«Қайта шапқан жау жаман» дегендей, індеттің қайта айналып соғуы мүмкіндігін ескерген елімізде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Егер індет қайта дендесе, оның қалай, қашан, қандай симптомдық өзгерістермен және қаншалықты екпінмен келетінін ешкім білмейді, сондықтан әркім өз деңгейінде, мүмкіндіктерге сай қиындыққа қарсы қамдануы тиіс. Тек қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмай қапы қалып жүрмесек болғаны...
Осы орайда, яғни коронавирус індетінің болуы мүмкін деген жаңа толқынына дайындық барысында Ақтауда заманауи үлгідегі модульді жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды. Солтүстік Каспий жобасының операторы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) компаниясы СКӨБТК Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар (ӘИЖ) аясында өнеркәсіптік модульдік тұрғын үй құрылысы технологиясының арқасында қысқа мерзімде салынып, пайдалануға берілген ауруханалар инфекция жұқтырған науқастарды уақтылы анықтап, оқшаулауға және дұрыс ем қабылдауға мүмкіндік беріп, аурудың таралу қаупін азайтады.
Ақтау қаласының 1-а шағын ауданында орналасқан кешен Маңғыстау облыстық ауруханасына қарасты инфекциялық стационар болып қызмет атқарады. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, аумағы 4 гектар жерді құрайтын аурухана 200 төсектік орынға есептелген және қажетті медициналық жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Оның ішінде 180 орын стационарлы болса, 20 орын – жансақтау орындары. Құрылыс нысанының жалпы көлемі 8 064 шаршы метрді құрайды, оның ішінде аумағы 7 600 шаршы метр болатын кешен модульдерге бөлінген, оның әрқайсысы түрлі мақсаттарға ие. Мысалы, науқастар бөлмесі «E және F» блогында орналасқан болса, көрші «B» блогында – реанимациялық төсектер мен операциялық зал, ал «А» блогы – қабылдау бөлімшесі, «D» блогы – инфекциялық блоктар және галерея түріндегі дәлізбен байланысқан бес палата бөлімдері бар.
Ғимарат изоляция мен отқа төзімділігі жоғары деңгейі MODEX темірбетон блоктарынан, сондай-ақ рамалық сэндвич-панельдерден құрастырылған. Палаталар боксталған, әр науқастың орны динамикалық бақылаумен, заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Модульдық аурухана өзара байланысқан, жұқпалы аурулар қауіпсіздігі қатаң сақталатын бөлімшелерден тұрады. Әр төсекке оттегі жеткізуді қамтамасыз ететін оттекті-газдандыру стансасы бар. Бұл ерекшеліктер инфекцияның алдын алу және жұқтырған адаммен байланысты болдырмау үшін жасалған. Медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілген және оттегі концентраторымен және орталықтандырылған оттегімен, медициналық газбен жабдықтау жүйесі орнатылған. Кешенде медициналық және кәріз қалдықтарын зарарсыздандыру ғимараты, көліктерді зарарсыздандыру бекеті, ішкі ауаны тазарту-желдету, өрт дабылы, бейнебақылау жүйесі де қарастырылған. Бүгінде аурухана науқастарды қабылдауға дайын. Онда 300-ге жуық медицина қызметкері жұмыс атқаратын болады, сондай-ақ қосымша дәрігерлік кадр резерві жасақталған.
Жоба «NCOC» компаниясының демеушілігімен салынды. Яғни өңірде коронавирус инфекциясы қаупінің сақталуына байланысты бұл жоба аясында Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының туындауын және таралуын болдырмау үшін 2020 жылдың 18 тамызы күні конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша таңдалған «BI-Industrial» ЖШС мердігерімен келісімшарт жасалған. Жобаны ұсынылған күнге дейін аяқтау үшін компания құрылыстың қызған шағында 1 мың адамға дейін жұмысқа жұмылдырған. Ал мердігер – құрылыс саласында үлкен тәжірибесі бар қазақстандық BI Group компаниясы. Маңғыстау өңірінде әлеуметтік тұрғыда демеушілік көрсетіп, көп көңілінен шығып жүрген NCOC компаниясы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар бағдарламасы аясында Маңғыстау облысында өзге де денсаулық сақтау нысандарын тапсырды, соның ішінде Форт-Шевченко қаласындағы 25 орындық емхана мен күндізгі стационар, Түпқараған ауданындағы орталық аудандық аурухананың балалар бөлімі мен өзге де нысандар бар. Ақтаудағы 100 кереуеттік онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталуға жақын.
Модульді аурухана құрылысының аяқталуы салтанатты шара барысында инфекциялық аурухананың құрылысын жүргізудегі белсенді еңбегі үшін «BL Industrial» ЖШС-ның 11 қызметкері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ дайындық барысында Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасы 20 жаңа санитарлық автокөлікпен толығып, өңірдің жедел жәрдем қызметіне «Hundai 350» маркалы мамандандырылған көліктердің кілті табысталды. Жаңа қызметтік көліктердің 13-і Ақтау қаласына, 5-і Мұнайлы ауданына және 2-і санавиация қызметіне аттанады. Қазан айының соңына дейін тағы «Jac Sunray» маркалы 32 жедел жәрдем көлігі келеді және бұл көліктердің барлығы лизинг арқылы сатып алынуда. Қараша айында Маңғыстауға тағы 2 «УАЗ Patriot» маркалы реанимобиль автокөлігі келмек. Осылайша, өңірдің жедел жәрдем автопаркі 100 пайыз көлікпен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта өңір бойынша 47 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді.
Жаңа стационар, жаңа жедел жәрдем көліктері аласапыранға емес, тыныштыққа қызмет етсе деп тілейсің.
Маңғыстау облысы