Түркістандық дәрігерлер пандемияның қайталанбағанын қалайды. Тұрғындарға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, карантин режімін сақтап, өзін де, жақындарын да қорғап жүруі үнемі ескертілуде. Дегенмен бүгінде эпидемиялық жағдай тұрақты Түркістан облысы індетке төтеп беруге толықтай дайын.
Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов өңірде коронавирус инфекциясының ықтимал белең алу жағдайлары ескеріле отырып, медициналық ұйымдарда 6 мыңға жуық төсектік орынмен қамту қарастырылғанын айтады.
«Ауруханаларда материалды-техникалық база жақсартылды. Өкпені жасанды тыныстандыру аппараттарының саны 65 пайызға артты. Сонымен қатар қуаттылығы мықты 80 оксиген аппараты алынды. Оттегі концентраторларының саны 900 бірлікке жетіп, бүгінде өсім 95%-ды құрап отыр. Қосымша 5 ренгтен және 1 компьютерлік томограф аппараттарын алдық. Аурухана аймақтарынан салынған оттегі стансалары да екі есеге артты. Көрші елдермен шекаралас Сарыағаш пен Мақтаарал аудандарында карантиндік стационарлық орындарды даярлап қойдық. Бұдан былай шекарадан өткен әрбір азаматтың қолында COVID-19 инфекциясына тексерілген анализ қорытындысы болуы тиіс. Болмаған жағдайда жергілікті дәрігерлер олардан анализ алып, стационарға жатқызады. Дәл қазіргі уақытта Сарыағаштағы стационарда 10 азамат жатыр. Жалпы, облыс көлемінде науқастарға арналған 6500 төсектік-орын дайын тұр. Барлық мекемелерде 2-3 айлық дәрі-дәрмек қоры жасақталған. Қазір облыста эпидемиялық ахуал тұрақты, инфекциялық стационарда екі науқас ем қабылдауда. Олардың жағдайы тұрақты», дейді М.Пашимов.
Облыстың бас дәрігері сондай-ақ жыл соңына дейін 122 жедел жәрдем көлігі берілетінін жеткізді. Яғни өңірдегі жедел жәрдем көліктері 100 пайыз жаңарады. Одан бөлек жақын күндері 12 жылжымалы медициналық кешен өңірдің шалғай ауылдарына барып қызмет көрсетпек. Медициналық автокешен УДЗ, рентген аппараттары, зертханамен жабдықталған. Ауыл тұрғындары мұнда анализ тапсырып, дәрігерлердің тексеруінен өте алады.
Алғашқы толқында 1400-ге жуық пациентті емдеп, коронавирус жұқтырған жүкті әйелді де аман-есен босандырып алған Кентау қалалық ауруханасы да науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетуге дайын. Аурухананың бас дәрігері Гүлбану Сыздықова 580 орын әзір тұрғанын айтады. «Бүгінде облыс бойынша 8 оттегі стансасы іске қосылған. Соның бірі осы Кентау ауруханасында орналасқан. Стансаны жергілікті меценат Бекболат Бекенов өз қаражатына салыпты. Құны 60 млн теңгелік станса тәулігіне 250 оттегі баллонын толтыра алады. Қажет болған жағдайда өзге де мекемелерді оттегімен қамтамасыз ете аламыз», дейді бас дәрігер.
«Наурыз айынан бастап облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы тарапынан 75 млн теңгеге дейін дәрі-дәрмек берілді. Ауруханада 10 дана өкпені жасанды тыныстандыру аппараты, 47 оттегі концентраторы бар. Елу төсектік орынға арналған инфекциялық госпиталь науқастарды қабылдауға толығымен дайын. Бізде маман тапшылығы жоқ. Жалпы, 520 медицина қызметкеріміз бар. Оның 57-сі дәрігер, 220 орта буынды қызметкер», дейді Гүлбану Жұмағалиқызы.
Ал Арыс қалалық орталық ауруханасы жеке қорғаныс киімдері мен дәрі-дәрмектің екі айлық қорымен қамтамасыз етілген. Жансақтау бөлімінде 9 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты, қосымша 50 оттегі оксигенераторы және басқа да қажетті медициналық құрал-жабдықтар орнатылған. Қанда оттегінің қаншалықты қаныққанын анықтайтын пульсоксиметрдің 144 данасы алынған. Осы құралдың көмегімен дәрігерлер науқастың жағдайы қаншалықты ауыр немесе қанағаттанарлық екенін анықтай алады. Сатурациясы 93-тен төмен пациенттер бірден жансақтау бөліміне жатқызылады екен. Ауруханада 40 провизорлық төсектік орын мен 20 науқасқа арналған инфекциялық госпиталь дайын тұр. Жалпы, қазір Арыста коронавирус инфекциясымен күреске жұмылдырылған 19 мобильді топ халыққа қызмет көрсетуде.
