Сенатта ауылдық аумақтарды әлеуметтік-экономикалық дамытудың жай-күйі және олардың теңгерімді даму келешегі тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау болды.
Түйіні тарқатылмаған мәселе
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің кіріспе сөзінде Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарының табысын ұлғайту және ауыл инфрақұрылымының сапасын жақсарту жөнінде нақты міндеттер қойғанын атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстан халқының 41 пайызы ауылдық жерлерде тұрады.
«Ауылдың экономикалық, демографиялық және мәдени әлеуеті зор. Сондықтан бүгін талқыланып отырған мәселе мемлекетіміздің ары қарай дамуы үшін үлкен маңызға ие. Шын мәнінде ауыл дамымай, мемлекет дамымайды. Соңғы жылдары Қазақстанда ауылдық аумақтарды тиімді дамыту үшін маңызды қадамдар жасалуда. 2019 жылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырылып келеді. Дегенмен бүгінде жағдай түбегейлі жақсарып кетті деп айта алмаймыз. Қазіргі таңда елімізде 6 322 ауыл бар. Ұлттық экономика министрлігінің бағалауы бойынша оның 3,5 мыңында немесе 56 пайызында ғана дамуға қажетті әлеует бар», деді М.Әшімбаев.
Сенат Төрағасының айтуынша, ауылдар әлеуметтік және тұрмыстық жайлы инфрақұрылым жағынан артта қалып отыр. Әлі күнге дейін ауыз суды тасып ішетін ауылдар жетерлік.
«Ауылдардың 69 пайызы интернетке қосылған деген ақпарат бар. Бірақ интернет бар жерлердің өзінде байланыс сапасы сын көтермейді. Әр бесінші ауылда білім беру нысандары жөндеуді қажет етеді. Денсаулық сақтау мекемелерінің де жағдайы мәз емес. Олардың үштен біріне жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Кадр тапшылығы да үлкен мәселе.
Ауыл тұрғындарының табыс деңгейі төмен екенін білеміз. Ауылдан көшу қарқыны да бәсеңдемей отыр. Негізінен жастар, еңбекке жарамды адамдар кетіп жатыр. Соның салдарынан халықтың қартаю үдерісі белең алып келеді. Ауылдағы ең басты мәселелердің бірі – жұмыссыздық. Қысқа мерзімде оқыту және қайта оқыту сияқты мүмкіндіктер қарастырылса да, қазіргі жұмыспен қамту бағдарламалары тұрғындарды толық қамти алмауда.
Ауылдағы кәсіпкерлік те тиісті деңгейде дамымай отыр. 2019 жылдың қорытындысы бойынша ауылдық жерлерде жұмыс істейтін 412 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Бұл еліміз бойынша шағын және орта кәсіпкерлік көлемінің 31 пайызына тең. Алайда ауылдағы кәсіпкерлер шығарған өнімнің үлесі барлық шағын және орта кәсіпкерліктің 14 пайызын ғана құрайды.
Оған бұрыннан қордаланып қалған мәселелер ғана себеп емес. Ауылдық аумақтарды дамытуға қатысты мемлекеттік басқарудағы қазіргі тетіктердің осалдығы да осыған әкеліп отыр. Орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де ауыл дамуын басқарудың және үйлестірудің кешенді тәсілі жоқ екенін жиі естіп келеміз. Ауылдарды мемлекеттік қолдау түрлі бағдарламалардың тасасында қалып, нақты жүргізілмей келеді. Сондықтан жүйелі саясат қажет. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқанын жақсы білесіздер. Ол үшін орталық мемлекеттік органдар жергілікті билік органдарымен бірлесіп, конструктивті жұмыс жүргізген жөн», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы ауылдарды сақтау және дамыту – ұлттық қауіпсіздікке де қатысты мәселе екенін атап өтті. Бұл, әсіресе қазіргідей сын-қатерлер кезеңінде өте өзекті. Әсіресе шекара маңындағы елді мекендерді сақтау аса маңызды мәселелердің бірі. М.Әшімбаевтың айтуынша, ауылдық аумақтарды дамытуға тың серпін беру – тиісті мемлекеттік органдардың алдында тұрған негізгі міндет.
