Қоғамда итбалық мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Итбалық өлексесін кезіктіргендер оның өлімі жағалаудағы адам қолынан болды деген ұйғарымға тоқтайтын болған. Оған себеп – теңіз жағалауындағы бірлі-жарым оспадар әрекет. Шындығында, итбалық өлімі тек жағалауда ма? Жасының жетуі, денсаулығында ақау болу себебіне қоса өз мекені теңізден теперіш көруі де әбден мүмкін.
Жуырда Каспий теңізінің биоалуандығын сақтауға арналған зерттеулер мен шаралар жүргізуді көздейтін жоба қолға алынды. Теңіз тазалығын қарау, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі итбалықтардың жоғалған мекендерін қалпына келтіру мақсатындағы жоба туралы баяндаған «Гидробиология және экология институты» мекемесі батыс секторының басшысы Тимур Баймұқанов Каспий итбалығы балық аулауға арналған торға түсуден өліп жатқанын айтқан болатын.
– Осы жоба аясында 2019 жылдың күзінде Түпқараған түбегінің батыс жағалауында жүргізілген өлі итбалықтардың денесін зерттеудің нәтижелері олардың өліміне балық аулау торларына түсуі себеп болғанын көрсетті. Бұл экспедиция 2019 жылдың қыркүйек-қазан айларында ұйымдастырылып, үш аптаға созылды. Осы уақыт аралығында 500-ге жуық тастап кеткен торлар (2 850 кг) және 6 500 кг шыны, пластик, тұрмыстық қалдықтар, өзге де қоқыс-қалдықтар жинап алынды. Каспий теңізінің жағалау бөлігіндегі 94 шақырымға жуық аумақ тазартылды. Жағалаудан табылған торлардың көпшілігі моножіптерден және ірі көзді торлардан тұратынын атап өткен жөн. Нақты осылар итбалық үшін өте қауіпті. Себебі жануарлар оған тез оралып қалып өледі немесе жаралы күйде жүреді де, кейін бәрібір ажалы жетеді. Сонымен қатар жағалаудан тексеру барысында ені 50-ден 100 метрге дейінгі жолдың әрбір шақырымынан орта есеппен 120 кг болатын пластикалық бөтелкелер және өзге де қатты тұрмыстық қалдықтар табылды, – деді Т.Баймұқанов.
Зерттеулер пластикалық материалдың өте ұсақ бөлшектерге бөлінетінін көрсеткен. Спикердің айтуынша, итбалықтар қоректену кезінде пластик материалдарды жұтуы мүмкін.
– Сонымен қатар микропластик жануарлардың ағзасына азық тізбегі арқылы, яғни олар жеген балықтар мен шаян тәрізділер арқылы енеді. Каспий итбалығы азық тізбегін тұйықтаушы болғандықтан, олардың ағзасындағы пластик бөлшектердің болуын зерттеу мәселесі өте өзекті болып тұр. Жағалаудағы және Итбалық аралдарының акваториясында тастап кеткен торларды жинау Каспий итбалығының тіршілік ету мекенін сақтап қалу үшін қажет және Каспий теңізін қоқысқа толудан тазарту мен торлардан арылтудың маңызы өте зор, – деді ол.
Осы мақсат аясында жұмыс жүргізген арнайы экспедицияның сапары қыркүйек айында Маңғыстау шығанағының жағалауынан «Пиранья» аэроглиссері мен «Славир-6» арнайы жүзу құралымен басталды. Итбалық аралдары мен Каспий теңізінің таяз суларына арнайы тасталған балық аулау торларын, теңіз қоқыстарын жинау экспедициясы дәстүрге айналған деуге болады. Биыл үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған тазарту жұмыстары «Подгорный», «Рыбачий», «Морской», «Құлалы» (оңтүстік бөлігі) аралдарының жағалауында және аралдар арасындағы теңіз айдынында жүргізілді.
– Арнайы балық аулауға тасталған торлар жойылып бара жатқан Каспий итбалығы мен бекіре тұқымдас балықтардың өкілдерін қоса алғанда, теңіз өмірі үшін аса қауіпті болуы мүмкін. Итбалық аралдарының маңында тасталған балық аулау торлары мен теңіз қоқыстарын жинау бойынша ұйымдастырылған экспедиция нәтижесінде биыл 3 790 кг тор және 1 578 кг басқа теңіз қоқысы жиналды, – деді Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков.
Теңіздегі тіршілік иелеріне тажал әкелуші торлар аралдардың жағасынан да, судан да табылған. Табылған капрон және балық аулау торларының бекіре тұқымдас балықтарды аулауға қойылатындығы белгілі, әйтпесе итбалықты тор салып топ-тобымен аулаудың қажеттілігі жоқ. Мамандар аралдардағы бұл торлар алыстан желмен тартылды деп болжайды, сондай-ақ оларды жергілікті балықшылар да салуы мүмкін екенін айтады. Өйткені суға тасталған, бірақ шатастырылмаған торларды жасыру үшін көптеген желіде арнайы ауыр зәкірлер де болған.
Теңіз тазалығын, сондай-ақ теңіз жануарлары өлімінің себебін білуге ұмтылған экспедицияға аймақта жұмыс істейтін кәсіпорындар қаржылық қолдау көрсеткен.
