Шығыс Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинаудың инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жоба таныстырылды. Келер жылы Семей мен Өскеменде заманауи сұрыптау желісін іске қосу көзделіп отыр. Сондай-ақ қос қалаға қоқыс таситын көліктер сатып алу, қалдықты бөлек тастауға арналған контейнерлер орнату жоспарланған.
Облыс орталығы мен Семейде қалдықты үш фракцияда жинау жүзеге асырылатын болады: «жеңіл» қайта өңделетін қайталама шикізат (пластик, қағаз, металл), «ауыр» – бұл шыны және «дымқыл» қайта өңделмейтін қалдықтар (тамақ қалдықтары және т.б.)
Аталған жобаны жүзеге асыруға 3,9 млрд теңге шамасында қаражат бөлінді. ӨКМ операторы тарапынан Өскемен қаласы үшін макулатура мен пластикті бөлек жинауға арналған сары түсті 760 пластик контейнер және шыны қалдықтарына арналған қоңырау үлгісіндегі 514 көк түсті контейнер сатып алынып, әкімдікке беріледі. Семейде қайталама шикізатты жинауға арналған 1 050 торлы және шыны ыдысқа арналған 532 контейнер орнату жоспарлануда. Сонымен қатар ӨКМ операторы Шығыс Қазақстанның екі қаласы үшін 12 бірлік арнайы техниканы сатып алуға да қаражат бөлді.
Семей мен Өскемен қалаларында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинаудың инфрақұрылымын ұйымдастыру бойынша жұмыстар 2021 жылы жалпы өндірістік қуаты жылына 200 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын екі жаңа қоқыс сұрыптау желісін іске қосудан басталады. Қазіргі уақытта ӨКМ операторы қажетті өндірістік жабдықтарды сатып алу рәсімін жүргізуде.
Жергілікті бюджеттің және қоқыс шығаратын ұйым қаражаты есебінен тамақ қалдықтарын жинауға арналған контейнерлерді жаңарту, қабылдау пункттерін орнату және сұрыптау желісін орналастыруға арналған ғимарат салу жағы қарастырылады. Бұл кешенді жұмыс өңірдегі қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткішін ұлғайтуға, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Жергілікті атқарушы орган өз кезегінде қалдық өңдеу көлемін 2021 жылы 30%-ға дейін жеткізуді қолға алады.
Аталған жобаны жүзеге асыруға арналған кеңейтілген отырыс осы жылдың қараша айында өтеді деп жоспарланып отыр. Оған Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және ӨКМ операторы қатысатын болады.
Айта кетелік, Шығыс Қазақстан облысында 430 полигон бар. Оның ішіндегі 32 полигон экологиялық және санитарлық талаптар мен нормаларға сай келеді (рұқсат беру құжаттамасы бар). Рұқсат етілмеген қоқыстарды жою үшін жергілікті бюджет жыл сайын 10 млн теңгеден астам қаражат шығарады.