Халық азайып барады
Бұдан кейін сөз кезегін алған Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ақылбек Күрішбаев ауылдық жерлердің бүгінгі ахуалына, халықтың тұрмыс-тіршілік, әлеуметтік жағдайына назар аударды.
«2011 жылы бізде ауыл халқының үлесі 45,4 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіш 41,3 пайызға тең. Әсіресе оның экономикалық белсенді бөлігі үлесінің күрт төмендеуі алаңдатады. Мәселен, соңғы 10 жылда еңбекке қабілетті жастағы адамдар саны 4,1-ден 3,8 млн адамға дейін төмендеген. Жылдан жылға халықтың ауылдық жерден көшуі өсіп келе жатқанын жеткізді. Өткен жылы жарты миллионға жуық адам ауылдан қалаларға қоныс аударған.
Бұрын ауылда бала туу деңгейі қалаға қарағанда әрқашанда жоғары болатын. Ал соңғы алты жылда бұл көрсеткіш ауылдық жерлерде төмендеп кетті. Статистика мәліметтері бойынша, 2019 жылы ауылдағы жан басына шаққандағы табыс айына 45 829 теңгені құраған (қалада – 66 207 теңге). Ал біз жүргізген сауалдама нәтижелері бойынша ауыл тұрғындарының табыстарын бағалау одан да аз, айына 35 349 теңге екенін көрсетті. Айта кету керек, бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші 3,6 млн адамның 2 млн немесе 56,2 пайызы ауылдарда тұрады.
Сондай-ақ табысы күнкөріс деңгейінен төмен, аз қамтылған отбасылар саны ауылдық жерлерде 6,6 пайыз, бұл қалаға қарағанда 2,5 есе көп. Осылайша еліміздің кедей және күнкөрісі төмен отбасылардың негізгі бөлігі ауылдық елді мекендерде тұрады», деді А.Күрішбаев.
Сенатор ауылдық аймақтардағы білім беру саласы мен денсаулық саласындағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Бұдан бөлек ауылдық жерлерде жүргізілген сауалнама қорытындысы жұмыссыздықтың басты мәселе екенін көрсеткен. Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан ұйымдастырылған көптеген бағдарламаның жүзеге асырылуы жоспардағыдай болмай отыр.
«Біріншіден, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмыстары нақты үйлестірілмеген және бұл процеске жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен жергілікті қоғамдастықтар тартылмаған. Екіншіден, солардың бәрін экономиканың аграрлық секторын дамытудың мемлекеттік саясатымен тікелей байланыстыра алатын бірыңғай жүйенің іс жүзінде жоқтығы», деді сенатор.
Бұдан кейін депутат жобаны бірыңғай үйлестірудегі мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың жұмысында алшақтық бар. Олардың әрқайсысы өз жұмыс учаскесіне ғана жауап береді. А.Күрішбаев сенаторлардың парламенттік тыңдауға әзірлік кезінде Ұлттық экономика министрлігі, салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер ұсынған статистикада айтарлықтай айырмашылық байқағанын атап өтті.
Қордаланған мәселелерге кеңінен тоқталған сенатор ауылдық аймақтарды дамыту жұмыстарын тиімді жүргізуге арналған ұсыныстарға тоқталды. А.Күрішбаевтың сөзіне сүйенсек, Үкімет біріншіден ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламасының тұжырымдамасын түбегейлі қайта қарастыруы қажет.
«Екіншіден, ауылдық аймақтарды дамыту мәселелерін басқаруды Ұлттық экономика министрлігі қарамағынан алып Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керек. Себебі ауыл өндірісі мен ауылдық тұрғындарға оңтайлы жағдай жасау ортақ мәселенің құрамдас бөлігі және оны бөліп-айырудың қажеті жоқ. Сонымен қатар бұл – бүкіл әлемдік тәжірибе. Еуропаның көптеген мемлекетінде Канада, Аустралия, Ресей және Беларусь секілді аграрлық елдерде ауылдық жерлерді дамыту мәселесімен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысады.
Үшіншіден, ұлттық жобаны қаржылық қамтамасыз ету қағидаттарын түбегейлі қайта қарастырған жөн. Бұл жерде ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту процесіне қатысқан мемлекеттік емес құрылымдардың шығындарын субсидиялау (бірлесіп қаржыландыру) арқылы осы іске жеке капиталды барынша тартудың маңызы аса зор.
