• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қазан, 2020

Жамбылда 2,8 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

316 рет
көрсетілді

Жамбыл облысында “Құқықтық тәртіп” жедел-алдын алу шарасы барысында 2,8 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменовтің нұсқауына сәйкес, 13-19 қазан аралығында Тараз қаласының аумағында жергілікті және республикалық БАҚ өкілдерінің қатысуымен "Құқықтық тәртіп" жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Журналистер заң талаптарын бұзушылық деректеріне, сондай-ақ жол қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған тұлғалардың ұсталғанына куә болды, ойын-сауық және басқа да мекемелерде жүргізілген рейдтерге қатысты. Жол қауіпсіздігі желісі бойынша 891 әкімшілік хаттама толтырылып, 39 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Сегіз миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, 6,4 миллион теңге өндіріп алынды. Алкогольдік ішімдіктерді ішкені және қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны үшін облыстық наркодиспансерге 367 тараздық орналастырылды. 100-ден астам жасөспірім ересектердің қарауынсыз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін ұсталды, олардың ата-аналары ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп-жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын үйден тыс жерде болуы). Оның ішінде кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде болуының 14 дерегі анықталды. Кейбір дәмханалар мен мейрамханалардың әкімшілері ӘҚБтК-нің 132-бабы (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол беру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері түнгі уақытта алкоголь өнімдерін сатудың жолын кесуге, сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қадағалаусыз жүруіне баса назар аударды. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін 22 адам, оның ішінде 12 – есірткі заттарын заңсыз сақтағаны және пайдаланғаны үшін, 10 – өткір кескіш заттарды, соның ішінде кастеттер мен пышақтарды сақтағаны және алып жүргені үшін ұсталды. Сонымен қатар, мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін төрт жүргізуші және көлік құралын басқару құқығынан айырылған бір жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

– Қоғамдық орындар мен көшелерде құқық тәртібін қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және жолын кесу мақсатында жедел алдын алу іс-шарасы барысында барлығы 2859 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. "Құқықтық тәртіп" ЖАШ алдағы уақытта да өз жалғасын табады, – деп қорытындылады сөзін Тараз қаласының ПБ ЖПҚб бастығы Сәбит Мамытбеков.