• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
19 Қараша, 2013

Поляктар қазақша оқиды

745 рет
көрсетілді

Халық аузындағы аңыз бойынша Познань атауының өзі о баста славяндардың осы жерге жиналып, бір-бірін тануынан (познание) барып аталған дейді. Поляктар сонда осы жерде қалуды ұйғарып, қалғандары тұс-тұсқа тарап, көпшілігі шығысқа қарай жылжыса керек. Содан да болар, познаньдықтар тануға, білуге, үйренуге құмар.

Познань – Польшадағы ірі университет-қаланың бірі. Мұндағы 27 ЖОО-да жыл сайын 130 мыңнан астам студент білім алады екен. Ал ғалымдардың ел дамуындағы үлестері де айтарлықтай. Соның бірі – Польша әкімшілік басқару реформасын дүниеге әкелген профессор, заң ғылымдарының докторы марқұм Михай Кулеша көрінеді.

 

Халық аузындағы аңыз бойынша Познань атауының өзі о баста славяндардың осы жерге жиналып, бір-бірін тануынан (познание) барып аталған дейді. Поляктар сонда осы жерде қалуды ұйғарып, қалғандары тұс-тұсқа тарап, көпшілігі шығысқа қарай жылжыса керек. Содан да болар, познаньдықтар тануға, білуге, үйренуге құмар.

Познань – Польшадағы ірі университет-қаланың бірі. Мұндағы 27 ЖОО-да жыл сайын 130 мыңнан астам студент білім алады екен. Ал ғалымдардың ел дамуындағы үлестері де айтарлықтай. Соның бірі – Польша әкімшілік басқару реформасын дүниеге әкелген профессор, заң ғылымдарының докторы марқұм Михай Кулеша көрінеді.

Тұлға тарихты өзгертеді

Познань халықаралық жәр­мең­кесінің биылғы жаңа­лығының бірі елдің дамуына айтарлықтай үлес қосқан адамдарды арнайы белгімен марапаттауы. Ол – Поль­шаның әкім­­шілік басқару жүйесін рефор­малаудың ав­торы Михай Кулешаның атына тағайындалыпты. Жеңімпазды марапаттау рәсімінде сөз сөйлегендер тұлғаның тарихи үдеріске тигізер әсерін айтып, профессор М.Кул­е­шаның коммунистік жүйе тұсында қолға алған тео­риясының қалай жүзеге асқанын әңгімеледі. «Жоқ, бұл мүмкін емес, ол үшін конституция өзгеруі керек қой» дегенде, «Ендеше, конституцияны өзгертуіміз керек», деген М.Кулешаның сол кездегі ойлары ешқашан орындалмайтындай көрінетін, бірақ ғалым бақыты оның өзгергенін де, жемісін де көруінде. Бұл ретте М.Кулеша бақытты, деген поляктар шынында да әкімшілік басқарудың профессор ұсынған бағытымен жүріп, айтарлықтай жетістікке жетіп отыр. Яғни, Польша қандай дағдарыс тұсында да жүгін аудармай, көшінің бетін түзу ұстап келеді.

Познаньдағы басқару жүйе­сіндегі виртуалды әкімшілік тұр­ғындар үшін өте қолайлы көрінеді. Электрондық қызмет көрсетудің инновациялық түрлерін ендірудегі жетістіктері үшін Познань «Элек­тронды экономика елшісі» атты байқаудың жеңімпазы атаныпты. Бұған қоса, қала «Электронды әкімшіліктің муниципалды лидері» ат­ты алтын @-ны (айқұлақты) ием­деніпті.

Ғалымның теориялық тұрғы­дағы ой жетістігі тұтас елді алға сүйрегенінің, басқару жүйесін халық­қа бұрғанының нәтижесі көзге ұрады. Поляктардың ғылымды ең алдымен қоғамды алға апарушы күш, онымен ақша тауып әлеуетіңді күшейтесің деген ойы бір кездері Познаньдағы Адам Мицкевич атындағы университетте қазақ тілін оқытатын бөлім ашуға алып келіпті.

Абайдың қара сөздері поляк тілінде

Адам Мицкевич университетінің еліміздің ЖОО-ларымен байланысы да бар екен. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Польша­ның Познань қаласындағы Адам Мицкевич университетіне ғылыми-зерттеу жұмысымен былтырғы жылы Жетпісбай Бекболатұлы айналысса, биыл бір жыл тағылым­дамадан өтіп, Польша БАҚ-тарының тынысын зерттеумен әріптесіміз, Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Досан Баймолда айналысып жүр екен. Сол кісілерден аталған университетте қазақ тілін оқытатын бөлім бар екенін естіп және Абайдың қарасөздерін аударған ғалыммен жүздеспекке университетке келдім. Абайды полякша сөйлеткен ғалым, профессор Генрих Янковски іссапарға кетіпті, қазақ тілінің маманы Гүлайхан Ақтаймен жолығып, әңгімелесудің сәті түсті.

