Бұл күн не үшін керек деген сұраққа жауап
Тұңғыш Президент күні не үшін керек деп сұрады бір досым. Мен табан астында жауап бере алмадым. Ойландым. Ойландым да осы мақаланы жазуды ұйғардым. Өйткені, досымның сұрағынан кеңестік кезеңнің салқыны сезіліп тұрды. Ол да, мен де КОКП көсемдері тағында отырғанда жеке басына табынып, ал тағынан тайған соң төбесіне су құйып жамандағанды көзімізбен көріп, құлағымызбен естіген ұрпақпыз. Сондықтан қаласақ та, қаламасақ та осындай бір жағымсыз әдет санамыздың бір түкпірінде бұғып жатқанын мойындауымыз керек. Одан арылу үшін де Тұңғыш Президент күнінің мән-мағынасын түсініп қана қоймай, түйсіне білу ләзім.
Бұл күн не үшін керек деген сұраққа жауап
Тұңғыш Президент күні не үшін керек деп сұрады бір досым. Мен табан астында жауап бере алмадым. Ойландым. Ойландым да осы мақаланы жазуды ұйғардым. Өйткені, досымның сұрағынан кеңестік кезеңнің салқыны сезіліп тұрды. Ол да, мен де КОКП көсемдері тағында отырғанда жеке басына табынып, ал тағынан тайған соң төбесіне су құйып жамандағанды көзімізбен көріп, құлағымызбен естіген ұрпақпыз. Сондықтан қаласақ та, қаламасақ та осындай бір жағымсыз әдет санамыздың бір түкпірінде бұғып жатқанын мойындауымыз керек. Одан арылу үшін де Тұңғыш Президент күнінің мән-мағынасын түсініп қана қоймай, түйсіне білу ләзім.
Мұның тағы бір қиындығы тарихта әдетте лидерлердің елінің ұзақ мерзімді тыныштығын әрі өркендеуін қамтамасыз етуі оның белгілі бір соғыстағы жеңісімен байланысты болып келеді. Туған күндері ел мерекесіне арналған АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтон елдің тәуелсіздік жолындағы күресін баянды етсе, 16-шы президенті Авраам Линкольн азамат соғысынан кейінгі дамуына жол ашты.
Мұндай мысалдарды Қазақ Ордасы хандарының өмірінен де көптеп келтіруге болады. Олар да елін, жерін жаудан қорғап, қол бастаумен даңқын асырды. Өйткені, ол заманда жұмыр жер қайта-қайта бөліске түсіп жататын. Әсіресе, отырықшы елдер күшейген сайын көшпенділердің өрісі тарыла берді. Сондықтан да олар елінің «ұстағанның қолында, тістегенің аузында» кетпеуі үшін жанталасты.
Ал, жұмыр жердің қайта бөліске түсуіне тосқауыл қойылған қазіргі заманда мәселені адам құрбандығымен шешу ел басқарудың аса тиімді тәсілі емес. Әсіресе, саяси шешім таба алмаған солақай саясаттың салдарынан туындаған қантөгістер халыққа қатты батады. Шын көреген саясатшы ішкі проблемасын да, сыртқы дауын да қантөгіссіз шешіп, халқының амандығын ойлайды. Өкінішке қарай, әлемде әлі де қан төгіліп жатыр. Сөйтіп, Ауғанстандағы, Ирактағы, Сириядағы, Африка елдеріндегі бірінен кейін бірі тұтанып жатқан соғыстар қазіргі заманның негізгі нышандарының біріне айналып тұр. КСРО-дай алып империя ыдырағанда да оның кейбір аймағында қантөгіс орын алды. Сондықтан да Қазақстанда 80-жылдардың соңынан басталып, 90-жылдардың ортасына дейін созылған саяси шиеленістерді қантөгіске жеткізбей шешуі – Елбасы саясатының үлкен жеңісі. Ол, бұл жеңіске қара күшпен емес, нақты іспен жетті. Тұңғыш Президент қоғамдағы барлық күштерге де, сыртқы ықпалға да құлақ асты, бірақ ешқайсысының ырқында кетпей, ел тізгінін берік ұстады. Қайта олардың ерекшеліктерін тиімді пайдаланып, талаптарын бір арнаға – бүкіл қазақстандық мүддеге бұра білді. Ол орыс тілді ортада шыңдалып, олардың өз адамы бола білсе де, қаны да, жаны да қазақ екені қай кезде де байқалып тұрады. Өйткені, оның тікелей ата-бабалары халқының тәуелсіздігін қорғауды ұрпақтан ұрпаққа мұралаған («Әулеті Қарасайдың түгел батыр, орнатқан дұшпанына заман ақыр» – Сүйінбай). Ол туып-өскен батырлар мен ақындар өлкесінде Сүйінбайдың:
Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менім байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым! –
деген ұран жолдарын бәрі білетін. Жиын-тойда мақтанышпен айтатын.
