шетке шыққан жоқпыз, бірақ поляк нарығында табысымыз жақсы, деген олар түрлі қалдықтардан машинаға қажетті түрлі майларды да айырып алады екен.

Ал коммуналдық шаруашылықта қала көшелерін жинау мен сыпыратын, қоқыс тиейтін техникалардың түр-түрінен көз сүрінеді. Мұнда өнімдері әлемдік нарықта ауылшаруашылық саласындағы техникаларымен беделге ие «KUNH» компаниясы өздерінің жол жиектерін немесе қиын учаскелерді тазалайтын техникасының бірнеше түрін орналастырыпты. Өте икемді, тек жинап қана қоймай, ұнтақтап, қиық-қиық етіп майдаланған шөпті салып алатын контейнерлеріне дейін ойластырылған сан түрлі машиналар біздің нарыққа да сұранып тұрғандай.

Жәрмеңкеде көпшілікті өзіне еріксіз шақырушының бірі –«KARCHER» концернінің өнімдері. Олардың қар жинайтын, көше сыпырып, жуатын, шаңын соратын және осының барлығын тек қай қызметтің түрін атқаратын сыпырғыш немесе шаңсорғыш қондырмасын орнату арқылы бір ғана «MIC 34C» машинасы орындайтыны ғажап. Өзінің тұрқы шағын болғанымен, көп қызметті атқаратын бұл машинаға сұраныстың көптігі соншалық, көрмеде тұрғанының сатылып кеткеніне қоса, алдын ала бірнешеуіне тапсырыс түсіпті. Шынында, техниканың мүмкіндігі керемет. Осы фирманың жұртшылықтың назарын өзіне аударған тағы бір өнімі – май мен тозаңнан былғанған машиналардың бөлшектерін жууға арналған қондырғысы. PC 100 M2 BIO аталатын бұл аппараттың көлемі шағын контейнердей, ал жууға пайдаланатын 10 литр сұйықтығы 3 жылға жетеді екен. Оның да айналасына жиналған адамдар көп орын алмайтынына және тәулігіне үзбестен жұмыс жасайтын қабілетіне таңданыстарын білдіріп жатты.

15 мың көлік жұмырына жұқ емес

Познань халықаралық жәрмеңкесіне қатысушының бірі, көптеген фирманы біріктіріп, орасан үлкен аймақты алып жатқан STS тобының «СLIP» логистикалық орталығының өзіне барып ондағы жұмыс барысының қалай ұйымдастырылғанының куәсі болдық. Компанияның қаржы директоры Агниешка Хайпс орталықтың алғашында «Volkswagen» зауытының «Volkswagen СADDY» маркасын поляк жерінде шығаруды қолға алумен екі арада 20 жылдық келісімге келудің арқасында ашылғанын айта келе, логистикалық орталықтың мүмкіндігімен таныстырды. Еуропадағы ең ірі орталықтың бірі саналатын мұндағы автокөлік тұрағының өзі 30 га жерді алып жатыр. Польшадағы машиналардың 55 пайызын сататын орталық бір мезгілде 17 мың көлік сыйдыратын көрінеді.

Мұндай жағдай дағдарыстың ең бір шарықтаған мезгілінде, 2007 жылы ғана болыпты. Біз барған уақытта 8 мың шамасында көлік тұрды. Ұтымды ұйымдастыруды жүзеге асырған орталықта тұрған әрбір машинаны санаулы секундта тауып алуға болады екен. Көліктің маркасы, түсі, мүмкіндігі, қалай жарақталғаны не қажет ақпараттың барлығы компьютерге енгізілген, әр машина өз орнында тұрғандықтан, неше мың көліктің арасынан қажет машинаны бір сәтте алдыңызға алып келеді. Ұсынықтылықтың, мәттақамдықтың тамаша үлгісі – логистикалық орталық тек көлік тасымалымен ғана емес, «Фольксфаген» зауытына қажетті бөлшектерді, сыра, қант, ет сынды азық-түлікпен қатар, өзге де, мәселен, жиҺаз шығаруға, құрылысқа қажетті, т.б тауарларды жеткізіп берумен де айналысатын көрінеді. Жыл сайын көлемін ұлғайтып, оны жаңа технологиялармен толықтырып отырған компания Е-20 Париж-Берлин темір жолына қапталдаса орнығыпты.

Бұл ретте жоғарыда келтірген технологияны тағы да тиімді пайдаланған компания интермодельді контейнер тасымалын жүзеге асырады екен, яғни жүк қабылдаушы тапсырысын алуға тек жүргізуші отыратын кабинасы бар көлігін ғана жібереді, оған тіркеме жалғаса да өз еркі. Контейнерлерді көтергіш крандар көлікке орната салады. Логистикалық орталықтың міндеті контейнерлерді жоғарыдағыдай тіркемелермен апарып, пойызға салып жіберіп отыру, дейді Хайпс ханым. Ал мұндай контейнерлерді тасымалдайтын пойыз да ерекше. Ол Голландияның Роттердам қаласынан Познаньға 20-22 сағат көлемінде жетеді. Осылайша, поляктардың мұздатылған емес, тек салқындатылған сапалы азық-түлігі Еуропаға тарайды. Бұл автомобиль жолдарымен тасымалдағаннан әлдеқайда ұтымды, әрі уақыт үнемделеді, әрі тасымалданатын тауардың мөлшерін де молайтады. Бұл – интермодельді жаңа технологияның жетістігі.

