• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
19 Қараша, 2013

Сапасыз салынған нысан ауыл тұрғындарын ауызсусыз қалдырайын деп отыр

363 рет
көрсетілді

Ұйғыр ауданына қарасты Кіші диқан ауылдық округінің орталығы саналатын Кіші диқан ауылында бүгінде үш мыңға жуық адам тұрады. Орналасу аумағының көлемі жағынан бұл ауыл аудандағы ірі елді мекендердің бірі болып табылады. Көшелер де, көшелердің екі жақ бойына орналасқан тұрғын үйлер де аз емес. Тал-теректер де, түрлі жеміс ағаштары да жетіп артылады. Өзара ынтымағы жарасым тапқан Кіші диқанда жер еміп, төрт түлік мал өсіруге, бау-бақша баптауға машықтанған еңбекқор жандар хал-қадерінше өмір сүріп келеді. Біз мұны осы ауылдың әлеуметтік жағдайын, ондағы тұрғындардың басым көпшілігін бұрыннан білетіндіктен айтып отырмыз.

 

Ұйғыр ауданына қарасты Кіші диқан ауылдық округінің орталығы саналатын Кіші диқан ауылында бүгінде үш мыңға жуық адам тұрады. Орналасу аумағының көлемі жағынан бұл ауыл аудандағы ірі елді мекендердің бірі болып табылады. Көшелер де, көшелердің екі жақ бойына орналасқан тұрғын үйлер де аз емес. Тал-теректер де, түрлі жеміс ағаштары да жетіп артылады. Өзара ынтымағы жарасым тапқан Кіші диқанда жер еміп, төрт түлік мал өсіруге, бау-бақша баптауға машықтанған еңбекқор жандар хал-қадерінше өмір сүріп келеді. Біз мұны осы ауылдың әлеуметтік жағдайын, ондағы тұрғындардың басым көпшілігін бұрыннан білетіндіктен айтып отырмыз.

 

«Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асырудағы олқылықтар

Мемлекет басшысының тапсырмасымен дүниеге келген «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру қолға алына бастағанда, ауызсудың азабын тартып жүрген еліміздегі көпшілік елді мекендер тұрғындары секілді кішідиқандықтар да ерекше қуанып, үміт оты жылт еткендей күй кешкен еді. Қуанбай қайтсін енді, санитарлық талаптарға онша сәйкес келмейтін «Кіші Ашаноқы» аталатын шағын өзеннің суын өмір бойы пайдаланып келе жатқан болса... Өкінішке қарай, Кіші диқан ауылының тұрғындары «Ауыз су» бағдарламасының да және оның жалғасы болып табылатын «Ақ бұлақ» бағдарламасының да игілігі мен шапағатын жуық арада көре алмайтындай қиын жағдайда тұр.

Халықты таза ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған «Ауыз су» және «Ақбұлақ» бағдарламаларынан Ұйғыр ауданындағы елді мекендер де сырт қалған жоқ. Ауданда аталған бағдарламаларға сәйкес, алты ауылды орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету көзделді. Соның бірі – Кіші диқан ауылы.

Тиісті мекемелер бекіткен жоба бойынша, бұл ауылдың 14 көшесіне жаңадан су құбырлары төселуі тиіс. Төселетін су құбырының жалпы ұзындығы 14 шақырымға жуықтайды. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үш кезек бойынша жүзеге асырылады деп белгіленген. Ал орталықтандырылған су құбыры жүйесі 2012 жылдың қарашасында толық пайдалануға беріліп, ауыл адамдары «Ауыз су» және «Ақ бұлақ» бағдарламаларының шапағатын шынайы сезініп, ұзақ жылдар бойы арман болған ауыз судың игілігін көрулері керек еді.

Міне, арада төрт жылға жуық уақыт өтсе де, кішідиқандықтар ауыз суға қол жеткізе алмай-ақ­ келеді. Оның басты және не­гізгі себебі, су құбыры жүйесі құрылысы жұмыстарының са­пасыз жүргізілуінде жатыр. Екіншіден, осы нысан құры­лы­сының жобасын жасау кезінде жіберілген қателіктерде болып тұр. Енді ретіне қарай сол мә­селелерге тоқталайық.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Кіші диқан ауылындағы орталық­тан­дырылған су құбырының құ­рылысы үш кезек бойынша жүргізілді. Құрылыстың бірінші кезегін «Қара торғай» құрылыс фирмасы 2009 жылдың көктемінде бастап, сол жылдың соңына таман аяқтаған. Мәліметтерге қарағанда, бұл фирма құрылыстың бірінші кезегіне бөлінген 46 миллион теңгені толық игеру арқылы су толтырылатын бас бөгет, таза су жиналатын резервуарлар салған, сондай-ақ, бір көшеге құбыр төсеп, су алатын колонкалар орнатқан.