Осындай рухы күшті ортада өскен ол билік басына келген кезең, әрине, егеулі найза қолға алатын уақыт емес еді. Сондықтан да Назарбаевтың «қайнап» тұрған Қазақстанды тыныштандырудағы тәсілі де ерекше болды. Ол өзінің ішкі саясатында да, сыртқы саясатында да еш уақытта баррикада құрып алғандардың бір жағында қалған жоқ, екі жағынан да табылды. Оның конфедерациялық одақ туралы айта жүріп, Қазақстанның басқа республикалармен көлбеу қарым-қатынасын елден бұрын күшейткені, рубль аймағында ең соңына дейін қала отырып, ұлттық валюта – теңгемізді астыртын жасатып қойғаны, еліміздің саяси-экономикалық, әскери, мәдени дербестігін бүкіл әлемге мойындата отырып, Еуразиялық одаққа ұмтылуы полюстің екі ұшына да ұмтылып, баррикаданың екі жағынан да табыла білгені емей немене?
«Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген мақалды жаңа заманның басында тұрған Абай «Екі кеме құйрығын ұста, жетсін бұйрығың», деп өзгерткен. Елбасымыз да солай ойлайды. Сондықтан да сырт көзге бір-біріне кереғар көрінгенімен, ішкі бірлігі мықты осындай саясатының арқасында ол Қазақстан сияқты жергілікті халқы азшылықта қалған елді ешқандай қантөгіссіз, дау-жанжалсыз тарихтың тар көпірінен тайдырмай алып өтті. Соның нәтижесінде ел ішінде бірлік сақталды. Ал бірлік бар жерде береке бар. Қазақстанға инвестиция құйыла бастауының басты себебінің бірі де елінің ынтымағы болса керек. Сөйтіп, қазіргі таңда Қазақстанның әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына енуі Елбасы жүргізген саясаттың сара екенін көрсетіп берді.
Бірақ сол жол қандай жол? Ол неге қазақстандық немесе Назарбаев жолы деп аталып жүр? Бұл сұрақтарға айқын, ашық әрі қарапайым жауап болмаса, Тұңғыш Президент күнінің шын мәнін көпшілік тереңінен қабылдай алмайды. Ал, «Елбасымыздың сара саясатының арқасында осындай көрсеткіштерге жеттік» деген құрғақ мәліметтер оларды қанағаттандырмайды. Өйткені, бізге Елбасының жеке басының рөлін ұғынықты түсіндіру үшін жалпылама айтпай, түрлі тәсілдерді пайдалануға тура келеді. Мәселен, 90-шы жылдары өзіңіз қандай қозғалыстың мүшесі болдыңыз, дамудың қандай жолын қаладыңыз? Сіздің сол ұлтшылдық әлде шовинистік немесе маргиналдық пікірлеріңізді Президент қолдады ма, көпшілік қалай қарады, Парламент қандай құжат қабылдады, бұл күндері сол пікіріңіз өзгерді ме деген сұрақтарды аудиторияға берудің тиімділігі зор. Сол сұрақтарға берілген жауаптардан Елбасымыздың таңдаған жолының дұрыстығы өзінен-өзі көріне кетеді.
