Астанада әйелдер арасында ITF турнирінің кезекті жарысы өтіп, онда Қазақстанның жас теннисшісі Кәмила Керімбаева жеңімпаз атанды. Осыған орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев оны телефон арқылы жеңісімен құттықтады.
Астанада әйелдер арасында ITF турнирінің кезекті жарысы өтіп, онда Қазақстанның жас теннисшісі Кәмила Керімбаева жеңімпаз атанды. Осыған орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев оны телефон арқылы жеңісімен құттықтады.
ITF турнирі – халықаралық теннистер қауымдастығының (WTA) қамқорлығымен әйелдер арасында өтетін үлкен жарыстардың бірі. Ол жас теннисшілердің болашақта WTA-ның үлкен турнирлеріне қатысуы үшін өткізіледі. Осы сында Кәмила Керімбаева алғаш рет үлкен жетістігіне жетті. Ол Астанада өткен турнирде өзбек теннисшісі Альбина Хабибулинаны екі партияда 6:1, 6:3 есептерімен ұтты. Бұған дейін Кәмила өз елімізде үлкен халықаралық жарыстарда мұндай биік тұғырға көтерілген емес еді. Сондықтан, мұны оның өміріндегі ең жоғары нәтиже деуге болады.
– Бұл – менің елімізде өткен үлкен жарыстардағы алғашқы жеңісім. Осы сынға бесінші нөмірлі теннисші ретінде қатыстым. Менің жеңімпаз атанатыныма көп адам сенген жоқ, – деді ол. – Турнирдің жеңімпаздығын қырғызстандық Ксения Палкинадан күтті. Мен алдыма тек жеңіске жету керек деген мақсат қойдым. Финалға жақсы дайындықпен шығып, қарсыласымды қиналмай ұттым десем болады.
Кәмиланың өзбек теннисшісімен өткен кездесуі тура 1,5 сағатқа созылды. Осы кездесуде екі жақ жеңіске жету үшін барын салып бақты. Өзбек қызы да осал теннисші емес. Ол да Астанаға тек жеңімпаз атануға келген теннисшілердің бірі. Соған қарамастан, К.Керімбаева финалда қарсыласын ұтып, биылғы халықаралық жарыстарда осымен екінші рет жеңіске жетті.
К.Керімбаева биылғы алғашқы жеңісіне Египетте өткен халықаралық сында жеткен еді. Сол кездегі турнир де жас теннисшімізге аса қиынға соқпады. Ол өзімен құрдас спортшылардың бәрінен басымдық танытып, жарыстың нөмірі бірінші ракеткасына айналды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».