Атыраудан Астрахань арқылы Ресейге қатынайтын жолды қайта жаңғырту жобасы қолдау таппай тұр. Неге?
Атыраудан үш бағытқа шығатын республикалық маңызға ие үш күре жол бар. Оның бірімен көлік жүргізушілері Батыс Қазақстан облысына қатынайды. Екінші бағыт Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарына бет түзейді. Ал үшінші жол өңірдің Исатай, Құрманғазы аудандарының елді мекендерін қуалай өтіп, Ресейдің Астрахань облысына бағыт алады. Мұнайлы өңірді көрші елмен байланыстыратын жол бөлігінің ұзындығы 277 шақырымды құрайды. Дәл осы жолмен жүретін жүргізушілер де, жолаушылар да зәре-құты қалмай, діттеген жеріне жеткенше иманын үйіріп отырады. Өйткені, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Мұратбек Қамзаевтың айтуынша, бұл жол 30 жыл бұрын пайдалануға берілген. Содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жасалмапты. Әбден ескіріп, тозығы жеткен жол бойымен «билеп» келе жататын көліктер бір-бірімен жиі соқтығысады. Соның салдарынан жолаушылардың көз жұмуы жиілеген апаттар көбейіп тұр.

– Биылғы жыл басынан бері «Атырау – Астрахань» жолының бойында 25 жол-көлік оқиғасы тіркелді, – деп мәлім етті газет тілшісіне облыстық әкімшілік полициясы басқармасының рота командирі, полиция майоры Серік Ғайнеденов. – Сол жол-көлік оқиғасынан 17 адам ажал құшты. Ал 50 адам әртүрлі жарақат алды.
Байқайсыз ба, он айдың ішінде қара жолдың кесірінен қанша отбасы қайғы жұтты? Мәселе жол апатынан қайтыс болғандар туралы деректің көптігінде, не аздығынан емес, тұрғындардың жақын туысы мен бауырынан, енді біреудің баласынан, анасы мен әкесінен айырылып, орны толмас қайғыға душар болуынан туындайды. Әлі қаншама адамның көрер жарығы кенеттен жол бойында сөнерін кім білсін?! Бір алаңдатарлығы, көңіл құлазытар мұндай деректер өткен жылғыдан әлдеқайда артып отыр. Мәселен, былтыр дәл осы жол бойындағы 19 жол-көлік оқиғасынан 8 бейкүнә жолаушы жантәсілім етіпті. Сонымен бірге, 33 адам түрлі жарақаттармен зардап шеккен. Жоғарыда келтірген биылғы деректердің өзі аталған жолмен жүрудің аса қауіпті екенін қоюлата түседі. Полиция майоры Серік Ғайнеденовтің пікіріне сүйенсек, жол-көлік оқиғасының орын алуына басты себеп ретінде «Атырау – Астрахань» бағытындағы жолдың тозуын айтуға болады. Жолдағы шоқалақтардан қашатын жүргізушілер қарсы бағытқа шығып кеткенін байқамай қалады. Сөйтіп, қарсы бағытта келе жатқан көлікпен «тұмсық» түйістіреді.
«Атырау – Астрахань» жолына байланысты мәселенің екінші қырына үңілер болсақ, аталған жолмен көлік ағыны арта түсуде. «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы Мұратбек Қамзаевтың мәлім етуінше, кеңестік дәуірде бұл жолмен тәулігіне үш мыңға жуық көлік жүрген деген болжам жасалған. Ал қазіргі кезде «Атырау – Астрахань» аралығындағы жолмен тәулігіне төрт мыңнан астам көлік өтеді. Бұл жолдың халықаралық маңызы да бар. Өйткені, Орталық Азия елдерінің көліктері Атырау арқылы Ресейдің Астрахань облысына, одан әрі Краснодар, Ставрополь аймақтары мен Волгоград облысына шығады. Сонымен бірге, ауыр жүк көліктері де жиі қатынайды бұл жолмен. Соның ішінде Атырау облысындағы «Теңіз», «Қашаған» секілді кеніштерге әлемнің әр түкпірінен ауыр жүктер осы жолмен тасымалданғаны бар. Тағы бір деректі алға тосар болсақ, НАТО елдерінен Ауғанстанға гуманитарлық жүктер таситын көліктер ағыны да аталған жолға ауыр салмақ түсіріп тұр.
– Бұл жолдың құрылысы кеңес дәуірінде жүргізілген. Сол кездегі стандарттарға сәйкес жүк көлігінің бір осіне 6-8 тонна салмақ түсуі тиіс. Ал қазір біздің елімізде 13 тоннаға арналған бірыңғай стандарт қолданылады, – дейді «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы Мұратбек Қамзаев.
Демек, ескі жол бүгінгі ауыр жүк көліктерінің салмағына шыдас бермейді. Сол себептен бұл жолды қайта жаңғыртудың қажеттігі туындағалы қашан! Тіпті, «Атырау – Астрахань» жолын қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжат жобасы 2009 жылы дайын болыпты. Қанша қаржы жұмсалатындығы есептеліп, қайта жаңғырту жұмыстарын кезең-кезеңмен жүргізудің жоспары әзірленіпті. Бірінші кезеңде жолдың Ресей шекарасынан Атырауға қарай 140 шақырымдық бөлігін қайта жаңғырту көзделіпті. Оған шамамен 24 миллиард 600 миллион теңгеден астам қаржы қажеттігі сұралған. Содан бері құрылыс материалдары бірнеше еселеп қымбаттап жатыр. Енді 140 шақырымдық жолды қайта салудың қаржысы да әлденеше еселенгені даусыз. Бірақ, неге екені белгісіз, арада төрт жылға жуық мерзім өтсе де Көлік және коммуникация министрлігінен еш жауап жоқ. Аталған жолға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіле ме, жоқ па?
Министрліктің жұмған аузын ашпай, үн-түнсіз отыруы түсініксіз, әрине. Министрліктегі шенеуніктерді «Атырау – Астрахань» бағытындағы күрежол бойындағы көлік апатынан адамдардың ажал құшып жатқаны ойландырмай ма? Әлде, олар жыл сайын кеңестік дәуірден «мұраға» қалған жолды жамап-жасқауға қаржы бөлуді тиімді көретін секілді ме? Осы орайда биыл Атырау облысындағы республикалық маңыздағы жолдарды күтіп-баптауға 250 миллион теңге бөлініпті. Алайда, ойдым-ойдым шұңқырларды жамап, жол белгілерін орнату, жаңарту секілді жұмыстарға осынша қаржы бөлінгенмен, «Атырау – Астрахань» жолының ахуалы жақсара қойған жоқ. Керісінше, бұл жолда ажал аранына тап болған адамдар саны өсіп барады. Бұл жолдың адамдарға ажал құштырған қауіпті шақырымдары шұғыл шаралар қабылдауды қажет етеді дейтініміз жоғарыдағы себептен туындап отыр.
Тегінде мемлекеттің ең қымбат байлығы – адамдардың тағдырына атүсті қарауға болмайтын шығар, сірә!
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.
-----------------------------
Суретте: «Атырау – Астрахань» жолында болған көлік апаты.
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.