ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі сатып алған 100 жылжымалы диагностикалық медициналық зертхананың бесеуі Атырау облысына жетті, - деп хабарлайды Egemen.kz
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, мобильді диагностикалық медициналық зертхана Индер, Исатай, Қызылқоға, Мақат, Махамбет аудандарына беріліп отыр. Бұдан бұрын осындай жылжымалы зертханалар Жылыой, Құрманғазы аудандарына жеткізілген еді.
"Өңірдің жеті ауданы мобильді диагностикалық медициналық кешенмен қамтылып отыр. Мұндай медициналық кешен арқылы аудан тұрғындарының созылмалы инфекциялық емес ауруларын ерте анықтай аламыз. Кешен тұрғындардың денсаулық жағдайын кешенді тексеру үшін көшпелі жағдайда диагностикалық зерттеулердің кең спектрін жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кешен арнайы лифт-пандуспен жабдықталған. Онда мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жеке кіру есігі қарастырылған", дейді Асхан Байдуәлиев.
Медициналық кешенде бір күнде 150 адам терапевт, кардиолог, хирург, эндокринолог, оториноларинголог, окулист, ультрадыбыстық зерттеу және рентген мамандарының қызметіне жүгіне алады. Кешеннің көмегімен 60-тан астам ауруға диагноз қоюға мүмкіндік бар.