• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Сәуір, 2010

ШҰҒЫЛА ЖҮРЕК

940 рет
көрсетілді

Әбіш аға ресми тұлға, әрине. Алайда, біз ол кісіні ресми тұлғадан бұрын ұлы жазушы, ғазиз жүректі жан райында жақсы көреміз. Өзімізге ұстаз тұтамыз. Көріспегелі біраз болған. Әбіш аға мейірленіп қарсы алған соң төбем көкке елі жетпей қалды. Бақытқа кенелгендей болдым. Әбекеңмен шүйіркелесе әңгімелестік. Кісіні алаламай, бөлмей тұтас қарайтын Әбекең­дей қазақ қайда?! Ел боламыз десек Кекіл­баев кеңдігін, алты Алашқа бірдей теңді­гін үйрене білуіміз керек. *** Ұмытпасам, 2000 жылдың шіліңгір шілдесі. Елбасы тапсырмасымен Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік хатшысы Әбіш Кекілбайұлы Оңтүстік Қазақстан облысын аралап, атқарылған істермен танысып жүрген. Әбекең облысқа келіп, одан аудан-ауданды аралап кете барыпты. Мен мемлекеттік қызметтемін. Қызмет болғанда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты бастығының орынбасарымын. Ішкі саясат бөлімін қосып басқарамын. Облыс әкімі – билік институтындағы белгілі тұлға Бердібек Сапарбаев. Бұған дейін Қызылорда облысын абыроймен басқарған. Қызылордадан Шымкентке Бекеңе есендесе келіп-кетіп жататын бұрынғы қызметтестерінің әңгімесіне қарағанда облыс жұртшылығы Бердібекті бізге қимайтын секілді. Біздің облыс жұртшылығы әзір іскер азамат, табанды басшы қадіріне жетіп үлгерген жоқ. “Бердібек біздің әрбіріміздің үйіміздегі бір-бір бала секілді еді. Көгілдір экраннан Бердібектің төбесін көрсек: “Е, ел аман, жұрт тыныш екен ғой” – деуші едік”. Бұл – белгілі ақын, сазгер Лена Әбдіхалықованың анасының сөзі. Асылы Бердібек қайраткерлігін халыққа арнайтын әкім. Бұқара халық та сосын жақсы көретін болар. Қара жолдан қаражат шығаратын іскерлігіне жұрт қайран қалысатыны және бар. Бердібек Қызылордадан Оңтүстік Қазақстан облысына ауысып келгенде басқасын былай қойғанда облыс орталығы Шымкентте не жарық, не жылу жоқ еді. Қызметке келген сол бір күндері өз көзімізбен көп қабатты үйлердің жоғары қабатынан қыз-келіншектердің етін салып, қамырын құрғақтай қамтып, қазанын көтеріп жерге түсетінін, көшедегі құсақ ағашты қойғанда өсіп тұрған ағаштарды сындырып отқа жағып, піскен асты қайтадан көтеріп белі майысып жоғары қабаттарға қарай көтеріліп бара жататынын талай рет көргенбіз. Бердібек Мәшбекұлы облысты осындай түн-түнекте отырған кезінде қабылдап алды да, аз уақыттың ішінде жарығын жағып, жылуын беріп, көгілдір отынын үйлеріне кіргізіп, ыстық, суық суын қайта ағызып, аз уақытта күнеске шығарды. Халық алғысына бөленді. Жарық келді жарқырап. Жұрт қарық болды. Жылу келді. Көгілдір отын әрбір үйдің ошағында лаулайды. Күннің көзін көргісі келмейтін “байғыз-пенделердің” көзі қарықты. Жарқанат-пенделердің тынысы тарылды. Облыстың іскер әкіміне қарсы жойқын шабуыл бастал­ды. Облыстан Б.