Сол жылдың соңында ны­санның бірінші кезегін аудандағы тиісті мекемелер тарапынан құрылған мемлекеттік комиссия пайдалануға қабылдаған екен. Әсілі, құрылысы бітіп, мемлекеттік комиссия қабылдаған нысан шаруашылық жүргізуші субъекті – Ұйғыр аудандық су ар­насына тапсырылуы тиіс еді. Өкінішке қарай, әкімдік мұны ұмыт қалдырған. Осындай сал­ғырттықтың кесірінен су құ­быры жүйесінің бас бөгеті, он­дағы құрылғылар бір жыл бойы қараусыз, иесіз жатқан. Иесіз, қараусыз дүние-мүліктің та­лан-таражға түсіп, қолды болатыны белгілі. Аталған су құ­бы­ры жүйесінің басты деген құ­ры­л­ғылары да осының кебін киді.

Кіші диқан ауылына су құбырын тарту жұмыстарының екінші және үшінші кезеңі 2011-2012 жылдары «Ақ бұлақ» бағ­дарламасы негізінде әрі қарай жал­ғастырылады. Құрылысты тендерде жеңімпаз деп танылған Ибрайым Кебиров басқаратын «Сұңқар» ЖШС жүргізіпті. Құ­рылысқа қарастырылған қаражат көлемі аз емес, 2011 жылы 70 мил­лион теңге, 2012 жылы 54,6 миллион теңге бөлінген. Осыған ұқсас құрылыстар салып жүрген мамандардың айтуынша, жалпы көлемі 170,6 миллион теңгені құрайтын қаржыға 14 шақырым ғана емес, 25 шақырым болатын су құбырын жоғары сапада пайдалануға беруге болады екен. Ал «Сұңқар» ЖШС болса, 14 шақырымдық су құбырын екі жылда әрең бітірді. Соның өзі сапасыз болып шықты. Бұған 14 көшеге төселген құбырдың тек төрт көшесінен ғана су шығуы дәлел болады.

Ал қалған көшелердегі құбыр­лардан неге су шықпады? Тексеру барысында анықталғандай, бас су бөгетінен тартылған құбырдың диаметрі үлкен, көшелерге су жеткізетін құбырлардың диаметрі одан кішілеу болуы қажет екен. Сонда диаметрі үлкен құбырға келген су қысым арқылы оған жалғанған диаметрі кіші құбыр­лардың барлығына бірдей су беруді қамтамасыз етеді. Бұл фи­зикалық заңдылық болса керек. Ал Кіші диқан ауылындағы су жүйесі құрылысына диаметрі біркелкі құбырлар төселіпті. Соның себебінен, яғни бас су бөгетінен тартылған құбырда тиісінше қысым болмағандықтан, бір көшедегі құбырға су барса, екіншісіне су жетпейтін проблема туындап отыр.

Екінші проблема – су жиналатын бас су бөгетіне қатысты. Өйткені, су жиналатын бөгетте суды бөлетін және келген артық суды ағызатын гидроқұрылғы қарастырылмаған. Егер сел жүрген жағдайда және тасқын болғанда, келген су бөгет құрылысын қи­ратып кетуі мүмкін. Сондай-ақ, су көздерін санитарлық қор­ғау аймағының қоршалуы са­нитариялық қағидалар талаптарына жауап бере алмайды, олар жобаға сәйкес жасалмаған. Дәлірек айтқанда, құрылысты салушылар орталықтандырылған су құбыры жүйесі ерекше қорғауды қажет ететін нысан екендігін естен шығарып алған. Ал аталған осы олқылықтар мен басқа да кем­шіліктерді жөндеп, қайта қалпына келтіру үшін 25 миллион теңге қаржы қажет екен. Бұл онсыз да дотацияда отырған Коюмчан Омаров басқаратын Ұйғыр ауданы үшін аз қаражат болмаса керек. Оны аудан әкімі мен оның орынбасарлары өз қалталарынан шығармайтыны белгілі. Салмақ тағы да салықтан құралатын бюджетке түскелі тұр.

