Биыл облыс бойынша 184,2 мың гектар жерге егiс егілді. Оның ішінде дәндi дақылдар 99,9 мың, майлы дақылдар 5,7 мың, мал азықтық дақылдар 61 мың, картоп, көкөнiс, бақша 17,6 мың гектар болып отыр. Негізгі дақыл күрiш 89,5 мың гектарға егілді, деп хабарлайды Egemen.kz
Сонымен қатар, осы жылы облыста егісті әртараптандыру бағытында алғаш рет қант құмайы 70, соя 240, жүгері дақылы 1 667 гектарға дейін жеткізіліп, ылғал сақтағыш аквагельдерді пайдалану арқылы 80 гектар тәлімдік жерлерге күздік бидай себілді.
Жалпы облыс шаруашылық құрылымдары егілген ауылшаруашылығы дақылдарын агротехникалық талаптарға сай егіп, күтіп - баптау жұмыстарын өз мерзімінде жүргізді. Аймақтағы егін жинау науқаны 15 қазан күні толық аяқталды.
Сыр диқандары жазда болған су тапшылығына қарамастан тынымсыз еңбегінің нәтижесінде ел тарихында күріш өндіруден рекордтық көрсеткішті биыл тағы да жаңартып, жоғары өнім жинады. Егілген 89,5 мың гектар күріштің әр гектарынан 61,8 центнерден өнім алынып, ел қамбасына 551,3 мың тонна Сыр маржаны құйылды.
Сонымен қатар, картоптан 66 590, көкөністен 112 806, бақшадан 193 484 өнім жиналды.