Сапарбаев үстінен неше түрлі арыз жөнелтіледі. Тағы бір толқын арыз түскен. Содан Елбасы Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекіл­байұлына Оңтүстік Қазақстан облы­сына барып, аудан-ауданды аралап, жасалып жатқан жұмысты көзбен көруді, елмен кездесіп келуді тапсырады. Әбекеңнің жанында “Егемен Қазақстан” газетінің басшысы Сауытбек Абдрахманов бар. Әбекеңнен кездескен жерде жылы сөз есітіп қалатын әдетім. Сауытбек қатар оқыған, досжар жігіт! Сәлем бергім келіп тұрды да жарам­сақтанғандай бол­майыншы деген оймен тежел­дім. Әй, менің жасықтығым-ай, осы! Өзім оңтүстікте салт басты, сабау қамшылы жүріп жатырмын. Жарым, бала-шағам Алматыда. “Мен де адаммын жаралған сүйек, еттен” деп Сәбит Мұқанов айтпақшы, мен де жарымды, бала-шағамды сағынамын. Алматыға сұрануға батпаймын. Әлгіндей бір қазақ бір қазақты дос көрмей, өшіге жазып, өршелей ұмтылып жатқанда, жеке басың үшін сұрануға арың бармайды-ақ. Дегенде сұранамыз. Тікелей бастығым, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысы Кеңес Махамбетовтен сұранып, Алматыға кете қалғаным. Алматы топырағына табаным тигені сол. Үйге жетіп, балаларымның басынан сипап та үлгергенім жоқ, телефон шар ете түсті. – Құлеке, жедел қайтыңыз. Ұшақпен ұшыңыз. Әуежайда сізді қонаққа арналған 07 автокөлігі күтеді. Бекең іздеп жатыр. “Алматыға жібердім” десем, ренжіді. Бәлкім, сізді Әбекең –Кекілбаев іздетті ме? Білмедім. Айыптымын. Қайтыңыз. Бастығым Махамбетовтің үні. Салым суға кетті. Жедел қайттым. Мемлекеттік қызмет. Ештеңеге, ешкімге ренжуге болмайды. Ұшақпен ұшуға рұқсат етілді. Оған да рахмет. “Әбекең іздетті ме, қайдам?” – деді-ау, Кеңес бастығым. О, онда мен бақыт­тымын... Ұшақтың жайлы орынтағына жайғасып алып Әбекең – Әбіш Кекілбайұлы жайында ойланамын, толғанамын. Тіпті қай жанр туындылары болсын хас талант Әбекең ісмер қолынан шыққан бұйым – Бұйым! Замананың мына бір қысылшаң шағында өндіріп жазу орнына мемлекеттік қызмет деген бір мәселені тауып алып, ойда мансапқорлық жоқ, бойда оған деген бейім жоқ шақта қызметке жегіліп жүргенімді көрмеймісің. Әйтпесе, Әбіш Кекілбайұлы шығармашылығы туралы толымды бір кітап жазар ма едім?! Алайда, ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған Тәуелсіздікті алғанда оны халықтың қалыпты өміріне айнал­дырып тұрақтандыру үшін де менің осы жүрісім мысқалдай да болса үлес емес пе?! Менің ақ-адал қызметім облыс әкімін ғана қолдау ма екен, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлын да қолдау емес пе белгілі дәрежеде. Қазіргі таңда Елбасы айна­ласында кілең бір кіршіксіз таза адамдар жүр деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз ғой. Ардақты Әбекеңнің облысымызға келуінің өзі сол Құдайдан қорық­пағандардың ұйымдастырған арызының салдары емес пе екен? Солай шығар. Е, олай болса басқа біреуді жібер­мей, Әбекеңдей дүние­танымы мейлінше