Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге Қазанда болған әуе апатына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы жолаушылар ұшағының апатқа ұшырау салдарынан адамдардың қаза тапқаны туралы хабарды қайғыра отырып қабылдағанын атап өткен.
– Бұл қайғылы оқиға мені қатты күйзелтті, Ресей Федерациясы халқымен бірге ауыр қазаны шын ниетіммен бөлісемін, – делінген жеделхатта.
Жеделхатта Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының атынан және жеке өзінің атынан шын ниетпен көңіл айтып, қаза тапқандардың отбасыларына, туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтастығын білдірді.