Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Атом энергиясы комитетіне қарасты Ядролық физика институты директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Насурлла БӨРТЕБАЕВПЕН әңгіме
Ешқандай қауіпке жол бермесек, атомнан тиімді энергия көзін таба алмаймыз
– Насурлла Тоқанұлы, кейбір деректерге сүйенсек, 2050 жылға қарай әлемде атом энергиясына деген сұраныс екі есеге дейін артуы мүмкін екен. Бұл «болашақта адамзат атом энергетикасына тәуелді болады» дегенді білдіре ме? Өзіңіз қызмет атқаратын Ядролық физика институты бұл бағытта қандай жұмыстар атқаруда?
– Әңгімемді Ядролық физика институтының 1957 жылы құрылғанынан бастайын. Кеңес Одағы кезінде онда қару-жарақты, әсіресе, ядролық қару-жарақты, зымыран техникасын дамыту секілді үлкен ауқымдағы мәселелер шешілген. Үкімет тарапынан бұл салаға үлкен қаржы бөлінді.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Атом энергиясы комитетіне қарасты Ядролық физика институты директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Насурлла БӨРТЕБАЕВПЕН әңгіме
Ешқандай қауіпке жол бермесек, атомнан тиімді энергия көзін таба алмаймыз
– Насурлла Тоқанұлы, кейбір деректерге сүйенсек, 2050 жылға қарай әлемде атом энергиясына деген сұраныс екі есеге дейін артуы мүмкін екен. Бұл «болашақта адамзат атом энергетикасына тәуелді болады» дегенді білдіре ме? Өзіңіз қызмет атқаратын Ядролық физика институты бұл бағытта қандай жұмыстар атқаруда?
– Әңгімемді Ядролық физика институтының 1957 жылы құрылғанынан бастайын. Кеңес Одағы кезінде онда қару-жарақты, әсіресе, ядролық қару-жарақты, зымыран техникасын дамыту секілді үлкен ауқымдағы мәселелер шешілген. Үкімет тарапынан бұл салаға үлкен қаржы бөлінді.Ол қаржыларды игеру үшін Кеңес Одағында 4 өңірлік ядролық орталық құрылды. Олардың бірі – Новосібірде, келесісі – Өзбекстанда, тағы бірі Алматыда бой көтерді. Төртінші орталық бұрыннан бар еді, кейін ол Киевте Ядролық физика институты деп қайта құрылды. Олардың негізгі мақсаты – ядролық физиканың фундаментальді бағыттағы жұмыстарын іске асыру, ядролық қару-жарақтардың қасиеттерін зерттеу, ең қажетті түрлерін ойлап шығару еді. Қазір ядролық қару-жарақ жеткілікті түрде дамыған. Егер, әлемдегі бірінші жарылған 20 килотонналық атом бомбасының диаметрі екі метрге жуық болса, бүгінгі 200 килотонналық бомбаның көлемі одан ондаған есе кем.
50-жылдардағы Ядролық институттардың екінші мақсаты атом энергетикасына қажетті ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу болса, үшінші бағыты, ядролық физиканың жетістіктерін ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке, медицинаға қолдану болды. Бүгінде біз сол жылдардан бері жүзеге асырылған жұмыстарды жалғастырып келеміз. Дегенмен, барлығымыз Чернобыльдағы, Фукусимадағы жағдайды білеміз ғой. Сондықтан, атом реакторларының техникалық қауіпсіздік деңгейі түбегейлі шешілді деп айтуға болмайды. Әлі де реакторлардың жаңа түрлерін жасау керек. Мәселен, бірінші буын реакторлары 50-60-жылдары іске қосылған жай реакторлар десек, қазіргі екінші деңгейдегі реакторлардың қауіпсіздігі мейлінше арттырылған. Ал 10-15 жылдан кейін іске қосылатын үшінші және 2040 жылдары іске қосылатын төртінші буын реакторларының қауіпсіздігі физиканың заңдылықтарымен байланыстырылмақ. Ондай реакторлардың жұмысында апаттық жағдай туындаса, адамның тікелей қатысуы қажет емес, «мынаны дереу барып, өшірейік» деп жанталасудың да керегі жоқ, ондай реакторлар физикалық құбылыстардың ерекшеліктеріне сәйкес, өз-өзінен сөніп қалады.