кең, ақ сөйлеп, адал жүретін кемел адамды жіберген Елбасына рахмет! Әбекеңмен көктемде Қызылжар жерінде кездескен едім-ау. Онда облыс әкімі Қажымұрат Нағмановты қабатына ала отырып, Тәуелсіздік жайында толғап еді-ау. Осы топыраққа келуімізге себепкер болған Сәбит Мұқанов жөнінде де біраз тебіренген. Сонда өзім ғұмырымның біраз жылын арнап, Сәбитті таныдым деп жүрген, тіпті қазаққа Сәбеңді қайта таныттым деп пендешілікке салынып астам жүрген басым Әбекең сөзінен кейін осы бір дүниетанымы қайшылыққа толы жазушыны таныту былай тұрсын, өзім әлі жете танымағандай күйге түскем. Сәбит Мұқанов және оның ЮНЕСКО бойынша тойланар тойы жөнінде айта келіп, Темірхан Медетбектің сұрағына орай, “Егер Сәбеңнің тойы ЮНЕСКО штабында тойланар болса, оған баруға құқылы бір адам болса – ол біздің мына Құлбек” – деп мен жайында тағы бір қозыкөш жерге жеткізе әңгіме айтқаны бар-ды. Мерейім өсіп қалған. Мен басымды бұға түстім де айналамдағылар жапырлай маған қараған. Есләм Зікібаев Әбекеңді қолдай, мені Сәбиттанушы ретінде көтермелеп сөз қосақтап жібергенін де жүзіммен емес, шуылдаған құлағыммен еміс-еміс естігенмін. Шынымен мені Әбекең іздетті ме екен? Өз сұрауымнан өзім селт ете түстім. Қалың ойдан арылып, бір сәт ойыс терезеден жерге қарадым. Шымкент топырағы. Келіп те қалыппыз. Ұшақтан түскен жерде, айтса-айтқандай-ақ, 07 автокөлігі күтіп тұр екен. Мені “Сарыағаш” шипажайына қарай ала жөнелді. Кезінде Д.А.Қонаев түсетін тәуірлеу ғимарат бар еді. Сонда әкелді. Әбіш ағаның осында жатқанын білдім. Сәлем бере кіріп келдім. – Ой, айналайын Сары бала!. Әбіш аға мені бауырына баса құшақтай амандасты. Амандық-саулық сұрастық. Мәселенің мән-жайы былай өрістепті. Мемлекеттік хатшы өңірге келген соң екі-үш күн қасында облыс әкімі бірге жүреді. Сол тұста Бердібек Мәш­бекұлы Ақбота есімді қызын ұзатып, “құйрық-бауыр жесіп”, құда-кәде жаса­сып жатқан. Әлденеше аудан­ды аралап, “Сарыағаш” шипа­жайына жет­кенде Мемлекеттік хатшы­ның қасын­да Бекең біраз болып, әлгіндей жағдайға бай­ланысты сұранады. Алдын сенбі, жексенбі етіп сұранып кетіп бара жатқан Бекеңнен Әбіш аға: – Келгелі Құлбекті көрмедім. Біздің Құлбек қайда, осы? –деп сұрайды. – Қызметте. Сізге жіберейін – дейді Бекең. Мені жер-көктен іздестірудің сыры осында жатыр екен. Әбіш аға ресми тұлға, әрине. Алайда, біз ол кісіні ресми тұлғадан бұрын ұлы жазушы, ғазиз жүректі жан райында жақсы көреміз. Өзімізге ұстаз тұтамыз. Көріспегелі біраз болған. Әбіш аға мейірленіп қарсы алған соң төбем көкке елі жетпей қалды. Бақытқа кенелгендей болдым. Әбекеңмен шүйіркелесе әңгімелестік. Е, ол күнгі әңгіме шер тарқатқандай емін-еркін әңгіме болды. Әбекеңді бәсіре аға тұтып әңгімесін еркін тыңдаған күнім. Есіме курстас досым түсті. Сауытбек бұдан жыл бұрын алдындағы жалғыз ағасынан айырылған. Әбекеңнің кісілігі ғой, қаралы шаңыраққа