• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
15 Қараша, 2013

Дүбірге толы дүние

247 рет
көрсетілді

Тимошенконы босату да, босатпау да қиын

Украинаның қазіргі үкіметі, президент Виктор Янукович елдің бұрынғы үкімет басшысы, түрмеде отырған Юлия Тимошенконы түрмеден босата ма, жоқ па деген сұрақ, соған қатысты әңгіме белең алып тұр. Бұл ел ішінде де, сыртта да айтылады.

Оның айрықша тағдырлық маңызы бар. Бүкіл бір елдің саясатын, бағыт-бағдарын айқындауға әсер етпек. Осы айдың аяғына таман Вильнюсте «Шығыстың серіктестік» саммиті өтеді. Сонда Украинаның Еуроодаққа ассоциациялық мүше­лікке қабылдануы шешіл­мек. Сонда шешімге сол Ю.Тимо­шенконың босатылуы жол ашпақ. Бұл – Батыстың, АҚШ-тың талабы.

Тимошенконы босату да, босатпау да қиын

Украинаның қазіргі үкіметі, президент Виктор Янукович елдің бұрынғы үкімет басшысы, түрмеде отырған Юлия Тимошенконы түрмеден босата ма, жоқ па деген сұрақ, соған қатысты әңгіме белең алып тұр. Бұл ел ішінде де, сыртта да айтылады.

Оның айрықша тағдырлық маңызы бар. Бүкіл бір елдің саясатын, бағыт-бағдарын айқындауға әсер етпек. Осы айдың аяғына таман Вильнюсте «Шығыстың серіктестік» саммиті өтеді. Сонда Украинаның Еуроодаққа ассоциациялық мүше­лікке қабылдануы шешіл­мек. Сонда шешімге сол Ю.Тимо­шенконың босатылуы жол ашпақ. Бұл – Батыстың, АҚШ-тың талабы.

Көзіқарақты жұртқа Ю.Ти­мо­шен­коның неге жазаланғаны бел­гі­лі. Ресеймен «газ келісімшартын» жа­­са­ғанда, елдің мүддесіне қайшы әре­­кетке барғаны үшін жеті жылға сот­талған. Бұл – қылмыстық жағы. Мұның саяси да жағы бар: ол – қа­зіргі президент Януковичке алда­ғы сай­лау­да негізгі оппонент. Ха­лықтың, сайлаушылардың біразы жапа шеккен қайраткерге ықыласы ауып кетуі әбден мүмкін. Оның үстіне, оны жақтайтын беделді саяси күш те бар. Сондықтан, Янукович оның түрмеден шықпағанын қалайды.

Батыс бұл мәселенің сая­си жағына көп мән бөледі. Ю.Ти­мошенконың сотталуының мәні сол саясатқа байланысты дейді. Сондықтан да Украина Еуроодақтай экономикалық ұйымға кіруі үшін саяси қудалауға бармауға тиіс. Ондай жағдай орын алып отырғанда, Еуроодақтың қақпасы ашылмайды. Ал Украинаның оған кіргісі келеді. Бұл – елдің көптеген бергі саясаты. Кезінде Батысқа бет бұруды қазіргі оппозиция бастап, ал В.Янукович Ресейге бағыт ұстағаны белгілі. Енді ол да Батысқа бұрылған. Батыс Ю.Тимошенконы босатуды талап етеді.

Қазір қызық жағдай қалып­тасып отыр. Елдің мүддесі үшін Ю.Ти­мошенконы босату да қажет шығар. Бұл жерде В.Януковичтің, сондай-ақ, Аймақтар партиясының (парламентте шешім қабылдау үшін) ықыласы керек. Бірақ бұ­рынғы премьер-министрді қалай да қаралау науқаны кезінде оған қарсы жаңа қылмыстық айғақтар шықты. Бұрын «газ келісімшартымен» айыпталса, енді оның бұдан әлдеқайда бұрын үкімет басшысы болған Павел Лазаренкомен бірге жасаған қылмысы қосылды. Бұл жөнінде АҚШ-та және Швейцарияда іс қозғалыпты. Бұл аздай, Ю.Тимо­шенконы бір бизнесменнің өліміне қатысы барлығы да айтыла бастады.

Бұдан кейін бұрынғы премьер­дің президент күресіне қосылып, В.Януковичке оппонент болуы екіталай сияқты. Содан да Еуроодақ басшылығының ыңғайына жығылып, босата салуға да болғандай-ау. Бірақ бұрынғыдай біреу емес, үш бірдей қылмыс арқалаған адамды қалай босатарсың? Мұның өзі де заңсыздық, ел беделіне нұқсан келтіретін жағдай емес пе? Тіпті, мұны Брюссельдің өзі қалай қабылдайды? Сөйтсе де, Жоғарғы Рада Ю.Тимошенконы емделуге босатты. Бірақ біржола емес.

Украина қауымы күрделі жағ­дайды бастан кешіп отыр. Бұрынғы одақтас, туысқан деген елдермен іргені бөліп, Батысқа қарай бұрылмақ. Содан бақытын таба ма, кім білген. Тіпті, ассоциацияға қабылданғанмен, ол Еуроодаққа мүшелік емес. ...Алда бұл елді біраз белгісіздік күтіп тұр.

