Әншілердің халық алдындағы тәртібі және фонограмманы қолдануы заңмен реттеледі. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады.
Бұл заң бұрынғы заңнан өзгерек
М.Әшімбаев еліміздің мәдениет саласын дамыту үшін бұл құжаттың маңызы зор екенін атап өтті.
«Осы заң кітапхана және баспа ісін жетілдіруге, отандық электронды кітапхана қалыптастыру мен оның қорын кеңейтуге жағдай жасайды. Сондай-ақ мәдениет ұйымдары мен шығармашылық одақтардың жұмысын қолдауға және концерттік қызметті реттеуге мүмкіндік береді», деді Сенат Төрағасы.
Сондай-ақ М.Әшімбаев қабылданған заң ұлттық мәдени құндылықтарымыз бен мұраларымызды сақтауға ықпал ететінін де тілге тиек етті. Заңда зорлық-зомбылықты, ұлтаралық, діни, нәсілдік алауыздықты және қатыгездікті үгіттеуге бағытталған кез келген контентке тыйым салынатыны көрсетілген. Мұның бәрі бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушыларға және әртістерге қатысты.
Заң жобасын сенаторларға таныстырған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова құжат мәдениет саласын дамытуға қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті.
«Жоба қамтыған негізгі бағыттар – кітапхана және баспа ісі, мәдени-көпшілік іс-шараларды реттеу мәселелері және шығармашылық одақтарды қолдауға қатысты түзетулер болып отыр. Соған сәйкес «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы», «Мәдениет туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі. Олардың негізгі блогы мәдениет саласына қатысты», деп түсіндірді А.Райымқұлова.
Мәселен, заң жобасында электронды кітапхана саласына қатысты нормалар енгізілген. Министрдің айтуынша, бұл қадам еліміздің мәдени құндылықтары мен ұлттық мәдени игілігін электрондық форматта сақтауға мүмкіндік береді.
«2007 жылдан бастап Ұлттық академиялық кітапхана базасында Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасының жобасы іске асырылып келеді. Сонымен қатар бүгінде еліміздің электрондық кітапханасын іріктеу, қалыптастыру, толықтыру және дамыту тәртібін айқындайтын заңнамалық база жоқ.
Қазақстан Республикасының мәдени құндылықтары мен ұлттық мәдени игілігін электрондық форматта сақтау бағытында айтылған олқылықтарды жою, сондай-ақ халықтың зияткерлік әлеуетін арттыру және қазақстандық ғылым мен мәдениетті танымал ету бойынша жағдайларды арттыру мақсатында заң жобасында электрондық кітапхана мәселелерін реттейтін нормалар көзделіп отыр», деді ведомство басшысы.
Құжаттың тағы бір бағыты концерттік, ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблеманы қамтиды. Мәселен, бұған дейін орындаушылар концерт өткізу кезінде әдепсіз әрекет жасап, сахнада мас күйінде өнер көрсеткен сәттері болған еді. Сондай-ақ жоспарланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей фонограмма пайдаланған оқиғалар да кезікті.
«Заң жобасы аясында заңнамалық деңгейде орындаушылардың осындай мінез-құлқына жол бермеу бойынша бірқатар міндеттемелерді енгізу арқылы осы мәселелерді барынша реттеуге тырыстық. Олардың ішінде маңызды нормалардың бірі – музыкалық шығармаларды орындаушылардың фонограммаларды қолдануы туралы көрерменді хабарлау. Фонограммаларды пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалады. Барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмма пайдаланатын концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауын жасауға мүмкіндік береді. Билеттің құнына да әсер етеді», деді А.Райымқұлова.
Заң жобасының тағы бір ерекшелігі, өңірлік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатында ұсыныстар әзірлеу іспетті өңірлік көркемдік кеңестер құру көзделмек.
«Көркемдік кеңес жұмысы өз жемісін беріп келеді. Театрлардың репертуары жақсарып, киножобалардың сапасы артты, әдебиет пен өнер шығармаларының да деңгейі артып отыр. Тұрақты негізде саланың даулы мәселелері талқылауға шығарылып, өз шешімін тапты. Сонымен қатар республикалық көркемдік кеңес аясында барлық саланың көптеген проблемалық мәселесін қамтудың мүмкін емесін тәжірибе көрсетіп отыр. Осыған орай, заң жобасында негізгі міндет өңірлік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатында ұсыныстар әзірлеу іспетті өңірлік көркемдік кеңестер құру көзделген», деді министр.
