• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
15 Қараша, 2013

«Өгізбайдың отбасы»

932 рет
көрсетілді

Сазды-думанды қойылым алматылықтар көңілінен шықты

Мәдениет пен өнердің ошағы атанған Алматы қаласына шырайлы Шымкенттен Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік әзіл-сықақ және сатира театры гастрольдік сапармен келіп, шаһар жұртшылығын күлкіге көміп, риза етті. Елімізде бүгінгі күнге бірде-бір мемлекеттік сатиралық театрдың жоқтығын ескерсек, елден келген бұл өнер ұжымының аяқалысы өзгелерге де үлгі-өнеге боларлық.

Сазды-думанды қойылым алматылықтар көңілінен шықты

Мәдениет пен өнердің ошағы атанған Алматы қаласына шырайлы Шымкенттен Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік әзіл-сықақ және сатира театры гастрольдік сапармен келіп, шаһар жұртшылығын күлкіге көміп, риза етті. Елімізде бүгінгі күнге бірде-бір мемлекеттік сатиралық театрдың жоқтығын ескерсек, елден келген бұл өнер ұжымының аяқалысы өзгелерге де үлгі-өнеге боларлық.

Бүгінде түкке тұрмайтын арзан күлкімен халықты алдай алмайсыз. Ендеше, көзіқарақты көрерменнің езуіне күлкі үйіру оңайлықпен келмейді. Керісінше өзгені күлдіремін деп жүріп, өзің мазақ болып қалуың әбден мүмкін. Ал шынайы, қымбат күлкі әлбетте үлкен еңбексіз, талғамсыз келмейді. Осы ретте, еліміздің сатира, әзіл-оспақ «ауылында» ойып орын алатын, көрерменнің көзайымына айналған шымкенттік «Шаншар» әзіл-сықақ театрын білмейтін адам кемде-кем шығар. Өнер ұжымы қоғамның көлеңкелі тұстарын, өмірде кездесетін адамдардың тойымсыздығын, арсыздығын, әсіресе, ауылдағы қарапайым ағайынның тұрмыс-тіршілігін, шынайы бейнесін қазақы қал­жыңдарымен, тауып айтылған әде­мі, ешкімді ренжіте қоймайтын ұтқыр да ойлы әзілдерімен астарлап жеткізуде айтарлықтай еңбек сіңіріп келеді. Бұғанға дейін алматылықтардың жүрегін жау­лап, әр кештерін аншлагпен өткізетін шаншарлықтардың скеч, интермедия жанрына қоса, ізденістерге барып өздерін басқа қырынан байқатып, мүмкіндіктерін көрсету мақсатында классикалық комедияға, таза сатиралық кесек дүниеге түрен салуы қуанып, қол соғарлық оқиға деп білеміз.

