Әлем елдеріндегі, сондай-ақ республика өңірлеріндегі ахуал секілді Маңғыстауда да соңғы күндері індетке қайтадан «жан біте» бастағандай. Мысалы, 19 қазандағы жағдай бойынша облыста 3 372 адамға коронавирус инфекциясына жүргізілген ПТР-тестілер оң нәтиже көрсетті. Оның 3 282-сі аурудан жазылып шықса, 72 науқас қайтыс болды.
Бүгінде инфекциялық стационарларда 54 адам ем қабылдап жатыр. Оның екеуінен ПТР-тестілеу қорытындысы оң нәтиже берді. Олардың бірі перзентханада жатқан жүкті әйел, екіншісі облыстық балалар ауруханасына жатқызылған сәби.
Маңғыстау облысының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадірдің айтуынша, күзгі маусымда барлық вирустық инфекциялар деңгейінің көтерілгені байқалады.
– Коронавирустың бірінші толқыны биыл наурыз айынан шілде айының соңына дейін созылды. Мұнан соң тамыз-қыркүйек айлары үзіліс тапқан болатын. Шамамен қыркүйектің 20-сынан бастап аймақта зертханалық жолмен дәлелденген коронавирус инфекциясы тіркеле бастады. Мәселен, қыркүйекте 5 науқас тіркелсе, одан бері 33 адам дерт жұқтырған. Яғни, бүгінде 38 адамнан КВИ белгісі зертханалық жолмен дәлелденіп отыр. Ал пневмония ауруына келетін болсақ, мұнда ешқандай үзіліс болған жоқ. Бұл аурудың екінші толқынында, атап айтсақ тамыз айында 68, қыркүйекте 94, қазан айының басынан бүгінге дейін 48 адамнан анықталды. Сонда барлығы 210 науқас тіркеліп отыр, – дейді ол өңірлік қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте.
Маңғыстау облысының штаттан тыс бас эпидемиологы коронавирус немесе вирустық пневмониямен ауырған адамдардың күн салқындағанда өкпе қабынулары қайта асқынуы мүмкін екенін ескертті.
Оның айтуынша, коронавирус немесе вирустық пневмониямен ауырған адамдардың күн салқындағанда өкпе қабынулары қайта асқынуы мүмкін.
– Бұл науқастармен бұған дейін физиотерапия бөлімінің мамандары жұмыс істеді. Яғни олар үйреткен тыныс алу жаттығуларын тұрақты жасап тұру қажет. Бүгінгі таңда орталық ауруханада 40 төсектік оңалту бөлімі жұмыс істеп тұр. Мүмкіндігінше емханалар арқылы порталмен сол бөлімге түсіп, емделуге де болады. Ол жерде емдік шаралардан бөлек тыныс алу жаттығуларын дұрыс жасау жолдары үйретіледі, – деді М.Қадір.
Өңірде 70 мыңға тарта адам тұмауға қарсы егілуге тиісті тәуекел топқа жатқызылған. Жұқпалы тыныс ауруларының 200-ге тарта түрі бар. Жыл сайын қыркүйек-қазан айларында осыған дайындық жұмыстары жүреді. Биыл Маңғыстауда тұмауға шалдығудың алдын алу шаралары тамыз айынан бастап жүрді. Оның ішінде тәуекел топ өкілдерін алдын ала егумен қамтамасыз етуге айрықша мән берілді. Бұл топқа жиі ауыратын адамдар, иммунитеті әлсіз азаматтар, жас балалар, созылмалы сырқатпен есепке тұрғандар, жүкті әйелдер мен жасы 60-тан асқан тұрғындар кіреді.
Елімізде жүрдім-бардым қарайтын қарапайым тұмаудың өзі індеттің бастамасы болып кетпеуі үшін халыққа да, дәрігерлерге де сақтық, қырағылық қажет. «Өзіміздің тұмау» өкінтіп кетпесе болғаны.
Маңғыстау облысы