кіріп, үй иелеріне, ауыл-аймаққа көңіл айтпақ. Соған орай Сауытбек ауылына жүріп кетіпті. Әбекең қаралы ша­ңы­­рақ­қа көңіл айтты. Жәбірлі ауылға жұбату айтты. Қара шаңырақтан қаралы күйді қуып, бақытқа бастағандай теле­гей-теңіз тілек, көшелі әңгіме өрбітті. Шымкентке қайттық. Мәртебелі қонақ­тар қонақүйге түсті. Мен атқосшы. Ақшамда мәртебелі қонақ­тардың құр­меті­не дастарқан жайылды. Әбіш Кекілбайұлы – төрде, қасында – Бердібек Сапарбаев. Үстелдің бір қанатында – Сауытбек екеуміз, екінші қанатында – қала әкімі, қазіргі сенатор Болат Жылқышиев және оның орынбасары Сұлтан Сүгірбаев. – Бердібек, бәрібір бірінші сөзді маған бересің ғой. Сондықтан өзім-ақ бастай берейін. Бұл – Әбіш аға. Қара нардай орны­нан ырғалып тұрып сөз бастады. – Енді, сөйле­генде былай, Берді­бек, өзің басқарып отырған өңірді аралап көрдік. Пікірімді жол-жөнекей біліп те келесің. Тиісті орындарда кеңінен баяндармын облыс жағдайын. Бүгін мен басқа бір мәселе жайында айтайын деп тұрмын. Бердібек, сен шығармашылық адамдарына жақсы қарайтын сияқты едің. Оныңа біз сырттай сүйсініп жүруші едік. Кітап оқитын әкім азайған шақта оқитын, жақсы мен жаманды ажыратып танитын бір әкім болды ғой деп ойлаушы едім. Сол қамқорлығыңнан біздің Құлбек қағыс қалған сияқты. Құлбекке әлі үй бермепсің ғой. Мұның не қылғаның? Әкім бол – халқыңа жақын бол деген бар емес пе? Халық болғанда да, біздің Құлбек қаламгер. Жақсыңды жарқыратып көрсетеді. Қазақта “ауылдың баласы” деп қараушылық кездеседі. Құлбекке олай қарауға әсте бол­май­ды. Ол әдебиетте өз саласын­дағы екінің, әрі кеткенде үштің бірі. Егер, сен бағаламасаң мен баға­лаймын. Үй бермес болсаң ашып айт. Астанаға алдырайын. Қызмет берейін. Саған керек болмаса Құлбек Астанаға керек. Астананы – Астана ету үшін де Құлбектер керек. Қаламы қуатты, не жазса да тындырымды жазатын, не айтса да ойланып ойлы айтатын Құлбектей жандар керек Астанаға! Мен мына шарапты мемлекеттік қызметте жүріп те әдебиетке адал бейілін сақтаған үлкен қалам иесі – біздің Құлбек үшін, айналайын Сары бала үшін көтеремін. Келші бері, өзің... Мен аң-таң... Бейнебір ертегі әлеміне еніп кеткендеймін. Әлгіндей асыра мақтауларды жүрегіме қондырып үлгере алмай жатырмын. Көзім жыпылықтап қасымдағы досыма қараймын ... Әбекеңе “Шымкентте үйім жоқ, қиналып жүрмін”, –деп аузымнан лепес шығарсам не дерсіз?! Әлде Сауытбек айтты ма екен? Өткенде бір кездескенде: “Жазуды сирексітіп кеттің. Оңтүстікке қоныс аударғанда қылған пайдаң кәне? Басыңда баспанаң да жоқ. Астанаға ауыспайсың ба?”, деп біраз тақымдаған. Бәлкім, мейірбан Әбекеңді тұтандырған оттық қасымда отырған болмағай. Ол міз бағар емес. “Апыр-ай, осы сөздерді ұлы жазушымыз, Мемлекеттік хатшымыз Әбекең – Әбіш Кекілбайұлы айтып тұр-ау. Мен не деген бақыттымын?!”