АҚШ-тағы президенттік сайлау жақындаған сайын, Вашингтонда қарбалас күшейіп келеді. Мәселен, таяуда ядролық қаруландыруды болдырмау жөніндегі келісімді ұзарту туралы әңгіме қайта қозғалды.
Келер жылғы ақпанда The New START деп аталатын стратегиялық шабуылдау бағытында қарулануды болдырмау жөніндегі Ресей мен АҚШ арасындағы келісімнің мерзімі аяқталады. Мұхиттың арғы бетіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ақүй әкімшілігі Ресеймен арадағы The News START деп аталатын осы келісімді ұзартуға ықылас танытқан.
Мәселе түсінікті болуы үшін тарихқа үңілейік. The New START шартына 2010 жылы осы екі елдің сол кездегі басшылары Барак Обама мен Дмитрий Медведев қол қойған-ды. Соған сәйкес оқтұмсықтар саны 1550-ге дейін, құрлықаралық баллистикалық зымырандар, сүңгуір қайықтардағы баллистикалық зымырандар және ауыр бомбалаушылар саны 700 данаға дейін қысқартылуы тиіс. Жалпы, бұл бастаманы 1982 жылы Америка Құрама Штаттарының сол кездегі президенті Рональд Рейган көтерген еді. Кейінірек 1991 жылы үлкен Джордж Буш пен Михаил Горбачев оның мерзімін ұзартты. Жалпы, АҚШ пен Ресей арасында осындай бірнеше келісім жасалып, екі елдегі оқтұмсықтар саны айтарлықтай қысқарған.
Келесі жылы ақпан айында осы келісімнің мерзімі аяқталады. Бұған дейін Ақүй басшысы Дональд Трамп ядролық қаруға қатысты жасалған бірқатар халықаралық келісімді бұзған еді. Соған байланысты кей сарапшылар The New START шарты ұзартылмай қалуынан қауіптенген-ді.
Қазан айының ортасында Ресей президенті Владимир Путин қазіргі келісімді ешқандай өзгертусіз тағы бір жылға ұзартуды айтқан болатын. Оның айтуынша, осындай қадам арқылы алдағы бір жылда шартты жан-жақты талқылауға мүмкіндік тумақ. Ал өткен аптада Ресейдің сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, келісімді тағы бір жылға ұзартуға ықыласты екенін білдірді. Әрі Вашингтонға өз ұсынысын жібергенін жеткізген.
Ақүй әкімшілігі келісімді ұзартуға ыңғай танытқанымен, шартқа өз талабын қоюды көздеп отырған көрінеді. «Біз Ресей Федерациясының ядролық қаруды бақылау мәселесіне екпін бергенін жоғары бағалаймыз. АҚШ тарапы келісімді нақтылап, аяқтау үшін өз талабын әзірлеп қойды. Ресейлік дипломаттар да осындай қадам жасайды деп үміттенеміз», деді сыртқы істер министрлігінің өкілі Мегар Ортагус.
АҚШ-тың келісімді жаңа талаппен қабылдау туралы ұсынысы Ресейге ұнамайтыны анық. Мұны лауазымды тұлғалар ашық айтты. Мәселен, сыртқы істер вице-министрі Сергей Рябков Ресей тарапы кез келген сәтте ядролық қаруды бақылауда ұстау жөніндегі келісімді созудан бас тарта салуы мүмкін. Оның айтуынша, Кремльдің шешімі АҚШ-тың алдағы әрекетіне байланысты.
Ресей мен АҚШ тарапының The News START шартына мұншалықты шүйлігуінің себебі бар. Кейінгі жылдары ядролық қарусыздану жөніндегі келісімдер бірінен кейін бірі бұзылып жатыр. Мәселен, АҚШ тарапы Иранмен жасалған келісімнен шықты. Сондай-ақ Қысқа және орта қашықтағы зымырандарды жою шарты да бұзылды.
Бұдан бөлек, АҚШ ядролық арсеналын күшейтуден ешқашан бас тартқан емес. The New START шартын Сенат ратификациялайтын кезде Барак Обама АҚШ-тың ядролық арсеналын жаңғыртуға уәде бергені есімізде. Нәтижесінде, АҚШ «смарт бомба» әзірледі. Салмағы 350 кило тартатын жаңғыртылған B61-12 моделі жер серіктерін пайдалана отырып, нысананы дәл көздей алады. Одан қала берді, биыл АҚШ президенті Дональд Трамп Невададағы ядролық сынақ алаңын қайта жандандыру жоспарда бар екенін жеткізді. Келесі жылы Ақүй ядролық қаруға арналған бюджетті 37,3 млрд доллардан 44,5 млрд долларға көбейтуді жоспарлап отыр.
Кремльдің де ядролық қаруға қатысты ұстанымы өзгеруі ықтимал. Біріншіден, Ресей әлемдегі ядролық арсеналы үлкен мемлекет саналады. Қазіргі таңда солтүстіктегі көршімізде алты мыңға жуық оқтұмсық бар. Соның 1500-ден астамы кез келген сәтте қолданылуға дайын тұр.
Екіншіден, Ресей жыл сайын ядролық арсеналын жаңартып отырады. Мәселен, «Буревестник» құрлықаралық зымыраны әлемнің кез келген нүктесін нысанаға ала алады. «Посейдон» ядролық торпедосының қуаты ерекше. Құрлықаралық «Сармат» зымыраны, дыбыстан жылдам ұшатын «Авангард», мұның бәрі – Ресейдің ядролық қаруды жаңғыртудағы жоспарына кірген. Қазіргі таңда осылардың ішінде «Авангард» қолданылып жүр. Ал «Сармат» 2021 жылы пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ дыбыстан жылдам ұшатын зымыран жасауға келгенде солтүстіктегі көршіміз басқа елдерге қарағанда әлдеқайда алда тұр. Сондай-ақ ракетаға қарсы қорғаныс жүйесін айналып өтуде де Мәскеудің басымдығы байқалады. Қысқасы, Ресей де келісім бұзылса ядролық арсеналын күшейтуге жедел кірісуге әзір.
Ядролық қару туралы сөз қозғалғанда Қазақстанға тоқталмау әсте мүмкін емес. Өйткені еліміз бомба сынағының зардабын аз тартқан жоқ. КСРО 1947 жылы Семейде полигон ашу туралы шешім қабылдап, 1949 жылғы 29 тамызда алғашқы атом бомбасын сынақтан өткізгелі бері ұлы даланың топырағында 468 ядролық қару жарылды. Бұл – бүкіл КСРО-да жасалған сынақтардың үштен бірі. Осының өзі Семейдегі полигонда жарылған ядролық қару қуатының қасіретін анық аңғартса керек.
Мұндай апатты қарудың қасіретін жақсы түсінген еліміз әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жер-жаһанды жаппай қырып-жою қаруларынан азат етуге бағытталған соны қадам болғанын уақыт көрсетті. Бүгінде мемлекетіміз ядролық қарудан бас тарту ісінде өзгелерге үлгі. Жалғыз Қазақстанның бастамасымен шартарапты атом бомбасынан құтқару мүмкін емесі түсінікті. Ендеше, әлемнің ядролық державалары ядролық қарусыз әлем құруға талпыныс жасауға тиіс.