• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Қазан, 2020

Өзіміздің өнімдер де қымбаттап барады

479 рет
көрсетілді

Негізгі азық-түліктің 90%-ы басқа облыстардан немесе басқа елдерден әкелінетін Маңғыстауда азық-түлік бағасы құбылмалы. Құбылмалы болғанда, арзандап жатқан азық байқалмайды, керісінше тиын да болса жамап, қит етсе қымбаттауға бейім тұратыны бар.

 

Ұн, нан, макарон, сүт және маусымдық кезеңде өсірілетін көкөніс пен бау-бақша сияқты 10% өнімді ғана өзінде өндіретін өңірде өз өнімдерінің де бағасы арзан емес. Жаз бойы Маңғыстауда өсірілгені бар, шеттен әкелінгені бар, қауын-қарбыздың бағасы төмендеп көрген жоқ. Қарбыз килограмы 160 теңгеден жоғары, қауынның бір данасы 1 400 теңгеден төмен болған емес. Сатушылар өздері «кемпір қауын» деп атайтын сұрыптың шағын бір данасы 500 теңгеден сатылды. Маңғыстауда өсірілген өнімнің бағасы осындай болғанда, өзге жақтан тасымалданған азықтың бағасының аспандай түсетіні белгілі.

Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы сауда және баға мониторингі бөлімінің басшысы Әли Сәрсеновтің айтуынша, жыл басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) тұтыну баға индексі – 104,5% (ҚР – 104,8%) құрады. Нарықтағы ахуалды қадағалау және бақылау мақсатында ӘМАТ бағаны тұрақтандыру бойынша жедел іс-шаралар жоспары және бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру ережесі жасақталып бекітілді. Азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, бағаның күрт ауытқуын және тауарлар жетіспеушілігін болдырмау мақсатында әкімшілік қызметкерлері күн сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға мониторингін жүргізеді.

Сауда нысандары және жергілікті өндірушілермен Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Апта са­йын қала және аудан әкімдіктері облыс тұрғындары үшін ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің және көтерме сауда жеткізушілерінің жәрмеңкелерін өткізіп тұрады. Онда көтерме сауда на­рығынан 15-20% төмен бағада өнімдер сатылады. Жыл басынан бері 288 жәр­меңке өткізілді. Сондай-ақ жергілікті өн­ді­рушілерді қолдау мақсатында сәуір айынан бастап «Маңғыстауда жасал­ған» атты жоба жүзеге асырылуда. Жоба­ның басты мақсаты – жергілікті та­уар өндірушілерінен «Ретро бонустар» не­месе супермаркеттердегі сөрелерді пай­да­ланғаны үшін алынатын төлемдерді жою.

Тұрақтандыру қорына жергілікті бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 270 млн теңге астық сатып алуға, 373,5 млн теңге «айналым схемасына», 663,2 млн теңге тұрақтандыру қорына тауар сатып алуға жұмсалды. Елімізде төтенше жағдай режімі енгізілген кезде ӘМАТ белгіленген шекті сауда үстемелерін бұзған сауда субъектілеріне қатысты мониторингтік топтармен 14 тиісті актілер толтырылып, кемшіліктерді жою бойынша нұсқаулықтар берілді.

Азық-түлік қауіпсіздігі мен бағаны тұрақтандыру мәселелері Маңғыстау облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында тұр. Алайда «домбырам не дейді, мен не деймін» дегендей, азық-түлік бағасының жымысқы қымбаттауы тыйылған жоқ немесе өндірушілер бағаны көтермегенімен азықтың салмағынан ұтып, ұпайды түгендеуде. Мысалы, Ақтау қаласының нан дүкендерінде салмағы 0,4 кг-ды құрайтын «Мағаш» таба нанының бір данасы 105 теңге және бұл баға өзгерген жоқ, бірақ нанның көлемі кішірейіп, жұқарып барады. Бағаны өсірмегенімен, ұннан ұту, екі нанның орнына үш нан дайындау әдісі қолға алынғандай. Сондай-ақ үй маңындағы шағын дүкендерде бір тәтті нанның бағасы 200 теңгеден 270 теңгеге секірсе, бір әлеуметтік нан құны 80 теңгеден 85 теңгеге өсті. Сондай-ақ 10 қорап топтастырылған бір буда сіріңке бағасы бұрын 100 теңгеден, соңғы күндері 250 теңгеден сатылуда.

Маңғыстау облыстық коммуникация­лар орталығында өткен брифингте Маң­ғыстау облыстық статистика депар­та­ментінің басшысы Римма Утюшева өңір­де қазан айынан бастап көкөніс­тер­­дің бағасы төмендегенін хабарлады. Айтуынша, пияз – 2,4%, картоп – 3%, сәбіз – 5,7%, қызылша 2,2%-ға арзандаған.

Ал қазан айында бағаның 1-сұрыпты бидай ұнына – 0,5%, қарақұмық жармасына – 1,6%, 1 және 2-санаттағы жұмыртқаға – 10%, сиыр етіне (сиыр еті бөлігі) – 101,1%, шошқа етіне (шошқа еті бөлігі) – 101%, шошқа етіне (жауырын бөлігі) – 102,6%, сүйектері бар қой етіне – 102,9%, қой етіне (сүйегі бар артқы бөлігі) – 102,2%, ультрапастерленген ­стерильденген сүтке – 101,1%, майлылығы 5-9% сүзбе – 101,5%, алма – 103,2%, апельсин – 105,8%, майшабақ – 106,4%, секер – 109,5%, күнбағыс майы 103,8% өскені байқалды.

Бір қызығы, департамент басшысы берген бір ақпаратта екі түрлі мәлімет бар. Жоғарыда көрсетілгендей өңірде қазан айынан бастап картоп, пияз сынды көкөністердің бағасы төмендегені айтылған ақпаратта «қазан айының басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуі алдын ала деректер бойынша 103%-ды; тауық еті (тауықтың бір бөлігі) 3,9%-ды, күнбағыс майы 7,9%-ды, картоп 2,1%-ды, басты пияз 1,9%-ды, қырыққабат 1,6%-ды, 1-санаттағы жұмыртқа 17,3%-ды, құмшекер 9%-ды құрады» делінген. Сонда картоп, пияз қазан айынан бастап арзандады ма, қымбаттады ма?

Маңғыстауда азық-түлік бағасы арзан емес. «Ебін тап та екі аса» дегендей, қанша қадағалау, тексеру жүргізілгенімен, тиынға тиын қосылып, азық-түлік бағасы мысықтабандап қымбаттағанның үстіне қымбаттап келеді.

 

Маңғыстау облысы