Қол қоюдан неге бас тартты?

Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілетін нысанды тиісті мекемелер тарапынан құрылған мемлекеттік комиссия қабылдайтынын екінің бірі біледі. Қабылдау актісіне комиссия мүшелерінің барлығы қол қоюы тиіс. Сонда ғана нысан пайдалануға берілді деп есептеледі. Егер комиссия мүшелерінің біреуі қабылдау актісіне қол қоюдан бас тартса, нысанда әлі де қалпына келтіруді, жөндеуді қажет ететін жұмыстар бар деген сөз. Ал Кіші диқан ауылында салынған орталықтандырылған су құбыры жүйесін мемлекеттік комиссия әлі қабылдаған жоқ. Себебі, қабылдау актісіне комиссия мүшелерінің бірі – Ұйғыр ауданы бойынша Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Тиляпжан Рахмаев қол қоюдан бас тартып отыр.

– Комиссияның мүшесі ретінде Кіші диқан ауылына барып, ондағы орталықтандырылған су құбыры жүйесін тексергенімізде, құрылыс жұмыстары сапасыз атқарылғандығы анықталды, – деді Тиляпжан Рахмаев біз­бен әңгімесінде. – Бірқатар көше­лерде жер астында орнатылған құдықтарға су толып кеткенін, басты су бөгеті санитариялық та­лаптарға сәйкес қажетті құрыл­ғылармен қамтамасыз етілмегенін көзіміз көрді. Бұдан басқа да кем­шіліктер анықталды. Ең сорақысы, жобада көрсетілген 14 көшенің 10-ынан су шықпай қалды. Тексеріп көрсек, бас бөгеттен тартылған құбырдың диаметрі кіші екен. Мұны «Сұңқар» ЖШС директоры Ибрайым Кебиров осы нысанды жобалаушы «Жоба Дизайн» ЖШС тарапынан жіберілген қателік деген уәж айтады.

Бұл бұдан бір жылдан ас­там уақыт бұрын анықталып, белгілі болған проблема еді. Тиляп­жан Рахмаев су құбыры жүйесіне қатысты кемшіліктердің барлығын көрсете отырып, оларды жоюға ықпал етуді сұрап аудан әкімі К.Омаровқа, аудан прокуроры Ш.Құтеловке және құрылысқа тапсырыс беруші аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы мекемесінің бөлім басшысы М.Хусуровқа хат та жолдаған екен. Олар болса, бүкіл бір ауылдың тұрғындары асыға күтіп отырған ауыз су проблемасын тездетіп шешуге ықпал етудің орнына, үн-түнсіз қалуды жөн санаған.

Басқа-басқа, ал аудан әкімі Коюмчан Омаровтың осынау өзекті мәселеге араласпай, одан сырт қалуын қалай түсінсек екен? Өткен айдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің Президенті әкімдер халықтың қыз­метшісі болуы тиіс, деп атап өткені есімізде. Біздің естуімізше, әкім халықтың қызметшісі емес, керісінше, Ұйғыр ауданының халқы Омаровтың қызметшісі секілді.

– Құрылысты салушы бас мер­дігер – «Сұңқар» ЖШС ди­ректоры И.Кебиров Кіші ди­қандағы су құбыры жүйесін қа­былдау актісіне қол қойып беруім­ді екі-үш рет өтінді, – деді Тиляпжан Рахмаев. – Орын алған кемшіліктердің барлығын содан кейін жөндеуге уәде де берді. Келіспедім, барлығы талап деңгейінде орындалғанда ғана қол қоятынымды ескерттім. Оның уәдесіне сеніп, қабылдау актісіне қол қоюыма да болар еді. Ертең олар көрсетілген кемшіліктерді жөндесе жақсы, ал жөндемесе ше? Ел алдында ұятқа қалмаймын ба? Өйткені, мен мемлекеттік қызметшімін, оған кір келтірмеуім керек.

Осы тұста айта кетейік, Кеңес Одағы кезінде халықтық бақылау комитеті деген құрылым болған. Тиляпжанның әкесі Әшім Рахмаев Ұйғыр аудандық халықтық бақылау комитетіне ұзақ жыл басшылық жасаған еді. Ол кісі өте әділ, талапшыл, кемшілік атау­лыға төзбейтін, көңілжық­пас­тыққа бой алдырмайтын жан болатын. Шаруашылықтар бас­шыларын айтпағанда, оның пікір-ұсыныстарына, айтқан сындарына аупарткомның бірінші хатшысының өзі құлақ асып, мән беретін. Екінің бірінде кездесе қоймайтын әкесінің сол қасиеттері Тиляпжанға да дарыған екен деген ой түйдік.