Төртіншіден, ауылдық елді мекендерді жіктеу кезінде өндірісті дамыту әлеуеті мен жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі басты көрсеткіштер болуы тиіс. Ауылшаруашылық өндірісті, ауылдық аймақтарды дамыту үшін ауыл бизнесін қолжетімді төмен әрі ұзақмерзімді несиемен қамтамасыз ету өте маңызды. «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтері біріккеннен кейін, олардың басты қызмет ету нысаны ауыл мен ауыл шаруашылығы болады деген үміттеміз. Ол үшін жаңа қаржы жүйесінің негізгі құрылтайшысы Ауыл шаруашылығы министрлігі болу керек деп санаймыз. Қосалқы шаруашылықтардың кооперациясын, ауылдағы мал басын жайылым және жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешу қажет.
Бесіншіден, ауылдық аймақты дамытудың стратегиялық бағыты цифрлы технологияларды енгізу болып табылады: телемедицина, қашықтан оқытудың заманауи түрлері, онлайн консалтинг пен қызмет, ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру», деді сенатор.
Бұдан кейін Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндама жасап, ауылдардағы қазіргі ахуалды баяндап берді. Ведомство басшысының айтуынша, кейінгі 10 жылда ауыл тұрғындарының саны 310 мың адамға көбейген, ал қала тұрғындарының саны 2 миллионға артты. Бұның басты себебін урбанизациямен байланыстырған министр ауыл шаруашылығы саласы кейінгі жылдары дамып келе жатқанын алға тартты. Әйтсе де, ауылдық аймақтарда қордаланған мәселе жетерлік.
«Сараптама нәтижесі көрсеткендей, әр бесінші ауылдағы (21 пайызы) мектептер мен балабақшаларды, әр үшінші ауылдағы аурухана, амбулатория немесе фельдшерлік-акушерлік пункттерді жөндеу қажет. Екі мыңнан астам ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ 30 мыңнан астам жергілікті жолдарға күрделі жөндеу жасалуы тиіс», деді Р.Дәленов.
Мемлекеттік қолдау жалғаса береді
Келесі баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды. Ведомство басшының сөзіне сүйенсек, агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жалғаса береді. Оны іске асыру кезеңінде саланы дамыту бойынша қажетті шаралар қабылданды.
«Мемлекеттік қолдау көлемі тек соңғы үш жылда 1,5 есе ұлғайып, 2020 жылы 350 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл ретте субсидиялардың 95 пайыздан астамын тікелей ауылдық жерлерде орналасқан агроөнеркәсіптік кешен субъектілері алады. Агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау барынша оңайлатылды және толықтай автоматтандырылды. Бұл субсидия беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру шеңберінде өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидиялар бірыңғай қағидаларға біріктірілген. Өсімдіктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енді, гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланады. Басты жаңалықтардың бірі – субсидияларды күнтізбелік жыл аясында емес, тұқымдар, тыңайтқыш, пестицидтер сатып алынған күннен бастап 12 ай бойы алуға болады.
Фермерлер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында мал сатып алуға кредит беру кезінде кепіл саясаты оңтайландырылды. Мәселен, кепілге малдың өзі (85%) алынады, бұл ретте анық кепілмен қамтамасыз ету небәрі 15%-ды құрайды.
Қой шаруашылығымен айналысатын фермерлерді ынталандыру мақсатында қойлардың асыл тұқымды аналық басымен селекциялық, асыл тұқымдық жұмыс жүргізу нормативтері ұлғайтылды. Асыл тұқымды отандық және импортталған ірі қара мал басын және қой басын сатып алуға арналған нормативтер кеңейді», деді министр.
Сондай-ақ С.Омаров агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөнінде жаңа ұлттық жобаны әзірлеу бойынша ауқымды міндет тұрғанын жеткізді. Оның негізгі міндеті ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен молайту.
«Бұл мәселе бойынша 2023 жылдың соңына қарай ішкі нарықты негізгі тамақ өнімдерімен толықтай молықтыруға мүмкіндік беретін Ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен барынша қамту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленгенін атап өткім келеді.