А.Райымқұлованың айтуынша, 2017 жылы енгізілген авторларға қоғамдық маңызы бар әдебиет үшін қаламақы төлеу тәжірибесі іс жүзінде ыңғайсыз қайшылықтарға соқтырған.
«Автордан әдебиеттерді сатып алу авторлық құқықтың барлық мерзіміне мемлекетке авторлық құқық беруді көздейді. Ол автордың өмір сүрген кезіндегі мерзім және одан кейінгі 70 жыл. Бұл тұрғыда мемлекет әдебиетті оны мемлекеттік кітапханаларға өтеусіз негізде тарату үшін ғана сатып алатынын айта кеткен жөн.
Өз кезегінде автордың қайта шығаруға немесе кітап дүкендеріне сатуға немесе оны басқа жолдар арқылы сатуға құқы жоқ. Бұл жағдайда мемлекеттің халыққа мәдени өнімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеті орындалмайды, керісінше шектеліп отыр. Осыған орай, жобада еліміздің кітапханаларына әдебиетті басып шығару және тарату мақсатында автордан әдебиеттерді белгілі бір мерзімге сатып алу қарастырылып отыр. Одан әрі автор оны басып шығаруға және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған кез келген басқа жолдармен таратуға құқылы болады», деді ведомство басшысы.
Мәдениет және спорт министрі мемлекеттік кітапханалар мен музейлердің ақылы қызметтеріне де тоқталды. Оның айтуынша, қолданыстағы заңда аталған мекемелердің ақылы қызмет көрсетуін шектейтін мәселелер бар.
«Қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда музейлер мен кітапханалар іске асыруға құқылы ақылы қызмет түрлерінің тізімі және олардан пайда табу тәртібі қарастырылған. Тізім сол кезде мемлекеттік мекеме нысанында жұмыс істеген кітапханалар мен музейлерге құқық беру үшін заңға енгізілген болатын. Бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес, егер ақылы қызметтер құқығы салалық заңдарда көзделмесе, коммерциялық емес болып табылатын мемлекеттік мекемелердің нысанында құрылған ұйымдардың мұндай қызметке құқығы жоқ.
Алайда бүгінде Қазақстанның көптеген музейі мемлекеттік кәсіпорындарға айналған. Қолданыстағы заңда музейлер мен кітапханаларға табыс табуға мүмкіндік беретін норма кәсіпорындардың ақылы қызметтер көрсету аясын шектеп отыр.
Осыған орай, заң жобасында осы норманың қолданылуы мекемелер түрінде құрылған ұйымдарға ғана ұсынылып отыр. Кәсіпорындар «Мемлекеттік мүлік туралы» заң талаптары аясында іске асыратын болады. Сонымен қатар осы заң жобасы аясындағы ең маңызды нормалардың бірі – мемлекет жүз пайыз қатысатын ұйымдарды жекешелендіруге тыйым салатын түзету», деді А.Райымқұлова.
Тұрмыстық қалдықты өңдеу көлемі өте төмен
Сонымен қатар отырыста сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату, су қорғау белдеулері және жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.
Сенат Төрағасы М.Әшімбаевтың айтуынша, Қазақстанда жиналып қалған тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемі 100 миллион тоннадан астам. Соған қарамастан елімізде оларды қайта өңдеу деңгейі өте төмен. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 14,9 пайызды құрайды.
Депутаттардың бастамашы болуымен дайындалған заң жобасында көмуге жататын қалдықтардың көлемін азайту үшін оларды жағу арқылы электр энергиясын алу ұсынылған.
Сенаторларға заң жобасын Мәжіліс депутаты Құралай Қарекен таныстырды. Оның айтуынша, құжат қатты тұрмыстық қалдықтарды электр энергиясын алу мақсатында жағу жолымен қайта өңдеуге мүмкіндік беретін құқықтық базаны қамтамасыз етпек.