– Өзге еуропалықтар тәрізді поляк­тардың бізден ерекшелігі – бір істі бастамастан бұрын оны әуелі егжей-тегжейлі зерттеп, дұрыстап дайындалып барып бастайды, – деген Гүлайхан әңгімені өте жақсы айтады екен.

1980-ші жылдары осындағы Адам Мицкевич университеті бұрын оқытып жүрген түрік тілімен қатар, қыпшақ тіл тобынан тағы бір тілді оқытуды бастауымыз керек деп шешіп, 2000 жылдың басында профессор Г.Янковски Орталық Азияны аралап, ЖОО-лардағы тіл оқыту жүйесімен танысып барып, қазақ тілін таңдайды. Ол кезде мен Түркістандағы Қа­зақ-түрік университетінде шет­ел­діктерге қазақ тілінен са­бақ беретінмін. Алматыдағы, Қара­ғандыдағы, Астанадағы ЖОО-ларда болып барып, біздің университетті келіп көреді. Арада 6 ай өткенде Польшадан біздің университетпен келісімшартқа отырғысы келетіндігін білдірген ресми хат алынды. Сол келісім бойынша, Познаньға тек кітап көтеріп келдім. Бірақ арқалап келген орысша-қазақша сөздіктерім іске жарамады, себебі, мұндағы студенттер бірнеше шет тілін білсе де, орыс тілін білмейді екен. Содан ә дегеннен жұмысты сөздік жасаудан бастадық.

Сол кездегі студенттердің тіл­ге деген ынтасы керемет болды, өйткені, ол кездегі ауызша қа­былданатын емтихандар мен қазіргі қабылданатын сынақ арасындағы айырма үлкен. Ауызша емтиханда қабілеті барлар іріктеліп, тілге деген қызығушылығы зор балалар таңдалып алынатын. 2002-2006 жылдарғы студенттер осынысымен ерекшеленетін. Олар екінші курста оқып жүріп-ақ, поляк аңыздарын қазақ тіліне аударып шықты.

Оқу үдерісі барысында бағдар­ламаға Абайды міндетті түрде енгіземін және студенттерімнің жоғары деңгейін көргеннен кейін бірде оларға Абайдың қарасөздерін әңгімеледім. Оның қазақшасы сіздерге өте ауыр тиетіні хақ, себебі, Абайдың қарасөздерін қазақтардың өзінің түсінуі қиын, сіздер ағылшын тілін білесіздер, сондықтан осы тілдегі нұсқаны асықпай оқып шығыңыздар, деп тапсырма бердім. Оларды уақыттан да қысқаным жоқ, содан бірде, студенттерден ұсыныс түсті: «Апай, біз оқып біттік, енді осы тақырыпта әңгімелескіміз келеді», – деген. Осылайша, студенттердің Абайға қызығушылықтары оянды.

Университетте жылда «Азия күн­дері» атты шара өткізіледі. Сонда бір студентім тұрып: «Апай, мен осы күнге Абайдың қара­сөздерінің бірін дайындасам қайтеді»? – деді. Сосын ол студентке ол жерде тек түркологтар ғана емес Азияның өзге тілдерін де зерттеушілер қатысатындықтан, оларға да түсінікті болу үшін сен қолыңнан келгенше поляк тіліне аудар, дедім. Дайын аударманы профессор Г.Янковскиге көрсеткенде, ол кісі: «Абайды поляктарға танытуды бастаған екенсіздер, енді оны рұқсат болса өзім қарап шығып өңдейін», деді. Осылайша, Абайдың қарасөздері поляк тілінде де сөйледі. Келесі 2009 жылы бізде қазақтану бөлімшесі жеке ашылатын болды. Оған елшіліктен қонақтар келгенде әлгі студент қарасөздерді қайтадан орындады. Жиналғандардың әсер алғандары соншалық, орындарынан тұрып кетіп, қол шапалақтап үлкен құрмет көрсетті. Осылайша, профессор Г.Янковскиге Абайдың қарасөздерін поляк тіліне аудару ойы туды.