– Бірақ атом реакторларының зиянды тұстарын жоққа шығара алмаймыз ғой? Мәселен, Чернобыль мен Фукусимадағы атом стансаларында екі ірі апат орын алғаннан кейін жұрттың бұл салаға үрейлене қарайтыны рас. Кейбір елдердің атом стансаларын жауып та жатқан жайы бар. Күн, жел энергиясын көбірек пайдалану жөнінде бастамалар көтерілуде. Бұған сіздің пікіріңіз қандай?
– Әрине, кейде жел сөздер де, даурықпа сөздер де көп айтылады. Олардың барлығы дау тудыру үшін де айтылуы мүмкін. Елімізде біршама экологтар бар, оларды «жасыл экологтар» дейміз. Солар кейде: «Таза энергия көздерін табайық», деген тұрғыда бастама көтеріп жатады. Бұл, әрине, жақсы ұсыныс. Бірақ, бұл бастамалардың артында үлкен технология жатқанын ұмытпау керек. Егер, осы жағынан салыстыра сараласақ, ол жаңағы даурықпа сөздерден артылмай, аспай қалады. Әлемде 400-ден аса атом стансасы бар. Соңғы жылдарда олардың 2-уінде ғана апат болды. Чернобыльдағы апат адамдардың, яғни мамандардың қателігінен орын алды. Фукусимадағы апаттың себепшісі – табиғат. Сондықтан, «қорыққанға қос көрінеді» дегендей, қорқа беруге болмайды. Тек техникалық қауіпсіздікті сақтасақ, одан тиімді энергия көзі жоқ.
– Дегенмен, экологиялық тұрғыдан алғанда, атом электр стансасының радиоактивтік залалы бар ғой.
– Рас, күн энергиясы қауіпсіз. Бірақ, ол дайын фотоэлементтерді қоссаңыз ғана қауіпсіз. Ал күн сәулесін электр энергиясына айналдыруға қажетті технологияны зауытта жасау әзірше өте қымбат. Фотоэлементтерді жасап, шығару үшін химиялық технология керек. Оның қоршаған ортаға зияны анағұрлым көп. Иә, экологиялық тұрғыдан атом-электр стансасының радиоактивтік залалы бар деп айтып жатады. Алайда, мамандар ондай апаттарға мүлдем жол бермеу жағын ойластыруда. Ал көмір стансасы тұрақты жұмыс істесе, атом стансасынан 40 есе көп радиация шығарады. Өйткені, көмірдің құрамында түрлі қышқылдар, тұздар, ауыр элементтер, уран бар. Оның күл-тозаңы егін егетін, мал жайылатын жерлерді ластайды. Ауаға тарайды, жерге түседі. Осы жағын да ойлау керек. Ал күн таңертең шығады, кешке батады. Сонда түнде электр энергиясының көзі жоқ болса, не істейсіз? Жел де қазір болып, сәлден кейін басылып қалуы мүмкін. Атом-электр стансасының энергия көзі өте тұрақты. Оның үстіне, мұнай мен көмір 100 жыл, әрі кетсе 400 жылда сарқылады. Олар – химиялық өндіріске ең қажет шикізат. Бірақ олар таусылған соң не істейміз? Елімізде мұнайдың, көмірдің, уранның мол қоры бар. Соларды мейлінше үнемді, тиянақты пайдалану қажет.
Полигон аймағы тиянақты зерттелді. Қауіп жоқ.
– Бұрынғы Семей полигоны аймағындағы жердің зерттелу деңгейі туралы не айтасыз? Мамандардың сөздеріне қарағанда, Семей полигонының жалпы аумағы 18 мың шаршы шақырымды құраса, соның 5 мың 600 шаршы шақырымына зерттеу жұмыстары жүргізілген екен.