«Жыл сайын елімізде шамамен 5 млн тонна қалдық пайда болады, олардың тек 15 пайызы сұрыпталады, қайта өңделеді. Қазір осы міндетті іске асыру үшін бүкіл әлемде қоқыс жағатын кешендер жұмыс істейді. Бұл – қалдықтарды көму көлемін азайтудың тиімді тетігі. Бізде де электр энергиясын өндіру арқылы қоқысты термиялық өңдеумен айналысуға мүмкіндік бар. Мұндай тәсіл республикадағы полигондардың саны мен алаңын қысқартып, қалдықтарды жағудан экологиялық және экономикалық нәтиже алуға мүмкіндік береді.
Осыған орай, заң жобасында Экологиялық кодекс, «Электр энергетикасы туралы» және «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заңдарға түзетулер енгізу ұсынылған», деді депутат.
Қоқыс жағатын зауыттардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайту үшін қоршаған ортаны ластаушы заттарды шектеу, соның ішінде оларға мониторинг жасап, еуропалық стандарттарға сай талап қойылмақ.
Сенат Төрағасы құжатта энергияны кепілді сатып алу тетігін қолдану мәселесі қарастырылып, ұсынылғанын да айтты.
«Жалпы, бұл заң жобасын қабылдау экологияға оң әсер ететіні анық. Өйткені құжат қалдықтардың саны мен олардың полигонға келіп түсуін айтарлықтай қысқартады. Бұл олардың қоршаған ортаға тигізетін зардабын төмендетеді», деді М.Әшімбаев.
Заң жобасын қарау барысында сенаторлар оның маңыздылығын атап өтті. Соған орай депутаттар енгізілген түзетулерді тағы да пысықтау керек деп есептеп, құжатты Мәжіліске қайтарды.
Осы заң қатты тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуға қатысты жобаларды іске асыру үшін құқықтық механизмдер қалыптастыруды көздейді. Оған қоса елді мекендерде су қорғау белдеулерінің шекараларын анықтау мәселелерін реттейді. Темір жол көлігі саласында «жүк» түсінігін нақтылау және уақытша теңгерім төлемін қолдану мерзімін ұзарту қарастырылған.
Сондай-ақ заң жобасында уәкілетті органның аукционға қатысуға үміткерлерді алдын ала іріктеу жөніндегі нормалар көзделеді.
Сонымен қатар Су кодексіне, «Темір жол көлігі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне темір жол көлігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына түзетулер енгізілді.
Мұнай-газ-химия саласын дамыту керек
Одан бөлек, отырыс барысында сенаторлар бірқатар депутаттық сауал жолдады. Сенатор Сағындық Лұқпанов Үкімет басшысына жолдаған сауалында мұнай-газхимия саласын дамыту мәселесін көтерді.
«Осыдан он екі жыл бұрын Қазақстан Республикасының мұнай-химия өнеркәсібін дамытудың 2008-2013 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленген болатын. Алайда 2010 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде мұнай-газ секторын дамыту жөніндегі бағдарламаның қабылдануына байланысты алдыңғы құжаттың қолданылуы тоқтатылды.
Аталған мұнай-газ секторын дамыту бағдарламасында мұнай-газ өндіру және көмірсутегін тасымалдауға басты назар аударылып, мұнай-химия өнеркәсібін дамыту мен реттеуде күтілген көрсеткіштер енгізілген жоқ. Соның салдарынан бірінші бағдарламада көзделген этилен-гликоль, терефталь қышқылы, этил-бензол, поли-винил-хлорид, полистирол, полиэтилен-тереф-талат және бензол өнімдерін шығару іске қосылмай қалды», деді депутат.
Сенатордың айтуынша, бүгінгі таңда көмірсутекті ресурстары бар көршілес елдер өздерінің басымдылығын іске асырып, мұнай-газ-химия өнеркәсібін қарқынды дамытуда.
«Ресейде жылына 5,5 млн тонна полиэтилен мен полипропилен өндіретін 12 мұнай-газ-химия кешені жұмыс істейді. Жалпы қуаты жылына 7 млн тоннаға дейін болатын тағы алты мұнай-газ-химия өнеркәсібі кластерін салу жоспарланған. Әзербайжанда полиэтилен және полипропилен өндіру қуаты жылына 300 мың тонна, Түрікменстанда – 550 мың тонна, Өзбекстанда 600 мың тоннадан астамды құрайды. Ал Қазақстанда жылына небәрі 70 мың тонна полипропилен өндіріледі.
