Биылғы 9 айда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне жалпы саны 154 қылмыс тіркелген. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыс – 109, ал жедел жолмен бүгінде 87 қылмыстық іс анықталып, өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалған.
Жыл басынан бері бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша 46 қылмыс тіркелген. Анықталған қылмыстардың негізінде мемлекетке келтірілген залалдың жалпы құны 1 млрд 142 млн теңгені құраған, оның 1 млрд 134 млн теңгесі, яғни 99%-ы өндірілген. Бұл деректер Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында мәлім етілді. Комиссия отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамалық жаңашылдықтар таныстырылып, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті тарапынан атқарылған жұмыстар баяндалды. Алқалы жиында өңір басшысы Өмірзақ Естайұлы заңмен бекітілген өзгерістердің маңыздылығын алға тартып, ашықтық принципі арқылы халыққа қолайлы қызмет көрсетуге айрықша басымдық беру қажеттігін жеткізді. «Өзіне сенімді адам ғана ешнәрсе жасырмайды. Дұрысты – дұрыс, бұрысты бұрыс деу үшін ақиқат пен ашықтық қажет. Түркістан өңіріне қатысты жағымсыз, жалпы түсініктен арылуымыз керек. Керісінше, біз еліміз бойынша жемқорлықпен ұдайы күресіп, оны анықтап, алдын алудан алдыңғы қатардамыз. Жемқорлықпен пәрменді күрес нәтижелі. Бұл бағыттағы жұмыс күшейеді. Қылмыстың ашылуына ымырасыздық пен ашықтық әсер етеді», деді Өмірзақ Шөкеев. Ал департамент басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай 9 ай ішінде жүргізілген ішінара талдаудың нәтижесінде мемлекеттік органдардың қызметінде нормативтік-құқықтық актілер мен ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтегі бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін атады. Нақтырақ айтсақ, мұқтаждар есебінде тұратын азаматтарға тұрғынжай беруде кезектілікті сақтамау және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында заңбұзушылық туындайтыны анықталып, соған сәйкес тәуекелдерді жою мақсатында Департамент жолдаған 73 ұсыныстың 58-і орындалғанын атап өтті. Сондай-ақ жиында «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің аясында облысқа қарасты әкімдіктердің жаңа жұмыс үлгісіне көшуі негізінде өңір тұрғындары мемлекеттік қызметтерді сапалы, жедел және кедергісіз алуына мүмкіндік беретін «сервистік әкімдіктердің» ашылу мәселесі талқыланды. Бүгінгі күні жаңа үлгідегі әкімдік Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Төлеби, Түлкібас, Келес аудандарында ашылған, осыған сәйкес комиссия отырысында облыс әкімі тарапынан барлық қала, аудандағы әкімдіктердің жыл соңына дейін «Сервистік әкімдік» үлгісіне көшуі бойынша нақты тапсырма берілді. Комиссия отырысында сөз алған Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбековтің айтуынша, құқықбұзушылықтың алдын алу, болдырмау және жолын кесуде «Тұрақты арнайы мобильді топ» тосыннан тексеру жұмыстарын күшейткен және бүгінгі күні қосымша тәлімгерлер, офицерлік және әйелдер кеңесі жұмыс істеуде.
Агенттіктің облыс бойынша департаменті Тергеу басқармасының өндірісінде 336 қылмыстық іс болған, оның ішінде 190-ы облыстық департаментте тіркелген. Мирас Қарғабай өндірісте болған істердің 254-і бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданып, оның 94 ісі айыптау актісімен сотқа жолданғанын жеткізді. Әрбір аяқталған іс бойынша алдын алу шараларын күнделікті жүргізудің нәтижесінде сотқа жолданған және ақтамайтын негізбен тоқтатылған істер бойынша заң бұзушылықтарға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі ұсыныстарды енгізу көрсеткіші 100%-ға жеткен. Атап айтқанда, 9 айда 83 ұсыныс жолданып, оның 70-і қаралып, 46 лауазымды тұлға, оның 13-і бірінші басшы түрлі деңгейдегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Мекеме ұжымының қатысуымен – 41, ал басшылардың қатысуымен 30 ұсыным қаралған, сотқа жолданған қылмыстық істер бойынша ұсыныстардың барлығы мемлекеттік органдарға жолданған. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен 10 тұлғаға 1,7 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілген. Агенттіктің 1424 Call-орталыққа Түркістан өңірінен хабарласқан азаматтардың берген ақпараты арқылы 9 қылмыстық іс тіркелген. Жедел әрекет ету амалдарын жүргізудің нәтижесінде лауазымды тұлғалар пара алу фактісімен ұсталып, 3 қылмыстық іс сотқа жолданған. «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында облыс көлемінде жыл басынан бері 700 мыңға жуық адамды қамтыған, жалпы саны 1337 түрлі бағытта іс-шара өтті. Негізінен, бұл шаралар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі іске асырған жобалар шеңберінде өткізіліп келеді», деді Мирас Асқарбайұлы.
«Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы сатып алу саласына жүргізілген мониторингтік жұмыстардың нәтижесінде соңғы 9 ай ішінде жалпы сомасы 822 млн теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделген. Сондай-ақ департамент басшысының бірінші орынбасары сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру әрбір ел азаматына жүктелген ортақ міндет екенін алға тартып, қандай да бір сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық деректері туралы мәліметті тәулік бойы жұмыс істейтін Агенттіктің 1424 Call-орталыққа хабарлауға болатынын жеткізді.
Түркістан облысы