. Бақыттан тасыдым. Мең-зең қалыптан ақырын айығып, шайқала басып барып, жаны жайлау Әбіш ағаның мейірбан құшағына еніп кеттім. Дала бейіл дана Әбекең маңдайымнан сүйді. Пешенедегі жазу кісінің маңдайында болады деседі. Әбекеңнің ыстық мейірінен пешенедегі жазу да балқыған шығар-ақ. Байқаймын, Бердібек Сапарбаев маған көзінің астымен қарап отыр. Әлгіндей сөздерден кейін ешкіммен санасып жатуға шақтым жоқ. Рюмке толы коньякты доспен қағыстырып құлатып кеп жібердім. Мансап иелері, мемқызметкерлер сөйлеп жатыр сызылтып. Бірде-біреуі құлағыма кірер емес. Өзіммен өзім. Бір-екі айналым сөзден кейін облыс әкімі Әбекеңнен рұқсат сұрап құда күтуге кетті. Біраз отырдық. “Протокол” үшін отырғандар үйді-үйіне қайтты. Қонақтардың қасында біраз болып, түн жарымы ауа, қонақтарды бөлме-бөлмесіне жайғастырып мен қайттым. Ертеңіне ертелеп тағы да Әбекең­дердің қасынан табылдым. Сағат 10-да Сәкен Сейфуллин театрында Мемлекеттік хатшы облыс активі, қала жұртшылығымен кездесті. Орыс тілінің тұғырдан түсе қоймаған кезі. Әбекең бастан-аяқ қазақша сөйледі. Сөзінің аяғына таман аялы жанарымен жұртшылықты шола өтіп “ә, мұнда славян жұрағаты да отыр екен ғой” деп алып, ептеп орысша қосты. Асылы, ол күнгі сөз – сөз емес, толқыған теңіз еді. Теңіздей толқыған ой айтылды. Тәуелсіз­дік бағасы, облыстағы әрбір жетістік тәуелсіздікті баянды ету үшін жасалған әрекет, жалпы мемлекетті нығайтуға қосылған үлес екені, облыста жұмыстың ойдағыдай жүріп жатқаны, басқа емес, қазақтың бірін-бірі аяғынан шалып, омырауынан алып, шалғайына жармасып жатса қалай ел боламыз... Әбекең қозғаған тақырыптар осындай. Естір құлақ болса, қабылдар таза жүрек болса толқыған сөз, толғақты ой айтылды. Қиямпұрыстау бірер сұрақ берілді. Жауабын заматында алды. Жұртшылық риза болып ойланып, тарасып бара жатты... Түстік шайды (әрі қоштасу шайы) қала әкімі Болат Жылқышиев Сайрам ауданы аумағында жаңадан ашылған бір мейрамханаға ұйымдастырыпты. Кешегі отырысқа қарағанда кісі қарасы молдау. “Протоколдан” аса алмай мен төмендеу барып отырдым. Әбекең дәм үстінде халықты дана етіп те сипаттады, бала етіп те сипат­тады. Даналығын бағалап, бала­лығын аялап қызмет ету керек халыққа, деп бір кетті. Адамдық ұлылығы, жазушылық дана­лығы, саяси дипломатия қатар түсіп, жарасымын тауып кетіп барады. Об­лыс жағдайына талдау бере сөйледі. Об­лыста жұмыстың қызу жүріп жат­қанын, азамат қадіріне жете білу де азаматтық екенін айтты Әбекең. Облыс жетістігін Елбасына айтып баратынын жеткізді. Отырыс аяғына таман “Бердібек, сен менің кешегі өтінішімді ұмытып кетпе. Біле-білсең Құлбектей азаматтың қасыңда жүруі – ен байлық. Құлбек – бүгінгі көзің ғана емес, ертеңге жетер сөзің де. Бағалай біл!” деді. “Әңгіме жоқ, Әбеке! Өтініш емес, Мемлекеттік хатшының тапсырмасы деп қабылдадым”. – Облыс басшысы Бердібек Мәшбекұлының сөзі. – Келші бері, Сары бала, айналайын! Әбекең екі қолын науша көтеріп маған қарады. Кешегі