Мұнай-газ-химия саласының өнімі мультипликативті тиімділік беретіні белгілі. Полимерлі шикізаттан тоңазытқыштар, кондиционерлер, автомобильдерге арналған компоненттер, құрылыс және қаптама материалдары, т.б. өнімдері шығарылады. Салада құрылған бір жұмыс орны жеті қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, салынған бір доллар 2,3 доллар өсімді қамтамасыз етеді», деді С.Лұқпанов.
Депутаттың сөзіне сүйенсек, әлемдік трендтерге және ондаған жыл бойы экономиканы әртараптандырудың саясатына қарамастан, Қазақстан мұнай-газ-химия саласын дамытуда белсенділік танытып отырған жоқ.
«Орташа және ұзақмерзімді перспективада көмірсутегі ресурстарына ие елдер үшін мұнай-газ-химия өнімдері экспорттың негізіне айналатынын назарға ала отырып, Қазақстан бәсекелестерден артта қалуды азайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет.
Бұл үшін Қазақстан мұнай-газ-химия саласының дамуын айқындайтын ұлттық жоба түрінде жекелеген директивалық құжаттың қабылдануы қажет. Қабылданатын Ұлттық жоба табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, қосылған құны жоғары және түпкілікті отандық полимер өнімін өндіруге – импортқа тәуелділікті төмендетуге және жоғары қайта бөлу өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді», деді сенатор.
Депутат Сергей Ершов ұлттық архив қорының сақталуын қамтамасыз етуге назар аударып, ұлттық мұрағат қоры мен мұрағаттарды қалыптастыру және сақтау мәселелерін жедел шешу қажет деп санайды. Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдаған сенатордың айтуынша, екі жыл бұрын қабылданған заңдарға түзетулер енгізілгенімен, бұл салада әлі күнге дейін ілгерілеу болмай тұр.
«Мұрағат қорын толтыру және мемлекеттік мұрағат мекемелерін іріктеу көздерінің өсімі 20 жылда екі еседен асты. Айта кету керек, көптеген мемлекеттік архив тиісті жабдықтардың жоқтығынан сақтандыру қорларын құра алмай келеді. Қоймалардың көпшілігі 100 пайыз жүктелген, құжаттарды әрі қарай қабылдауға және сақтауға орын жетіспейді. Ал мемлекеттік архивтердің ғимараттары жиіркенішті күйде. Осыған байланысты, еліміз аймақтарында типтік мамандандырылған ғимараттар салу мүмкіндігін табу керек немесе мәселені басқаша шешуді ойластыру керек», деді С.Ершов.
Депутат мұрағат ісі саласында білікті кадрларды даярлау да қажет екенін айтып, ұлттық архивтерді мемлекеттік деңгейде қорғау мәселесіне тоқталды.
«Бүгінгі күні облыстық (аудандық, қалалық) мемлекеттік архивтердің ғимараттарын қорғауды жеке күзет ұйымдары, сондай-ақ мұрағат мекемелерінің жеке құрамы немесе ғимарат иелері таңдайтын күзет ұйымдары қамтамасыз етеді», деп атап өтті С.Ершов.
Мәдениет және спорт министрлігінің құрылымында болатын мемлекеттік мұрағаттардың екінші орында болуына сенатор көңілі толмай отыр.
«Осы саладағы кейбір мәселелерді шешу үшін 2020-2025 жылдарға арналған «Архив-2025» жобасын іске асырудың кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Оны іске асыруға 14,1 миллиард теңге қарастырылды. Алайда жоспарды іске асыруға арналған бюджеттік өтінім Республикалық бюджеттік комиссияның отырысында мақұлданбады», деді депутат.
Сенатор Үкімет басшысынан кешенді жоспарды жүзеге асыруға және министрлікте жаңа комитет немесе ұлттық мұраны сақтау үшін жауап беретін тәуелсіз құрылым құруға қаражат бөлуді сұрады.