Ордабасы аудандық ауруханасы да індеттің екінші толқынына дайын. Емдеу мекемесі жеке оттегі стансасы, 23 өкпені жасанды тыныстандыру аппаратымен жасақталған. Аурухананың ескі ғимаратын толық жөндеуден өткізген ұжым енді коронавирус инфекциясын өздері анықтай алады. Себебі мұнда індетті анықтайтын зертхана іске қосылды. ПТР сынамасы бойынша анықтайтын зертхананың тәулігіне 500-ге жуық тест қабылдауға мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта Арыс қаласы мен Бәйдібек аудандарынан сынама қабылдау жоспарлануда. Облыс бойынша мұндай 12 зертхана жұмыс істеуде.
Өңірде бүгінде халыққа қызмет көрсетіп жүрген 23 429 медицина қызметкерінің 5 мыңнан астамы – дәрігер, қалғандары – орта буын мамандары. Статистикалық деректерге сүйенсек, Түркістан облысында – 31, Шымкент қаласында 21 ақ халатты абзал жан пандемия кезінде ажал құшқан.
Таяуда «Оңтүстік» медицина қызметкерлері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен пандемия кезінде көз жұмған медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, «Дәрігерлер аллеясындағы» тақтайшаларға гүл шоқтары қойылды. Шымкент қаласындағы Абай саябағында орналасқан Өтеубойдақ Тілеуқабылұлының ескерткіші алдына жиналған қауым бір минут үнсіздікпен дәрігерлерді еске алып, Құран бағыштады. Түркістан облысы және Шымкент қаласындағы медицина мекемелерінде қызмет етіп, жұмыс барысында қаза тапқан ақ халаттылардың ет жақындары мен туыстары дәрігер анты жазылған тақтайша алдына гүл шоқтарын қойды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара қызмет бабында аурудан көз жұмған медицина қызметкерлеріне құрмет көрсету мақсатында өткізіліп отыр. Сондай-ақ ұл-қыздары немесе ата-аналары оларды мақтан етіп, ерлікке пара-пар еңбектерін бағалап жүрсін, туыстарына рухани демеу болсын деген ниетпен арнайы медальдарды қаза тапқан медицина қызметкерлерінің туыстарына беру ұйғарылыпты. Бұл орайда, «Өмір үшін», «Алтын дәрігер» және «Мейірім» медальдары табыс етілді. Мысалы, Ордабасы аудандық ауруханасында 35 жыл тапжылмай мейірбике болған Орынкүл Құралбекованың «Мейірімін» қызы Эльмира алуға келіпті.
«Анамның қазасы жүрегіме қатты батты. Мені де жастайымнан медицина саласына баулыған анам еді. Қазір анамың ізін қуып, сол ауруханада қызмет етіп жүрмін. Пандемия кезінде терапия бөліміне науқастар өте көп түсті. Анам еңбек демалысына да сол үшін кешігіп шықты. Жұмыс барысында кейде үзіліссіз жұмыс істеп жүрді. «Науқас көп, ал маман жетіспейді. Сондықтан мен жұмыста болуым керек» деп ісіне адалдық танытты. Маусым айында медицина қызметкерлері күнінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Алғыс хатын алған болатын. Сол күні ауырып, мазасы болмай тұрған. Бұл оның көзі тірісінде алған соңғы марапаты екенін қайдан білейік. Үш күннен кейін анам ауырып, қайтыс болды», деп көзі жасаураған Эльмира Қорған анасының еңбегін бағалаған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Сондай-ақ қоғамдық бірлестік өкілдері коронавирустан көз жұмған медицина қызметкелерінің өмірі мен қиындыққа толы қызмет жолдарын баяндайтын электронды кітап әзірлеп жатқандарын жеткізді.
Айта кетелік, ақ халатты жандардың ерен еңбегінің нәтижесінде өңірде қауіпті індетті жұқтырған 3 331 науқас толық жазылып шыққан. Жалпы, соңғы мәліметтерге сәйкес пандемия белең алғалы облыста COVID-19 инфекциясы расталған 3 395 жағдай тіркелді. Олардың 2 355-інде ауру симптомсыз өткен.
Түркістан облысы