мақтаудың буына, кешегіге бүгінгі қосылып коньяк суына балқыған мен байқұс батылданып алып тамақтан майысып тұрған үстелді айнала өтіп, Әбекеңнің мейірбан құшағына қойдым да кеттім. Маңдайымнан сүйді Әбекең. Пайғамбар пейіл жан емес пе Әбекең, “Пешенемдегі жазулардың арасында қырсықтары болса осымен кесілген-ақ шығар, кесілген де өшірілген шығар, пешенемде тәуір жазулар болса мықтап бекіген-ақ шығар”, – деп ойладым. Бақытты едім. Буалдыр көзбен Сауытбекті іздедім. Суық жымиып отыр екен. Жұрт қозғалақтай бастаған. Сәл оңашалық тауып: “Бәрін бүлдіріп жүрген сен емес пе?” – дедім. “Кімнің бүлдіргенін қайтесің, үйіңді алып алсайшы”... Жұрт абыр-сабыр. Әбекеңмен қоштасып жатыр. Облыс әкімінің көзіне түскім жоқ. Олжам аз емес. Тұра қашқым келіп тұр. Ойымды жиып үлгермедім. Бердібек Мәшбекұлына бетпе-бет кездесіп қалсам болар ма?! “Құлбек, мәшинеңді қоя бер де менің мәшинеме мін!” – деді облыс әкімі. Түсі ызбарлы секілді көрінді. Әбіш Кекілбайұлы мен Сауытбек Абдрахмановты “протокол” бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің азаматтары өз көліктеріне ауыстыра мінгізіп ала жөнелді. Мен облыс әкімінің сүлік қара “Мерседесіне” кісі үйіне кіргендей қуыстана барып отырдым. Күн ыстық... Мәшине іші салқын. Бір баудың жанынан өтіп бара жатқанда облыс әкімі алдыңғы орында отырған көмекшісіне “тоқтат” деген белгі берді. Жүргізуші сөйлеп қалған өзбек жігіті. Тоқтай қалды. “Түс”, – деді Бекең маған. Жаппарқұлда жан бар ма? Түстім. Көмекшісі Ілияс Спановқа айтып жатыр: “Мемлекеттік хатшыны біз күтеміз өліп-талып. Бар жақсы сөзді бұл естиді”... – Сен немене, Мемлекеттік хатшыға менің үстімнен арызданып? Мен не, саған үй бермеймін дедім бе? Салбырап кеткен басымды көтерсем облыс әкімі күліп тұр екен. Құрдас­тығымыз да бар еді. Батылдана түсіп, қайта басылып міңгір-міңгір бірдеме­лерді айта бастадым. – Беке, жол үстінде тұрмыз ғой. Мен Әбіш ағаға “үйім жоқ” деп жақ ашқан емеспін. Сауытбек бірге оқыған қанжыға­лас дос еді. Сол айтпаса, қайдан білейін? Жол үстінде тұрмыз ғой, Беке! Мен Әбекеңе айтқызып, үйлі бола қалайын деген пендешілік ойдан аулақ­пын. Бірақ, Әбекеңдей ұлы адамның айтқызбай жасаған қамқорлығы үшін бақыттымын! – Әй, жәй айтамын, Құлбек. Шынымды айтсам, Әбекеңдей ұлы жазу­шы­ның сен жайында осыншалық жақсы сөз айтқанына қуанып отырдым. Әбекең ондай тебіреністі сөзді кімге арнап айтыпты?! Осы, мен сенің қадіріңе жетпей жүрмін бе деп қалдым. Айттым ғой, үй беремін. Енді, Мемле­кет­тік хатшының тапсырмасын орын­дауым керек қой. Үй бергенде де бұрын­ғы уәдемді молайтып кеңірек пәтер беремін саған! Әбіш Кекілбаев Мемле­кет­тік хатшыдан бұрын ұлы жазушы, ғажап адам ғой... Аға десең аузың толады... Өзі де ептеп өлең жазатын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Әбіш аға жайында әдемі сөздерін төгілтті. Мөлдір сөзі жаныма