– «Теңізшевройл» ЖШС Каспий теңізінің қазақстандық секторында биоалуандықты сақтауға үлкен көңіл бөліп келеді. Біз тасталған балық аулау торларын жинау жобасын 2017 жылы бастап, содан бері шамамен 3 тонна тор жинадық, сондай-ақ теңізге 52 тірі бекіре жібердік. 2019 жылы үш аптадан кем уақыт аралығында Түпқараған түбегінің аумағында 2 856 кг тор мен 6 496 кг қоқыс жиналды. Биыл қоқыс көлемі азайған сияқты, бірақ торлар саны едәуір артып кеткені байқалып отыр, – деді ТШО-ның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев.
Сондай-ақ экспедиция барысында Каспий теңізінің Маңғыстау шығанағындағы микропластика құрамын және Каспий итбалығының негізгі қоректену нысандарын – балықтарды, шаян тәрізділерді бағалау үшін 200-ден аса сынама жиналды. 18 итбалықтың қалдығы табылып, олардан жасын бағалау үшін қабыршақтар алынды, жолда аралдарда жүзіп жүрген бір ғана мөр табылды. Жиналған барлық қоқысты, соның ішінде тасталған торларды қайта өңдеуге лицензиясы бар кәсіпорын қауіпсіз түрде утилизацияға жіберді.
Сапар соңында Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясы, «Теңізшевройл» ЖШС, Гидробиология және экология институты, сондай-ақ басқа да үкіметтік емес ұйымдар Каспий теңізіндегі биоалуандық үшін аулар мен торлардың зияны туралы ақпараттандыру жұмысын үзбеу қажеттігін ұғынды. Олар теңіз флорасы мен фаунасын қорғау жөніндегі бағдарламаларды іске асыруды жалғастыра түспек.
– Итбалықтардың торға түсіп және пластик қалдықтар кесірінен жапа шегіп жатқандығы рас. Яғни балықшылардың торына түсіп қалған итбалық атмосфералық ауамен тыныс алу керек болғандықтан тұншығып өледі. Ал пластик қалдықтарынан су жануарларына, оның ішінде итбалықтарға тиетін зиян туралы ғаламтор желісінде ақпарат жеткілікті. Егер белгіленген жерлерге ғана тор салуға рұқсат етілетін болса, онда осы талапты тек қана заңды балықшылар орындайды, яғни браконьерлер бәрібір өздерінің торларын ұнаған жерлерге сала береді. Мәселені шешу үшін барлық мүдделі тараптан ұсыныс алып, шешімін табу керек деп ойлаймын, – дейді эко-амбассадор, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы Әділбек Қозыбақов.
Жалпы, итбалықтардың өліміне қауіп жағалаудан гөрі теңізден көбірек төнеді. Нақтылай түссек, жағалаудағы адамдардан гөрі теңізге енген адамдардың кесапат-зияны көп, яғни залалдың бәрі адам қолымен жасалады. Тор құрып, теңіз ортасында топалаң келтіретіндер былай тұрсын, теңізден жүріп өтетін кемелердің терең табаны, теңіздегі мұнай кәсіпшілігі судағы тіршілікке, әсіресе суда тыныстап, суда қоректенетін тіршілік иелеріне әсер етпейді деп үзілді-кесілді ешкім айта алмайды.
– Мен ол жерде болдым. Келгенім кеше ғана. Ол учаскеде жағымсыз иістер сезіледі, әсіресе метан, судың бетінде мұнайгаз өнімдерінен қалған қалдықтар кездеседі. Осылай жалғаса берсе итбалық немесе басқа да су жануарларын айтпағанда, адам баласының ұзақ ғұмыр кешуі екіталай. Ол жерден адамдар балық аулап жейді. Көптеген арал бар болғанымен, мүлдем өмір сүруге келмейді деуге негіз бар. Тіптен сол аумақта ауа райының өзі нашарлай түскен. Оның үстіне сол ластанған аумақтан бері қарай жел соғып тұр. Сол иістен-ақ осы мәселенің өзекті екенін түсінуге болады, – дейді ихтиолог Ербол Есқалиев.
Сонымен итбалықтардың өліміне тек торлар, «баклашкалар» ғана әсер етеді деу – біржақтылық. Жағалаудағы пластик қалдықты балық жұтып ауыратын болса, сол суды ішіп, балықты жеп отырған жағалау жұртының асқазаны пластик құтыға айналып, бір басынан аурудың алуан түрі табылатыны анық. Демек, тұрғындар мен туристерден теңіз жағалауын таза ұстауды заңмен талап ету қажет.
Теңіздегі тіршілік иелерінің тағдыры, амандығы теңізге тасталған тор секілді. Ол туралы әңгіменің бір ұшы жағалауда болса, бір шеті теңіздің өзінде жатыр. Жағалаудың ластығы, теңіздегі өндіріс, тыныштықтың, таза ауаның болмауы, қолқаны қабатын иіс пен қоқыс-қалдық теңіздегі тынысты тарылтып, тұңғиықтың кірпияз тарпаңдарына теңкие өлуден басқа жол қалдырмай тұрғаны анық. Су мекенінен у шықса итбалықтар өлмей қайтсін?!
Маңғыстау облысы