Ұйғыр ауданындағы елді мекендер халқын таза ауыз сумен қамтамасыз етудегі проб­лема­лар Кіші диқандағы ора­лым­сыздықтармен ғана шектеліп қалмайды. Мысал ретінде енді Қырғызсай ауылындағы су құ­бырының жағдайын алайық. Бұл елді мекендегі бұрыннан пай­даланып келе жатқан су құ­бы­ры ескіргендіктен және оны­мен жеткізілетін ауыз су сани­тариялық-эпидемиологиялық та­лапқа сай келмегендіктен, су құбыры ауданаралық экономикалық соттың шешімімен жабылған болатын.

Осыдан үш жылдан ас­там уақыт бұрын ондағы су құбырларын қайта жаңарту жұмыстары жүзеге асырылды. Құрылыста өрескел қателіктер жіберілгендіктен, құбырдан су жүрмей, мүлде жарамсыз болып қалды. Осылайша, бюджеттен бөлінген 25 миллион теңге желге ұшып, босқа ысырап болды. Бүгінде Қырғызсай ауылындағы 2,5 мыңдай адам ауыз судың азабын тартып, аудандық әкімдікке жалтақтап отырған жайы бар. Бұл проблема жуық арада шешіледі деп тағы айта алмаймыз. Өйткені, аудан басшылары тарапынан осы мәселеге бас қатырып жатқан жандар қазірге байқалмайды.

Жылда уәде береді, орындалмай қалады

Кіші диқан ауылдық округінің аумағында екі елді мекен бар. Соның бірі Кіші диқан болса, екіншісі – Үлкен диқан ауылы. Бұл ауылда бір орта мектеп, медициналық пункт және үш-төрт сауда нүктесі 1,5 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Үлкен диқанда осылардан басқа мәдени-тұрмыстық нысандарды шам алып іздесеңіз де таппайсыз. Рас, анау бір жылдары осы ауылдан шыққан кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары қаржы жинап, елу адам еркін сиятын мешіт үйін тұрғызып берген еді. Айлық берілмейтін имандылық үйіне адам тұрақтай ма, қазіргі кезде мешіт жұмыс істемей тұр.

Үлкен диқан мен Кіші диқан ауылдарының аралығы алты шақырымдай жер. Кеңес Одағы тұсында осы аралықта тас жол салынған болатын. Бүгінде күтімсіздіктен, қараусыздықтан жолдың түте-түтесі шыққан. Автокөлікпен жүру мүмкін емес, ойдым-ойдым. Жауынды-шашынды күндері екі ауыл арасына қатынау тіпті қиын. Ал Үлкен диқан ауылындағы көшелердің жолдары бұдан да сорақы, көшелер бойына электр жарығы тартылмаған. Қараңғы түссе, онымен жүру қорқынышты. Ауылдың іргетасы қаланғанына 80-90 жыл өтсе де бұл елді мекен көшелеріне әлі бірде-бір рет асфальт төселмепті. Қазіргі кезде ауыл тұрғындары асфальт тұрмақ, тас жолдың өзіне зар болып отыр.

Шалғайдағы ауылдың осы, тағы басқа да проблемаларынан­ аудан басшылары жақсы хабардар. Бұл мәселелер аудан әкі­мі К.Омаровтың халықпен кез­десуінде, есеп беру жиындарында талай мәрте көтерілген. Жылда уәде береді, жылда орындал­май қалады. Үлкен диқан мен Кіші диқан арасындағы жол­дың, сондай-ақ, Үлкен диқан ауылындағы көшелердің ой-шұңқырлы, жырымдалған жолдарын осы елді мекенде өмір­ден озған соғыс және еңбек ардагерлеріне қойылған еңселі ескерткіштің ашылу рәсіміне арнайы келген Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Ермек Келемсейіт мырза да көрді, сол жол­дармен жүріп те өтті. Әрине, жол талғамайтын «Джип» автома­шинасымен. Үлкендиқандықтар енді сол азамат жергілікті бюджеттен қаржы бөлдіруге ықпал етіп, көмектесер деген үмітте отыр.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы,

Ұйғыр ауданы.

____________________________________

Суретті cалған Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ.

Соңғы жаңалықтар