Абай қалай полякша сөйледі

Профессор Генрих Янковски Абай­ды аударуға бұл істің оңайға соқпайтынын біліп тұрып, саналы түрде барды деп айта аламын (Ген­рих – Гүлайханның жары). Ол кісі Абайдың өзге тілдерге тәр­жімаланған нұсқаларын да мұқият қарап шықты. Ағылшын, түрік, араб, орыс тілдерін өте жақсы білетіндіктен, өзге аудармаларды қараған ол, олардың барлығы орыс тілінен барып аударылғандықтан кеткен сәйкессіздіктерді анық­тайды. Себебі, Абай қолданған араб сөздері орысша нұсқада дәл сол мағынасында берілмеген екен.

Осылайша ізденіп жүрген уақытта Варшавадан бір бизнесмен хабарласыпты. Ол өзі ислам дінін қабылдаған поляк азаматы, Қазақстанда достары бар, елде жиі болады екен. Сонда достары оған: «Сен қазақтарды дұрыс түсіну үшін алдымен Абайды таны», – депті. Ол кісінің орысшасы мықты, Абайды сол тілде оқып алғаннан кейін: «Неге осындай ұлы, дана адамның еңбектерін поляктар оқымауы тиіс?» – деген ойға қалып, шығаруына мен көмектесейін, сіз толық аударып шығыңыз, деп ұсыныс жасайды. Іздегенге – сұраған, кітап Slovo деген атпен мұқабасы теріден әдемілеп жасалып поляк тілінде жарық көреді.

Туған тіліңе қырын қараған үлкен қасірет

Мен алғаш келген жылдары қазақ тілін оқыту жылына 240 сағат еді. Қазір ол азайып кетті. Бұл жақта, жалпы, Еуропада студенттердің тілді үйренудегі негізгі мақсаттары – табыс табу, яғни аудармашы болып, тіл қажеттілік ететін фирмаларда жұмыс істеу арқылы пайда табу. Жаздағы 3 ай демалыс уақытында студенттер қарап жатпай, осында келген кәсіпкерлерге қызмет көрсетеді. Сол тұрғыдан алғанда, студенттерге қазақ тілі қажет болмай қалды. Польшада болып жататын түрлі форумдарда, түрлі қарым-қатынас, байланыс жасайтын қазақстандықтар үшін қазақ тілі керек емес, олар аудармашылыққа орыс тіліндегі адамды аттай қалап алып шақырады.

Бір мысал келтірейін, Познань қаласына еліміздің дегдарлары деп айтса болатындай азаматтар келіп, халықаралық экономикалық форумға қатысты, сонда, міне, аудармашыңыз, деп алып барған студентке: «Жоқ, бізге орысшаға аударып берсін», дегенінде, орысша білмейтін, қазақ тілінде сөйлейтін адам ренжіп қайтып келді.

Аудармашы ретінде прак­тикалық қазақ тілінің пайдасы жоқтығынан 240 сағат қазір 120 сағатқа азайды. Өкінішті, әрине. Кейбір кезде өзім ойланып отырып, қатты қапаланамын. Түрік тілін білетін студенттер табысты өте жақсы табады. Мәселен, өзіңіз көрген Халықаралық көрмеге келген түріктер бастапқы кезде аударма орталықтары арқылы біздің студенттерімізді тілмаштыққа тартса, кейін неге біз арадағы делдал орталыққа текке қаражат жібереміз, одан да біздің тілімізді білетін студентке тікелей төлейік, еңбегін өзі алсын, деп тікелей байланыс орнатып алды. Бізде осындай жанашырлық жоқ.

Гүлайханмен қоштасарда: «Оқыр­мандар білгісі келетін бір сауалды қоймасыма болмас, отбасылық жағдайыңызды айта кетіңіз», дедім. Жылы жүзіне жарасқан жұмсақ жымиысымен: «Сол қажет болса, айтайын. Мен алғашында келісіммен келдім деп айттым ғой, осында жүріп ғылыммен айналысып, докторлығымды қорғадым, сөйтіп, профессор сөз айтты. Ата-анам, үлкен ағам өте қарсылық танытты. Бірақ бізді құтқарған про­фессордың қазақшасы мен қазақ тілі мен тарихын, мәдениетін жақсы білуі, оған деген құрметі болды. Екі сағат болашақ жұбайыммен әңгімелескен әкем шақырып алып: «Балам, ақ батамды беремін, қыз жатжұрттық деген, сенің тағдырың осы шығар», – деп ризашылығын берді. Несібесі алысқа шашыраған қазақтың бір қызы екенмін», деген Гүлайханмен қимай қоштастым.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА – ПОЗНАНЬ – АСТАНА.

Соңғы жаңалықтар