– Біздің Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институты 1993 жылдан бері осы мәселемен тікелей айналысып келе жатыр. 1993 жылға дейін біз Семей полигоны аймағына жіберілмейтін едік. Біз түгілі, біздің басшыларымыз да жіберілмейтін. Бірақ, кейін еліміздің тәуелсіздік алуының арқасында бір жағынан бұл мәселелердің барлығы біздің мойнымызға ілінді. Соған сәйкес, бұл мәселені өз жауапкершілігімізге алдық. Біз полигон аймағын 20 жылдың ішінде толық болмаса да, тиянақты зерттеп, радиация деңгейін сараптамадан өткіздік. Жалпы алғанда, Семей полигонының басым бөлігінің радиациялық деңгейі қалыпты деуге болады.
– Сала мамандары сол зерттелген жерлерді халық шаруашылығына, ауыл шаруашылығына беру жөнінде мәселе көтерген кезде біраз дау-дамай туындағаны белгілі. Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, Семей полигоны маңайындағы радиацияға ұшыраған жерлердің қалыпқа келуі үшін кемінде 300 жыл керек екен. Сіз уланған жерлерді қолданысқа толық қайтару турасында не айтасыз?
– Семей полигонының зерттелген жерлерін, яғни радиациялық деңгейі қалыпты аймақтарын халық шаруашылығына пайдалануға беруге болады. Әрине, атом бомбалары жарылған жерде, тәжірибелік аймақта, жарылыстың ошағында радиация деңгейі жоғары. Семей полигонының соншалықты үлкен аумақты алып жатуының бір себебі, ядролық жарылыстан кейін жел тұрса, оның қалдықтары сөзсіз жан-жаққа ұшады. Ал сол қалдықтар ұшқан аумақ түгелдей қоршалған. Бұл орайда, мынаны да айтуға болады. Мәселен, Хиросима мен Нагасакиде бомба жарылды. Бірақ, сол жерлерді жауып тастаған жоқ қой. Қазір онда да адамдар тұрып жатыр. Демек, мұның барлығы радиацияның деңгейіне байланысты. Радиацияның біз өлшеген мөлшері бойынша Семей полигонының 5-10 пайыз жерінде ғана радиацияның жоғары деңгейі бар. Ал қалған жерде радиация деңгейі қалыпты. Сондықтан, біз ол жерлерден несіне қорқамыз. Оларды біртіндеп ауылшаруашылық айналымына қосуға болады.
– Ядролық сынақтан кейін топырақта цезий-137, строиций-90, плутоний-239 радионуклеидтері қалады екен. Бір ғана плутоний-239-дың жартылай ыдырау мерзімінің өзі 24 мың жылды қажет ететін көрінеді. Демек, белгілі бір жерді қолданысқа қайтару кезінде осы жайттарды да назарда ұстаған жөн емес пе?..
– Әрине, олардың басым көпшілігі жарылыс болған аймақтарда қалған ғой. Сондықтан, ондай элементтердің қалдықтары әлі де бар. Енді оны өзің апарып, шашып тастамасаң, барлығы сол жерде жатады ғой. Жер астындағы сулармен бару қаупі де жоқ емес. Бірақ, ол қай жерге дейін баруы мүмкін. Әрі кетсе, 5-10 шақырым жерге дейін барар. Ал жерасты сулары жылына орташа есеппен бірнеше метр ғана жылжиды. Сонда ол жаңағы айтқан 10 шақырымға жүздеген жылдарда баруы мүмкін. Ал оған дейін ондай элементтер ыдырап та кетеді. Яғни, кез келген элементтің жартылай ыдырау кезеңі бар. Соған байланысты радиацияның деңгейі жыл өткен сайын біртіндеп төмендей береді. Нәтижесінде, бір замандарда ол жойылады. Дүниеде тұрақты ештеңе жоқ. Сол тұрғыдан алатын болсақ, адам тұрмайды деген жерлердің өзі мыңдаған жылдардан кейін тап-таза болып шығады.