Студенттер сарайында өткен «Өгізбайдың отбасы» атты сазды-думанды қойылым авторлары – театрдың бас директоры, белгілі сықақшы Уәлибек Әбдірайымұлы мен жаңадан келген жас актер Ғалымжан Ғаппаров. Спектакльдегі оқиғалар шынайы өмірде қаншалықты көрініс табады дегенге келсек, ол өмірде бар жайттар. Шырқы бұзылған отбасы. Өгізбайдың (Жүсіп Ақшораев) тоғыз ұлы үйленіп, бір қызы бой жетіп отырғанда үйі өртенеді. Сол-ақ екен ертесіне отырып қалған қызы әкімнің баласына тұрмысқа шығып, құдасы үй салып береді. Тоғыз ұлы тоғыз қалада нәпақа тауып жүргенде, аталарының қолындағы төрт келіні, әйелі Шәркүлмен жұрттан қалмайық деп продюссерлік орталық ашады. Содан құтырған отағасы Өгізбай пәлен жыл отасқан жұбайы Шәркүлді тастап, жас әйелмен Астанаға тайып отырады. Күндердің күнінде әлгі айлакер әйелдің мазағына шыдамай, үйіне қайтып келеді. Көңілі қалған әйелі үйге кіргізгісі келмесе де, ағайын-туған, келіндері ерлі-зайыптыны қайта жарастырады. Отағасы болса жіберген қателігін мойындап, кешірім сұрайды. Өгізбайдың құрдасы Қырбай (Уәлибек Әбдірайымов) болса, сол отбасының іс-әрекетін сырттай байқап, бағамдай жүріп, кем-кетігін айтып жүреді. Спектакльдің бас-аяғы жұмыр, нанымды оқиға, қызықты детальдар көп. Ән де, керемет би де бар, саз да, сөз де, ой да, думан да бар болғандықтан көрермен бір деммен көріп шығады. Ал еркек актерлердің әйел рөліне кіріп, ойнағандарынан соншалық жасандылық, артық қимыл көрмейсің, әсіре, құр айғайдан ада. Жасаған қылықтары, мимикалары өздеріне жарасып-ақ тұр. Сондықтан да еріксіз күлесіз. Әсіресе, жетекші актерлер – Жүсіп Ақшораев, Ғалымжан Ғаппаров, Нұржан Құлшынбаев, атасының ұстарасын сұрайтын келін Ғалым­жан Қалыбаев, шәйқор келін Дәурен Әбиев, Қоқиқаз – Ержан, тоқал – Күннұр Қалмырзаева, келін – Ақмарал Сүлейменованың актерлік шеберліктеріне, жас­тардың талаптарына сүйсіндік. Театрдың көркемдік жетекшісі Райымбек Сейітметовтің шәкірті Мақсат Айтжанов, режиссері Алтай Самат.

– Бұл сатиралық театрға қайда жүрсем де құлағымды түріп, табыс-жеңістеріне тілекші болып жүргендердің бірімін, – деп өз ойын білдірді қазақ сатирасының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан қарымды қаламгер Үмбет­бай Уайдин. – Оның бір себебі, жанры жаныма жақын болса, екіншісі осы театрдың алғашқы ашылу салтанатына қатысып, тілексөз білдірген едім. Қойылым маған ұнады. Біріншіден, жасанды ештеңе байқалмады. Актерлердің жүріс-тұрысы дейміз бе, сөйлеген сөздері, күлген күлкілері дейміз бе – бәрі-бәрі табиғи, нанымды. «Әр заманның өзіне лайықты сөзі бар», деп Базар жырау айтқандай, қойылымдағы күлкі өткен шақтың күлкісі емес, осы шақтың күлкісі. Дегенмен, әлі де жақсы режиссура керек.

Театрдың тарихына келсек, 2009 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Мыңбай Уәли мен Жүсіппен ақылдаса келіп, оңтүстік өңірлерде жекеменшік әзіл-сықақ театрлардың көптігін, енді бір мемлекеттік сатира театрын ашып, комедияның классикалық түріне өтуге ұсыныс жасайды. Аталмыш қойылым облыстық мемлекеттік әзіл-сы­қақ және сатира театрындағы бес жылдың аясында жасалған еңбектің бірі.

– Өгізбайдың отбасында болып біраз қызыққа кенелдік, – деп өз ойымен бөлісті бүгінде қазақ сатирасының ақсақалы, белгілі қаламгер Ғаббас Қабышұлы. – Біраз жақсы күлкі болды, оқиға бар. Әсіресе, залда отырған жас­тар өте жылы қарсы алды. Қазір қымбат күлкіге зәру болып жүрміз. Меніңше, осындай дүниелер керек. Қабылдауға жеңіл көрінгенмен, біраз шаруаны аңғартатын спектакль. Аталмыш театрға бес жыл толып отыр. Алдағы уақытта күлкінің қазынасы жатқан ауыз әдебиеті бар, сонау Б.Майлин бастаған әзіл-сықақшылардың пьесалары, болмаса пьесаға сұранып тұрған оқиғалар бар, соған сценарий жазып, сахнаға шығарса. Қазір сатира жоқ деп сынап жатады. Неге жоқ – бар. Оны айтатындар – оқымайтындар. Кешегі Оспанхан Әубәкіров, бүгінгі Үмбетбай Уайдиннің дүниелерін пайдаланып, театрды қымбат күлкімен көтеру керек. Арзан күлкі ол уақытша.