Аудиториядан жеріміздегі орасан мол қазба байлықтарды ел дамуының басты себебі етіп көрсеткісі келетіндер де табылады. Сол кезде Африкада немесе Латын Америкасында, тіпті, кешегі кеңестік кеңістіктегі елдер арасында қазба байлықтары мол мемлекеттердің көп екенін алға тарта отырып та, мәселе дамудың дұрыс жолын таңдай білуде екенін дәлелдеуге болады.
Әлем тарихын философиялық тұрғыда баға бере отырып жазып шыққан ағылшын ғалымы Тойнбидің айтуынша, күйреген империяның түкпір-түкпірінде пайда болатын жаңа мемлекеттер таңдайтын жол төртеу-ақ екен. Оның бірі – өткеніне оралу, екіншісі – керісінше, өткенін мансұқ етіп, әсіре жаңашылдыққа ұрыну, үшіншісі – шекарасын тарс жауып, сыртпен қарым-қатынасын шектеп, тұйықталу. 90-жылдардың басында осы үш жолды ұсынғандар біздің елімізде де болды. Мұндай пікірлер көше митингілерінен бастап, тіпті Жоғарғы Кеңес отырыстарында да айтылды. Ал, көрші мемлекеттер арасында өткеніне оралғысы келгендер де, әсіре жаңашылдыққа ұрынып демократияны анархияға айналдырып алғандар да, өз елін тұйықтап, шекарасын тарс бекітіп тастағандар да болды.
Бірақ Назарбаев бастаған Қазақстан жолы олардың біріне де ұқсамайтын төртінші жол – түлеу, жаңару жолы болды. Ол жолдың стратегиясы 1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиясында толық көрініс тапты. «Мен өзіме отыз үш жыл өткеннен кейінгі Қазақстанды қалай елестетемін», деп ойын алға жүгіртеді Елбасы осы бағдарламаның «Қазақстан мұраты» бөлімінде. – Біздің жас мемлекетіміз өсіп, жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ержетеді... Олар бабаларының дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады». Назарбаев бастаған Қазақстан жолының анық та қарапайым анықтамасы осы соңғы сөйлемде тұр. Ол өткенге оралмау, бірақ бабалар дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын жаңаның жақсысымен байыта отырып алға жылжу.
Енді, міне, «2030» Стратегиясының негізгі міндеттерін мезгілінен бұрын орындап, әлемнің аса дамыған 50 мемлекетінің қатарына қосылдық. Алда бұдан да зор міндет тұр. Ол «2050» Стратегиясында белгіленген міндеттер. Осы негізде әлемнің аса дамыған 30 елінің қатарынан ойып тұрып орын алуымыз керек. Түскен даңғылымыздан ауытқымай жүрсек, оған жететініміз де еш күмән туғызбайды.
Қай елдің қандай жолды таңдағаны, тарих сынынан қалай өткендігі халқының менталитетіне, мінез-құлқына тікелей байланысты. Мәселен, ағылшындық салқынқандылықты, немістік дәлдікті, кавказдық қызуқандылықты, жапондық жанкештілікті, қытайлық еңбеккештікті елдің бәрі біледі. Бұл мінездік, ділдік ерекшеліктері сол халықтардың тарихи таңдауында тар жол, тайғақ кешуінде үлкен рөл атқарды. Екінші дүниежүзілік соғыстың күлінен көтерілген Оңтүстік Кореяның 30 жылда дамыған елдер қатарына қосылуына халқының еңбеккештігі және ғылымға деген бетбұрысы шешуші рөл атқарыпты.
Ал, тәуелсіздік алған Қазақстанның бүгінгі толағай табыстарын халқымыздың қандай қасиетімен байланыстыруға болады? Әрине, Кісілігімен. Халықтың бойындағы ең жақсы қасиеттерінің жиынтығы болып табылатын Кісілігі және оның «тар жол, тайғақ кешуден» бірге өткен республиканың барлық тұрғындарына жұғыстылығы туралы пікірімді мен бұрын да айтқан болатынмын. («Бұл – қазақстандық менталитет», «Егемен Қазақстан», 16 ақпан 2011 жыл). Мақаланың тақырыбына орай бұл жолы халықтың жақсы қасиетінің жарқырап көрінуі ел басқарушылардың таңдаған жолына тікелей байланысты екенін ғана атап өткім келеді. Оның дәлелі ретінде Оңтүстік Кореяның мысалына Солтүстік Кореяны қоссақ та жеткілікті.