майдай жағып барады. Қазіргі шенеуніктер оқымайды ғой. Ал Бердібек Сапарбаевтың жоқ уақытты бар етіп, әдебиет оқып жүретініне сүйсі­ніп тұрдым. Облыс әкімінің жазушы­лар­ды жан тартып жақсы көретінін, жалған жалтырамай шығармаларын оқып, қаді­ріне жетіп, іштей жақсы көретінін әр­дайым-әрдайым байқап келемін. Қадыр Мырза Әлі, Шерхан Мұртаза, Тұманбай Молдағалиұлы: “көп томды­ғы­мызды шы­ға­ру­ға қаражаттай көмек­тессе­ңіз екен” деп хат жазғанда, қиын-қыстау кездің өзінде жоқ қаржыны бар етіп: “Жазушы ағайын жазбаса, біз оқымасақ жабайы болып кетпейміз бе, ақша бай­­лы­ғы тозар, ар байлығы азбасын!” деп атал­ған жазушылардың әрқайсысына мол қаржымен демеушілік жасап еді. Менің 6 томдық тақырыптық сын мақалалар жинағымның жарық көруіне де бір кісідей-ақ көмектесті. “Біз үй саларда зират соқтық. Қайтесің, Тәңір ісі. Мені­мен бірге Астанаға жүрмедің. Түркістанға тұрақтар түрің бар. Алматы, Астанадан жазушы, ғалым келсе алдымен сені іздей­ді. Сен жақсы бір үй сал!” деп идея айт­қан, қамқор болған Бердібек Мәш­бек­ұлы Сапарбаев қой бұл! Қызмет ауыстырған сайын өзіне сыйланған, жиналған кітаптарды қорап-қорабымен маған жіберіп тұрарын қайтерсің?! Азамат десең де жарасар, қазанат десең де жарасар! Алға озыңқырай сөйлеп жатқаным ғой. Әңгіме Әбіш аға туралы еді-ау. – Ал, Құлбек былай етейік. Әбекеңнен сен ғана емес, мен де талай қам­қор­лық көріп келемін. Кісіні алаламай, бөлмей тұтас қарайтын Әбекеңдей қазақ қайда?! Ел боламыз десек Кекіл­баев кеңдігін, алты Алашқа бірдей теңді­гін үйрене білуіміз керек. Әбекең енді Жамбыл облысы шаруа­шылығымен таны­сады. Елбасы арнайы тапсырмамен жіберіп отыр. Бағыт-бағдарымызды тал­дап, көргенбілгенін таразыға салып, қоры­тып Нұрсұлтан Әбішұлына баяндайды. Әуезе әңгімелер айтылды. Бокалдар көтерілді.... Р.С. Ұзамай жаңадан салынып жатқан 20 пәтерлік үйден 5 бөлмелі пәтер маған тиді. Сөйтіп, Бердібек Сапарбаев Әбіш ағаға берген уәдесін орындады. Кең пәтер беремін деп те Сапарбаевтың сау басы дауға айналып кете жаздады. Ол дербес әңгіме. Сол үйде қазақтың ғажайып ақын қызы Фариза Оңғарсынова бастаған қалам­герлер қонақ болды. Әбіш Кекілбайұлы үйімізде болған емес. Бердібек Сапарбаев та. Осы үйде Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбай­ұлынан құттықтау хат алып, 50 жыл­дықты да тойладық. Әбекеңе деген ыстық ықыласты ішке бүгіп, “шайға” шақырмай жүріп жатырмыз... Өмір ғой. Жақында қаражаттан тарықтық. “Шымкент қаласындағы бос тұрған пәтерді сатсақ қайтеді?” Жарым Баянмен ойластым. Ақыл қоспады. Үн­де­ме­ді. Қолдамағаны. Үш бірдей азамат­тың адамгершілігінің куәсіндей киесі бар үйді иесі екенбіз деп өз қолымнан шыға­рып, өзгеге сату азап екен ойлап қарасам. Соны білдім. Сатпауға, бала­ларға мұраға қалдыруға біржола бекідім. Енді жөндетіп жатырмын... Шұғылалы жүрегіңізден айналайын, Әбіш аға! Құлбек ЕРГӨБЕК.