Елімізге автокөлікпен кірген 122 адамнан вирус анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова мәлімет берді, деп хабарлайды Egemen.kz
"Өздеріңіз білетіндей, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес 6 қазаннан бастап Қазақстанның мемлекеттік шекараларында санитарлық-карантиндік бақылау жұмыстары күшейтілді. Бұл – әуе мен автокөлік қозғалысы бойынша шектеу. Осылайша бүгінге дейін 73 591 азамат (қазақстандық және шетелдік азаматтар) автокөлікті өткізу бекеттері арқылы өтті. Олардың ішіндегі жолаушылар – 21 279 адам. ПТР-анықтамасы жоқ азаматтар екі күндік карантинге жатқызылды. Ондай санаттағы жолаушылардың саны – 5967 адам болды. Олардың ішінде 122 адамнан коронавирус анықталды", деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Комитет басшысы сонымен қатар халықаралық әуе рейстері арқылы Қазақстанға 34 446 жолаушы келгенін, олардың ішінде ПТР-анықтамасы жоқ 5 925 адам карантиндік стационарға жатқызылғанын айтты.
"Солардың ішінде 19 адамның бойынан коронавирус анықталды. Коронавирус жұқтырған азаматтар Түркия, БАӘ, Беларусь, Ресей, Мысыр елінен келгендер", деді ол.