Сол тұрғыдан қарағанда, біздің еліміздің бүгінгі биігі Елбасымыз саясатының ел менталитетімен үндесіп тұруының тікелей көрінісі деуге болады. Демек, Тұңғыш Президент күнінің мән-мағынасы халқымыздың Кісілігімен байып тұр. Сондықтан да Тұңғыш Президент күнін тойлаған республика жұртшылығы осы бір үйлесімді терең сезіне білуі ләзім. Сонда ғана бұл мереке Тұңғыш Президентті ұлықтай отырып, оны тарихи аренаға шығарған халқының мақтанышына айналады.
Сол үшін алдағы уақытта Елбасы мен елінің осынау үйлесімін айшықтайтын рәміз керек-ақ. Ондай рәмізді тамыры терең тарихымыздан табуға болады. Әрине, бұл жерде «киіз үйіміздің киелі шаңырағы мен тұлпарымыз Елтаңбамыздың негізі болса, қыранымыз көк Туымызда қалықтап, барысымыз басты бағдарламаларымызды айшықтап тұр, енді қандай рәміз керек» деушілер шығуы анық. Солайы солай. Бірақ, тұлпар мініп, ту көтеріп, діттегенін қырандай қиядан шалып барып, барыстай атылған, көкбөрідей еркіндігін сақтаған шаңырақты түркілер Тәңірден бір ғана нәрсені тілеген екен. Ол – адамзаттың амандығы. Таратып айтқанда, Адам ата мен Хауа ана жұбының жарастығы, отбасы мен отан амандығы, бейбітшілік-бірлігі, адам мен әлем үйлестігі. Ғылымға «Меркі ғибадатханасы» деген атпен енген Жамбыл облысының тауларындағы ер мен әйел жұптасып тұрған тас мүсіндер соның дәлелі. Олар көп. Меркінің үстіндегі биіктігі үш мың метрлік Сандық жайлауында тоқсанға жуық жұбы тұр. Бір қызығы, әрқайсының өз территориясы бар. Бұл өңірдің бір аты – Мыңбұлақ. Сондықтан да Батыс Түрік қағанаты қағандарының ордасы болған Мыңбұлақ осы жер деп жорамалдайтын ғалымдар да бар. Ал, археолог-ғалым Айман Досымбаева бұл өңірді көне түркілердің ғибадатханалары деп есептейді. Демек, осы жұптарға келіп табынған біздің арғы бабаларымыз Тәңірден от басы – отанының амандығын, ер мен әйел бірлігі арқылы бүкіл әлем үйлесімін тілеген.
Мына кереметті қараңыз. Бұл жұп мүсіндердің әрқайсының территориясына жақындағанда сізге тостағанмен дәм ұсынып тұрғанын көресіз. Ал, Шу бойының Жайсаң жоталарындағы дәл осындай мүсіндердің қолынан гүл ұсынып, құс ұшырып тұрғандары да кездеседі. Міне, біздің бейбітшіл, қонақжай, ақпейіл, адал, кісілікті менталитетіміздің төркіні қайда жатыр. Халқымыз ғасырлар бойы қандай идеологияны ұстанып, ұрпағына қандай тәрбие берген! Біздің дәуіріміздің арғы жақ, бергі жағынан келе жатқан мынау мүсіндер сол қасиеттерімізді өте дәл беріп тұр. Демек, бойымызда қалған осынау Кісілік мінез бізді өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасынан басталған тарихи сілкіністен қантөгіссіз аман-есен алып шығып, елдің өркендеуіне септігін тигізген. Иә, бұл – халқымыздың «өнбес дауды қумайтын» Кісілігінің жемісі.
Елен ӘЛІМЖАН,
жазушы.
ТАРАЗ.