1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру, еңбек өнімділігін 2,5 есе көтеру, өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімінің экспортын 2 есеге ұлғайту басымдықтары бар. Осы міндеттерді іске асыру үшін қолжетімді қаржыландыру, жер қатынастары, аграрлық ғылымды дамыту, саланы цифрландыру, ветеринарлық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ шикізаттың ғана емес, оның өңделген өнімдерінің де экспорттық әлеуетін дамыту мәселелері пысықталып жатыр.
Екінші міндет – ауылдағы кооперацияны ынталандыру шараларын әзірлеу. Мұнда зәкірлік кооперациямен қатар ұсақ фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтар бір-бірімен өзара кооперацияланатын көлденең кооперацияны да дамыту жоспарланған. Кооперацияны дамытуға ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялауда басымдық және жоғары нормативтер түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қолданылады. Мал шаруашылығын субсидиялау қағидалары аясында дайындалған ауыл шаруашылығы шикізатының құнын арзандату көзделген. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін барлық салықтар бойынша 70% жеңілдік беретін арнайы салық режімі жұмыс істейді», деді министр
Бұдан бөлек парламенттік тыңдау барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп, аймақта атқарылып жатқан игі істерге кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Жамбыл облысында биылғы 9 айда ауыл шаруашылығы өнімі 273 млрд теңгеге өндіріліп, 103,4 пайызға өскен.
Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жобасына 10 ауданнан 11 пилоттық ауылдық округтен 25 елді мекеннің тұрғындары қатысты. Аталған жобаның 5 бағыты бойынша жалпы 8,5 млрд теңге несие қаражаты игерілді. Оның ішінде мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алу бағыты бойынша 6 905 млн теңгеге 45 032 бас мал сатып алынды», деген Б.Сапарбаев өңірдегі оң бастамалар туралы әңгімелеп берді.
Тыңдауға қатысушылар ауылдық аумақтарды және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы кооперациясының бастапқы жобаларын іске асыру нәтижелері, ауылдық аумақтарын дамытудың қазіргі заманғы тәсілдері айтылды.
Ауылдық елді мекендерде экономика мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері көтерілді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасы Абылай Мырзахметов ауыл кәсіпкерлігін қолдау шараларын атап өтті. Одан басқа кооперацияны дамыту және ауылдағы агробизнестің ағымдағы проблемаларына қатысты мәселелер көтерілді.
Парламенттік тыңдауға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, бизнес-қоғамдастықтың өкілдері, сондай-ақ агросаясат жөніндегі сарапшылар – Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері қатысты.
Сенаторлар парламенттік тыңдаудың нәтижесі бойынша еліміздің Үкіметіне бірқатар ұсыным әзірледі. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасына ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі жекелеген ұлттық жоба мәртебесін беру қажеттігі айтылған. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру жөніндегі функцияларды Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына беру және басқа министрліктер мен мекемелердің ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі қызметін үйлестіру жөніндегі өкілеттіктерімен министрлік жанынан арнайы бөлімше құрудың маңызы айтылды.
Бұдан бөлек ауылдық жерлердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту процесіне агробизнес атынан жеке капиталды олардың осы мақсаттарға жұмсаған шығындарын субсидиялау арқылы барынша тарту жөніндегі тетіктерді көздей отырып, «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыруды қажетті деңгейге дейін ұлғайтуға ұсыныс жасалды.
Сондай-ақ агроқұрылымдардың мамандар даярлау жөніндегі шығындарын субсидиялауды, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша мемлекеттік гранттар бөлу үшін ауылдық квоталар үлесін кемінде 30%-дан 50%-ға дейін ұлғайтуды көздейтін жас мамандарды ауылға жұмысқа тарту жөніндегі кешенді шараларды іске асыру, «Серпін» жобасы аясында оңтүстік облыстардың жастарын солтүстік өңірлердің жоғары оқу орындары мен колледждерінде оқытуға квотаны ұлғайту.
Ауылдық кооперация және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану, оның ішінде субсидиялау бағдарламалары мен салықтық жеңілдіктер бойынша кооперацияны ынталандыру жөніндегі тетіктерді жүзеге асыру.
Ауылдық кооперация және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану, оның ішінде субсидиялау бағдарламалары мен салықтық жеңілдіктер бойынша кооперацияны ынталандыру жөніндегі тетіктерді дамыту жөніндегі кешенді шаралар әзірлеу жазылған.