Елдерге еңбек мигранттары керек пе?

Қазір Ресей қоғамында еңбек мигранттары туралы мәселе айрықша өткір қойылып отыр. Жүргізілген сауалдамаға қарағанда, бүкіл ресейліктердің 73 пайызы, ал мәскеуліктердің 80 пайызы оларды елден аластау керек деген пікірді қолдайды екен. Ал сұраққа жауап бергендердің 66 пайызы «Ресей – орыстар үшін» ұранын жақтаса, 19 пайызы мұны фашистік ұран санайды.

Мұның өзі бұл елде қазір орыс шовинизмінің, орыс ұлтшылдығының айтарлықтай белең алғанын аңғартады. Олардың көпшілігі басқа халық, ұлт, нәсіл өкілдеріне теріс пиғылмен уланған. Белгілі ғалымдар, саясаттанушылардың пікірінше, бұл ең алдымен орыс қауымының мүддесіне қайшы. Сырттан келіп, осы елде еңбек етіп жатқандар ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосады. Егер, қазір қалыптасып отырған көңіл күйге орай, еңбек мигранттарын шеттету толық жүзеге асырылар болса, ол елдің саяси да, экономикалық та өміріне айтарлықтай нұқсан келтіреді, тіпті, біршама әлсіретеді.

Мәскеудің Бирюлево ауда­нындағы мигранттарға қарсы оқиға – олар еңбек ететін көкөніс базасын талқандау жұртты біраз дүрліктіргені белгілі. Сонымен бірге, ел үкіметінің де осынау шетін мәселеде жағдайды уысынан шығарып алғанын да аңғартқандай. Ұлтшылдардың ыңғайына жығылып, еңбек мигранттарына көзқарастарын өзгертіп, оларды айыптауға қосылғаны бар. Ұлтшылдардың шектен шыққан әрекеттеріне төзімділік жасаумен бірге, мигранттарды қорғауға көңіл бөлмеді. Соның салдарынан әсіреұлтшылдар арасында ғана емес, жалпы көпшілік қауымда елдегі көп кемшілік, атап айтқанда, жұмыссыздықтың, қылмыстың көбеюі соларға барып тірелетіндей пікір қалыптасқан.

Мигранттарға тағылатын кейбір «айыптарға» тоқталайық. Ұлтшылдар болсын, оларды қолдаушылар болсын, сол мигранттарды елде жұмыссыздықты күшейтті, орыстардың орнын алып қойды дегенді айтады. Сарапшылардың пікірінше, негізінен олар орыстар атқармайтын, жалақысы тө­мен жұмыспен ғана айналысады, азға қанағаттанады. Және бұл жұмыстарын, өздерінің мүддесі үшін, барынша сапалы атқарады.

Сондай-ақ, мигранттар арасында қылмыс жасаушылар көп деген пікір де жаңсақ. Елдің құқық қорғау орындарының мәліметі бойынша, жалпы елдегіге қарағанда, олардың арасындағы қылмыс көп төмен. Бірақ сол қылмысты бадырайтып көрсетуге ақпарат құралдары да, ұлтшылдар да, құқық қорғау орындары да барынша белсенді араласады. Содан да жағымсыз пікір қалыптасады.

Ресейге еңбек мигранттары Тәжікстаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан барады. Олардың жағдайлары бұрыннан да оңып тұрмаса да, қазір мүлдем мүшкіл. Осы жерде Бүкілресейлік «Еш­лар» қозғалысының басшысы Әбдужабаровтың Өзбекстан президенті Ислам Каримовке ашық хатынан үзінді келтіре кетейік: «Петербургте 4 қараша күнгі мереке кезінде скинхедтер екі өзбекті өлтіріп, 20 өзбекті сабады. Бирюлеводағы оқиға кезінде де бір өзбек өлтірілді. Бәрі де елеусіз қалдырылды. Бұл елдегі елшілік мұның ешқайсына араласпады...». Ресейде екі миллионнан астам өзбек – гастарбайтер. Осындай жағдай тәжіктерге де, қырғыздарға да тән.

Мигранттар мен ұлтшылдық мәселесі қатар аталады. Ұлт­шыл­дар мигранттарға қарсы күрес ашып, өз еліне үлкен нұқсан келтіреді. Көптеген өркениетті елдерде мигранттардың еңбегі экономикаларының дамуына айтарлықтай үлес болып қосылады. Дамыған Германия бұған жақсы мысал. Сауд Арабиясының бүкіл қызмет көрсету саласы еңбек мигранттарының мойнында. Бірік­кен Араб Әмірліктері туралы да осыны айтуға болады. Әсіресе, өндірістік кеңістігі үлкен, бірақ еңбек ресурстары шектеулі елдер үшін бұл – үлкен резерв. Мұны ресейліктер ғана емес, басқалар да ескерсе, жөн-ау дейсің.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».        

Соңғы жаңалықтар