Жалпы, Польша Еуропаның барлық елдеріне тауар жеткізуден алдыңғы орында, өз ішінде де қолдану аясы жылдан-жылға өсіп келеді. Сондықтан да жұмыссыз қаламыз деген уайым жоқ компанияда бүгінгі күні 5 мың адам жұмыс істесе, ал осы алып ағзаны басқаратын 3-ақ адам екен.

Орталықтағы ендігі бір көңіл ауда­рарлық жайт – оның арнайы эко­но­микалық аймаққа енгізілуі. Сол себептен мұндағы бизнеске инвестияция тарту өте тиімді көрінеді. Ол бір жағынан компанияның іргесін ұлғайтуына көмек­тессе, екіншіден, инвес­тиция салу­шылардың салық жеңілдігін пайдалануына кеңінен жол ашқан. 80 га жер үкімет шешімімен АЭА беріліпті. Бір жақсысы, бұл жеңілдікпен тек поляк компаниялары ғана емес, шетелдік инвес­торлар да жұмыс жасайды екен. Ол үшін компанияның Польшада өкілдігі ашылып, есеп-қисабын осында жүргізетін, салық төлейтін ұйымы болса жеткілікті. Мәселен, шетелдік фирма 1 млн. злотых шамасында инвестиция салса, оның 400 мыңы депозит түрінде қабылданады. Ал компания жылына 100 мың злотых көлемінде салық төлеуі тиіс болса, ол алдағы 4 жыл бойына депозит есебінен ешқандай салық төлемейді.

Немістердің Кербиді біздің жерімізден шығаруы осындай тиімділіктің арқасы, олар АЭА жеңілдігін өте ұтымды пайдалануда, дейді компанияның қаржы директоры. Ал әлемді шарлаған «Volkswagen СADDY» тек Познаньда шығарылады. Инвестиция салуда қаржылық шектеу жоқ, микроинвестиция салуға да болады. Олардың барлығы өте жақсы ойластырылған. Логистика саласындағы көптеген халықаралық көрмелерде, осы саладағы байқауларда жоғары табысқа жеткен орталықтың бұл жұмысы 15 жылғы еңбектің жемісі көрінеді.

– Біз Ресей мен Қазақстан темір жолдарының мүмкіндігін пайдалануды қалаймыз. Сол арқылы нарығымызды кеңейтіп, Оңтүстік-Шығыс Азияға, Орталық Азияға өтсек, жолай өз тәжіри­бемізбен де бөліссек,– дейді қаржы директоры, – бұл әрі уақытты, әрі қаражатты үнемдер еді. Сіздер де өз тауарларыңызды біз арқылы тасымалдауға мүмкіндік алар едіңіздер. Жалпы, поляктар қазақтарды сыйлайды. Менің үйімде әкеміздің денсаулығын қадағалайтын қазақстандық мейірбике бар. Өте мәдениетті, білікті қыз. Осылай деген Хайпс ханыммен қоштасып, көрме-жермеңкеге бет алдық.

Сағындырған туған жер

Көрмеге кіре бергенде орыс тілінде: «Қазақ па екен, қырғыз ба екен?» деген дауысты естіп жалт бұрылдым. «Қырғыз емес, қазақпын»,– дегенімде орындарынан ұшып тұрған мосқал ер адам мен әйелдің жүздері жадырап сала берді. Өздерін Антон Брединский, Валентина Моравская деп таныстырған олар Ақмола облысының Шортандысынан Польшаға қоныс аударған бұрынғы отандастарымыз екен. Валентина сол жерде көзіне жас алып: «Балалардың соңынан келіп едік, тұрмысымыз жақсы-ақ, бірақ туған жер сағындырады. Бұл жердің адамдары да біздегідей емес. Қазақстан халқы барлығынан керемет, елдің қадірін алыстаған сайын біліп, жанымыз ауырады», – деген.

«Бірақ сіз мұны газетке жазбай-ақ қойыңыз, мұндағылар ренжіп жүрер», – деді тағы да Валентина. Бір кезде: «Жоқ, жаза беріңіз, мен мұны осындағы таныстарыма да айтып жүрмін. Олар біледі. Мұны мен ойдан құрастырып тұрған жоқпын ғой. Елге дұғай-дұғай сәлем айтыңыз», – деді көзінің жасын сүртіп тұрып. Аманат жүгі жеңілдесін деп алыстағы поляк жерінен айтылған сағынышты сәлемді отандастарыма жеткізуді парыз санадым.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА – ПОЗНАНЬ – АСТАНА.

Соңғы жаңалықтар