– Полигон аймағын зерттеу барысында қандай да бір қиындықтар кездескен жоқ па? Біздің білуімізше, зерттеу жұмыстарына кеткен қаржының жалпы көлемі 200 млн. АҚШ долларын құраса, соның 15 млн.-ға жуығы республикалық бюджеттен бөлініпті. Қалған қаражат шетелден, халықаралық қорлардан тартылған екен. Зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде қай елдермен байланыс орнатылды?
– Әрине, ол мәселелер ғылыми-технологиялық тәсілдерге байланысты ғой. Қазіргі таңда шешілмейтін мәселе жоқ. Шынын айтсақ, бүгінде полигон аймағы жерлерінің ерекшеліктерінің барлығы анықталған. Ол жақта айтарлықтай «құпия» ешнәрсе жоқ. Әрине, жаңағы айтқан 5-10 пайыз жерді ауыл шаруашылығына беруге болмайды. Себебі, ол жерлерде бір жарылыс емес, 400-ден астам бомба жарылды ғой. Мәселен, бір жарылыс болған Хиросима мен Нагасакиде ел тұрып жатыр. Семей полигонында кем дегенде 400 бомба жарылды. Сондықтан, 400 бомба жарылған жерде радиациялық қалдық та 400 есе көп деген сөз. Ол жерде ешқашан тұруға болмайды. Одан алыс жерлерде ешқандай проблема жоқ. Ал желмен алып барған қалдықтар өз уақытында ыдырап кетеді. Радиацияның деңгейі көп болса, әрине, зиян. Ал аз болса, оның соншалықты зияны жоқ. Демек, ол сол жарылыстар болған жерлердің радиациясының концентрациясына, құрамына байланысты. Бұл мәселелер, әрине, басқа елдерді де алаңдатты. Сондықтан, АҚШ, Жапония, Еуропа мемлекеттерінің тарапынан осы мағлұматтарды алуға қызығушылық танытылды және соған керек қаражат та бөлінді. Әрине, бұл бізге үлкен көмек болды.
Бүгінде Семей полигоны аймағының 80-90 пайызының радиация концентрациясы қалыпты деңгейде. Бұл мәліметтерді біз шетел мамандарымен бірге сараптама жүргізе отырып анықтаймыз. Сондықтан, бекерден-бекер улап-шулап, қорқа берудің қажеті шамалы. Ғалымдардың зерттеулерін, мағлұматтарын қолдану керек, соларға сүйену керек. Ал ғалымдардың айтуларынша, қазіргі таңда соншалықты қауіп жоқ. Зиянды, қауіпті жерлер әлдеқашан қоршалып қойылған. Үкіметтің арнайы шешімі бойынша ондай аймақтар бақылауға алынған. Біздің институттың бір міндеті – осы полигон аймағын бақылап, тексеріп отыру.
Радиоактивті элементтердің қалдықтары қаншалықты зиянды?
– Қауіпті элементтердің жерасты суларымен бару қаупі де бар дедіңіз. Мәселен, ядролық жарылыстар кезінде полигон аумағының топырағында түзілген тритий деген элемент сутегін алмастырып, сумен тарай береді екен. Мамандардың зерттеу жұмыстары барысында осы тритий алғаш рет Дегелең аумағынан тысқары Қаражал кеніші ұңғыларынан табылыпты. Бұл радиоактивті элементтің қалдықтары қаншалықты зиянды?
– Цезий-137 мен строиций-90 қатар жарылған кезде қоршаған ортаға тритий ядролары да бөлінеді. Ауадағы жарылыстар кезінде бұл радиоактивті ядролар тез жоғары көтеріліп, жалпы, концентрациясы тез арада төмендейді. Ал жерасты жарылыстарында ол судың құрамындағы сутегімен алмасып, жерасты суына араласып кетеді де, жоғары радиациялық деңгей сақталады. Есесіне, бұл радиоактивті ядроның жартылай ыдырау уақыты цезий мен строицийдің жартылай ыдырау кезеңінен екі-үш есе аз. Сол себепті, жерасты суының құрамындағы тритий анағұрлым тез мерзімде жойылады да, белгілі уақыт өткен соң ол жерасты сулары таза болады.
– Өткен жылы бұрынғы Семей ядролық полигонындағы Дегелең таулы сілемінің кен қазбаларында қалған жүздеген килограмм ядролық материалдардың перманентті қауіпсіздігі мен консервациясын қамтамасыз ету бойынша қиын жұмыстар аяқталған екен. Осы жұмыстар нәтижесі туралы не айтасыз?
– Дегелең таулы сілемінің жерасты ұңғымаларында жарылыстан қалған радиоактивті қалдықтардың сыртқа таралу ықтималдығына мейлінше техникалық кедергілер, тосқауылдар ұйымдастырылған. Сол себепті, бұл мәселеге алаңдамай-ақ қоюға болады.
– Сіз кейбір ғалымдардың: «Семей полигоны аймақтарын пайдалануға бергеннен гөрі, осы аймақтарда тұрып жатқан халыққа төленетін жәрдемақыны көбейту керек», деген пікірлері турасында не айтар едіңіз. Мәселен, Жапонияда ядролық жарылыс болған жерлерде тұратын халыққа үш деңгейлі көмек көрсетіледі екен.
– Жерді пайдалану – ол экономикалық мәселе. Жәрдемақы төлеу – әлеуметтік мәселе. Олар Үкімет тарапынан шешіледі.
– Ядролық физика институты радиациялық экология, радиациялық медицина бағыттарында қандай ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде?
– Қазақстан аумағындағы радиациялық экология проблемаларымен айналысу – біздің институтқа жүктелген мемлекеттік тапсырыс. Біз бұл бағыттағы зерттеулермен тұрақты және күнделікті айналысамыз. Біздің институтта дамытылып жатқан болашағы зор ядролық технология мен әдістемелерді қолдану арқылы еліміздің өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамытуға, халыққа дәрігерлік қызмет көрсетуді жақсартуға, сөйтіп, инновациялық ірі қадамдар жасауға мүмкіндік туады.
Әлеуметтік маңызы зор инновациялық бағыт – ядролық медицина технологиялары – радиоизотоптар өндіру. Бүгінде Қазақстанда қолданылатын радиоизотоптардың басым көпшілігі Алматыдағы біздің институтта шығарылады. Бұл өнімдермен Қазақстандағы барлық емханалар мен ауруханаларды қамтамасыз етіп отырмыз. Жуырда біздің институтта жаңа ядролық медицина және биофизика орталығының инфрақұрылымының іске қосылуы аяқталады. Оның негізі – 30 МэВ энергиялы протондарды үдететін С-30 циклотроны. Яғни, ядроларды үдетілген протондармен атқылаған кезде олардың қасиеттері өзгереді де, радиоактивті изотоптарға айналады. Қазір дүние жүзінде осындай 30 мың үдеткіш бар. Оның тең жартысы ядролық медицина саласында қызмет атқарады. Еуропада соның арқасында ғана жүрек-қан тамырларына операция жасау екі есе азайған.
Қазақстанда бүгінде жүрек-қан тамырлары аурулары ерекше өршіп тұр. Екінші орында – онкология. Егер, ядролық зерттеулерді осындай қауіпті сырқаттарға бағыттай білсек, ісік ауруларын хирургиялық емес, радиоизотоптық әдіспен емдеуге болады. Бұл үдеткіш толық іске қосылғанда шығарылатын радиоизотоптардың көлемі мен құрамы тек қазақстандық медициналық және өнеркәсіптік сұранысты ғана қамтамасыз етіп қоймай, шетелдерге де көп мөлшерде сатуға мүмкіндік ашылады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».