Футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті тур ойындары түрлі оқиғалармен жанкүйерлердің есінде қалды. Мәселен, «Тараз» екінші таймның ортасына дейін 2:0 есебімен алда тұрғанымен, матч соңында әрең дегенде тең есепті сақтап қалса, «Жетісу» да дәл сондай есеппен «Қайратты» жеңіп жатып, қарсыласына ірі есеппен жол берді. Сонымен қатар алматылықтар екі бірдей 11 метрлік айып добын орындай алмады.
«Оқжетпес» – «Қызылжар» – 2:1
13-тур ойындарының шымылдығын чемпионатта жан сақтап қалудың қамына кіріскен екі аутсайдер команда ашып берді. Ең кейінгі жеңісіне 26 тамызда қол жеткізген Көкшетаудың «Оқжетпес» клубы өз алаңында Петропавлдың «Қызылжар» командасын қабылдады. Матчта теріскейліктер есепті бірінші болып ашқанымен, кездесу соңында қарсыластарына есе жіберді. «Қызылжар» клубы да 30 тамыздан бері жеңістің не екенін білмей келе жатыр.
Бірінші таймның 43-минутында Шота Григалашвили «Қызылжарды» алға шығарса, екінші таймда екі гол соққан «Оқжетпес» маңызды үш ұпайын иеленді. Голдардың авторлары – Дарко Зорич пен Артем Дмитрижев. Матч барысында «Оқжетпес» футболшылары белсенді ойнады және жеңіске деген сенімі оларды алға жетеледі. Көкшетаулықтар бұл ойында турнир кестесіндегі басты қарсыласын жеңіп қана қоймай, уақытша қауіпті аймақтан шықты.
«Тараз» – «Қайсар» – 2:2
«Оңтүстік дербиінде» «Қайсар» клубын қабылдаған «Тараз» кездесудің бірінші таймында екі гол соғып, ойында үстемдік танытты. Алайда матчтың екінші 45 минутында Владимир Никитенконың шәкірттері ойындағы басымдықты сақтай алмай, қақпаларына екі гол өткізіп алды. Былтыр «Тараздың» намысын қорғаған, биыл «Қайсар» клубында доп тебетін Элгуджа Лобжанидзе өзінің бұрынғы клубының қақпасын екі мәрте дәл көздеп, қазіргі командасына тең нәтиже сыйлады.
«Шахтер» – «Ордабасы» – 0:1
Чемпионатта жоғары орындарға қол жеткізуді көздейтін Шымкенттің «Ордабасы» клубы мақсатына тағы бір маңызды қадам жасады. Қарағандының «Шахтерімен» үш ұпайды сарапқа салған шымкенттіктер қиындыққа тап болса да, жеңіске жетті. «Ордабасының» бразилиялық «джокері» Жоао Пауло ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды соқты. Оның айып алаңының ішінен жасаған соққысы «Шахтер» қорғаушыларының біріне тиіп, доп қақпа төрінен табылды. «Ордабасы» бұл жеңістен кейін 21 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. Ал «Шахтер» 16 ұпаймен алтыншы орында қала бермек.
«Жетісу» – «Қайрат» – 2:4
Турдың тартысты әрі ең көп гол соғылған кездесуі аталған екі команда арасында өтті. Алты гол соғылған ойында екі 11 метрлік айып добы орындалды және екі футболшы қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Кездесуді сәтті бастаған «Жетісу» 20 минутта екі гол соғып, есепте алға шықты. Бір қызығы, екі гол да «Қайрат» футболшыларының қателігінен кейін соғылды. Десе де бірінші тайм соңына дейін «қалалықтар» Абат Айымбетовтің соққан голының арқасында есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды.
Бірінші тайм сияқты екінші таймда көрермендер үш голдың куәсі болды. Алайда үш голды да «Қайрат» ойыншылары соқты. Абат Айымбетов дубльдің авторы атанса, «Қайраттың» беларусь қорғаушысы Денис Поляков пен 19 жастағы шабуылшы Данияр Үсенов чемпионаттағы тұңғыш голын соқты. Екінші таймда «Жетісу» клубының екі ойыншысы тәртіпсіздігі үшін алаңнан қуылып, командаластарын қиын жағдайда қалдырып кетті. 60-минутта шабуылшы Мирам Сапанов екінші сары қағазын алса, 94-минутта Аслан Дарабаев қызыл қағазбен жазаланды.
«Каспий» – «Тобыл» – 0:1
Өз деңгейіндегі командаларға қарағанда, чемпиондыққа үміті бар клубтарға оңайлықпен ұпай бермейтін Ақтаудың «Каспийі» бұл жолы да әдетінен жаңылған жоқ. Өткен турда еліміздің алты дүркін чемпионы «Астана» клубынан айласын асырған (2:1) «Каспий» бұл турда чемпиондықтан басты үміткер командалардың бірі саналған Қостанайдың «Тобылына» лайықты қарсылық көрсетіп, әбден әуреледі. Қостанайлықтар матч бойы басымдық танытып, сәт сайын шабуылға шыққанымен «Каспий» қорғанысын біраз уақытқа дейін бұза алмады. Тек екінші таймның орта тұсына келгенде ғана «Тобыл» стандарт жағдайындағы мүмкіндігін пайдаланып кетті. Кездесудегі жалғыз әрі жеңісті голды 70-минутта Сергей Малый соқты. Азат Нұрғалиевтің бұрыштамадан асырған пасын Малый голға айналдырды. Осы жеңістің арқасында «Тобыл» 23 ұпай жинап, турнир кестесінде «Астана» мен «Ордабасыдан» (екеуі де – 21) озып, екінші орынға көтерілді. «Қайрат» көш басында (32 ұпай), ал «Каспий» соңғы орында (7 ұпай) қалып қойды.