Елімізде мемлекеттік сатиралық театр бар ма дегенге келсек, 1978 жылы «Тамаша» әзіл-сықақ театры «Қазақстан» ұлттық телеарнасы жанынан ашылып, мемлекеттің қарауында болған-ды. Кейін бөлініп, жеке отау құрып, бүгінде өз күнін көруде. Басқа театрлар да солай. Ақтөбеде «Екі езу» театры болғанмен, оларды облыстық драма театрға қосыпты деп естідік. Мемлекетіміз әзілге жеңіл-желпі жанр деп қарайтын болуы керек, не Астанада, не Алматыда бір сатира театры жоқ. Ал көрші Ресейдегі мемлекеттік сатиралық театрлар өз алдына, осы жанрда жүрген актерлерін (Задорнов, Хазанов, Петросян, т.б.) бастарына хан көтеріп, бәріне халық әртісі атағын берген.

Жақында театр өзінің бес жылдық мерейтойын атап өтіп, онда осы уақыт ауанында не істеп, не қойғандары жайлы есеп бермек. Бұғанға дейін театр С.Ахмадтың «Келіндер көте­рілісі», қырғыз авторы Әбді­момыновтың «Алдар-көсе», Д.Исабековтың «Бонопарттың үйленуі», т.б. қойылымдар қойған. Бір жағымды жаңалық, театрға бұрынғы Шымкент кинотеатрының ғимараты беріліпті. Бұл игілікті қадам жергілікті биліктің өнерге деген көзқарасын білдірсе керек.

Театр басшысы Уәкеңнің айтуынша, бүгінгі қойылымның негізгі идеясы – қазір қолынан өнер келе ме, келмей ме, әйтеуір болмашы бір тірлікпен жұрттың алдап ақшасын алып, тойға қызмет жасап жүрген продюссерлік ор­талықтарды әжуалау, сонымен қатар, тоқалға алданып, құдай қосқан қосағын тастағандардың ақыр соңында өзінің отбасынан артық ештеңе жоқтығын азын-аулақ сатира тілімен, әзіл-оспақпен көрсету.

–Біздің бұл қойылымымыз үлкен драмалық спектакль дегенге жатпайды, шамамен мюзик-холл бағытына жақындау, – дейді белгілі сценарист, актер Уәлибек Әбдірайымов. – Екінші мақсатымыз – халықты осындай классикалық спектакльдерге үйрету. Өйткені, көрермендеріміз «Шаншар», «Базар жоқ», т.б. театрлар десе ғана көруге барып, жеңіл-желпі интермедиялар көреді. Бұл жолы да біздің атымызды естіп, «Шаншар» деп ойлап келген болулары керек. Бірақ, байқаймыз кейбір көрермендеріміз «ой, мынау бір керемет дүние ғой», деп кетіп барады. Меніңше, бұл театрға барып, спектакль көрмегендердің сөзі. Міне, біздің ойымыз осылай көрерменді жаймен тәрбиелеп, үлкен театрларға тарту. Алдағы жос­парларымыз өте көп. Тек қаржы тапшылығы қинайды, болмаса мұнан да үлкен әдемі спектакльдер қоюға театрдың мүмкіндігі жетеді.

Иә, бүгінде қысқа-қысқа күлкіні тек концерттік бағдарламалардың ара-арасында ғана көретініміз рас. Ендеше, провинциядан келіп, жастарды баулитын, жастарға тәрбие беретін бас-аяғы, ойлы да салмақты күлкісі бар біртұтас оқиғаға қойылған дүние әкеліп, көрермендеріне көңілді кеш сыйлаған театр ұжымына сәттілік, шығармашылық табыстар тілейміз.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар