Судьяларды даярлайтын жеке жоғары оқу орны болғаны дұрыс болар еді. Қазіргі кезде Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің, қауіпсіздік, қаржы полициясы органдарының болашақ қызметкерлері арнаулы жоғары оқу орындары арқылы даярланады. Сот жүйесінің ерекшеліктерін, білім беруге қажетті пәндердің тиімділігін, сот құжаттарын дайындаудың қиындығын, сот сараптамасы, дәлелдемелерді жинау, бағалау сатыларының маңыздылығын терең ашып көрсету үшін болашақ судьялардың оқу бағдарламасында осындай ерекше қажеттіліктерді ескеру шарт.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 5 рет судьялар съезін өткізді. Әрбір өткізілген съездердің тарихи орны, маңызы ерекше. Енді ел судьяларының VI съезі өтетін мезгіл де келіп жетті. Елімізде сот жүйесінің жандануына судьялар съездерінің ықпалы ерекше. Әр съездің сот жүйесінің дамуына, азаматтардың сот әділдігіне деген сенімін арттыратынына үлес қосатынына күмән жоқ. Әрбір съезде көптеген маңызды мәселелер қаралып, өз түйінін заңдылық тұрғыда шешіп келеді.
Елімізде халықтың сотқа деген сенімі жылма-жыл артып келеді. Оның айғағы азаматтардың өздерінің заңды құқықтары мен бостандықтарын қорғап сотқа шағым беру санының көбеюі, осыған орай республика бойынша сот әділдігін жүзеге асыратын судьялар штатының жылма-жыл ұлғая түсуі болып отыр. Республикамыздың азаматтары соттарды өздерінің заңсыз бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіретін, әділетті қорғаушы мемлекеттік орган өкілі деп санайды. Кейбір реттерде баспасөз беттерінде жарық көрген жарияланымдарда соттар халық алдында әлі беделге толық ие бола алмай отыр деген жаңсақ пікірлер көрініс береді. Бұл олай емес. Қазақстан Республикасының Сот жүйесін дамыту тұжырымдамасында да елімізде жүзеге асырылған сот жүйесінің даму кезеңдері, қазіргі сот жүйесінің жай-күйі, сот құрылысын одан әрі жетілдіру қажеттілігі, сотта іс жүргізу, олардың қызметін үйлестіру, ұйымдастыру, заңдарды түсіндірудегі Жоғарғы Соттың атқаратын қызметі мен маңызы туралы мәселелермен қатар, болашақта осы салада іске асырылуы қажет проблемаларға да ерекше мән берілген.
Мамандандырылған соттар институтын дамыту, тараптардың бәсекелестігі мен тең құқықтылығын қамтамасыз ету, алдын ала тергеу әрекеттеріне соттық бақылауды белгілеу, алқабилерді қатыстыра отырып, өлім жазасы көзделген қылмыстық істерді қарау, азаматтық істерді жүргізудегі сот прецеденттерін енгізу, Жоғарғы Сотқа заңдарға ресми түсіндіру құзыретін беру сияқты аса құнды ұсыныстардың осы тұжырымдамада көрініс табуы өте құптарлық. Бұл толғағы жеткен мәселелердің көбі заң жүзінде шешімін тапты.
Біздің елімізде мамандандырылған соттардың құрылуы айтарлықтай жетістік болып табылады. Алматы қаласында британ үлгісіндегі қаржылық сот құрылды. Алматы, Астана қалаларында жеткіншектер ісімен айналысатын ювеналдық сот құрылды, алқабилердің қатысуымен өлім жазасы көзделген қылмыстық істер қарау жүзеге асырылуда, заңда көзделген реттерде ғана және тек соттың санкциясымен тұтқындау және қамауда ұстауда болатыны белгіленді.
Жоғары Сот Кеңесіне біліктілік алқасы біріктірілді. Бұл судья кадрларын іріктеуде үлкен мүмкіндіктер туғызуда. Дегенмен, сот жүйесін одан әрі дамыту үшін әлі де мынадай мәселелердің жүзеге асырылуы қажет деп ойлаймын:
Біріншіден, аудандық деңгейдегі судьялардың қызметінің ұйымдастырылуына ерекше көңіл бөлінуі керек. Судья ай сайын 10-нан аспайтын азаматтық, 5-6 қылмыстық, 20-ға жуық әкімшілік істерді қараса, оның әрбір іс бойынша заңға сәйкес әділ шешім шығаруға мүмкіндігі болады, сөйтіп, олардың сот билігін жүргізуі талапқа сай жүзеге асырылады. Елбасымыздың 2012 жылы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында сот саласының 2050 жылға дейінгі міндеттері мен қызметінің негізгі бағыттары айқындалды. Президент осы Жолдауында «Біз үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек. Жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізген жағдайда мұны істеу қиын емес. Сонымен бір мезгілде, соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастырған жөн. Жеңілдету мәселелері бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажет», деп атап көрсетті. Осыған орай бүгінде қабылданған Медиация туралы заңды, оның пайдалы жақтарын жүзеге асыру қажеттілігі туындап отыр. Аса қажеттілігі көрініп тұрса судьялық лауазым штаттарын көбейтудің де пайдасы мол болар еді. Сондай-ақ, судьялардың және оның жақын туыстарын қылмыстық немесе басқадай құқықтық қол сұғушылықтан қорғау мәселелерін реттейтін нормативтік актілерді қайта қарау қажет сияқты. Судьяларды қызметтік жағдайына байланысты күзетке алу, жұмысқа, тұрғын жайына қауіпсіз түрде шығарып салу мәселелері де дұрыс шешілуі керек. Судьялық қызметті мүлтіксіз әрі ұзақ жылдар адал атқарғандардың еңбек өтілін есепке алып, жалақысына қосымшалар белгілеу мәселелері заңдылық көрініс табу қажет.
Аудандық сот – сот жүйесінің негізгі буыны екендігі белгілі, қаралатын істердің дені осы аудандық сотта. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында мамандандырылған экономикалық, әкімшілік жасөспірімдер ісін қарайтын, қылмыстық істерді қарайтын ауданаралық соттар құрылған. Бұлардың әрқайсысы өздеріне жататын сот істерін азды-көпті қарайды. Менің пікірімше, бізде сот жүйесі үш сатыдан – аудандық, облыстық, Жоғарғы Соттан тұратындықтан, мұндай мамандандырылған соттарды бірінші сатыдағы аудандық соттар жүйесіне қосып, іс жүргізу құқығын біркелкі жүйеге келтірген дұрыс болар еді.
Республикамыздың сот процесінде Жоғарғы Соттың атқаратын рөлі, маңызы ерекше. Биліктің бір бұтағы ретінде Жоғарғы Сотқа заң шығарушылық бастамасы берілуі керек. Жоғарғы Сот өз құзыретіне сай істерді қараумен бірге, негізінен төменгі буындағы соттардың қараған істерін жиі-жиі зерделеп, республика бойынша сот әділдігін дәлме-дәл атқаруға жөн сілтейтін нормативтік қаулылар қабылдауды жандандыра түссе болар еді. Осыған орай Жоғарғы Соттың ғылыми-консультативтік кеңесінің құзыретін анықтайтын жаңа ереже қабылдану керек және осы кеңестің құзырына Жоғарғы Соттың заңдарды ресми түсіндіру қызметін жүктеген өте дұрыс. Осыған байланысты Жоғарғы Сот құрылымында ғылыми-шығармашылық қызметпен айналысатын арнаулы органның болғаны да абзал.
Қолданылып жүрген заңдарға сәйкес Жоғары Сот Кeңeci кадрларды ipiктеу жұмысын демократиялық, құқықтық негізде, әділеттілік принципін басшылыққа ала отырып, алқалы кеңес кұрамында жүзеге асырады. Мұндай кеңес кұрамына заңға сәйкес жоғары лауазымды жауапты мемлекеттік кызметкерлер, Парламент депутаттары, прокуратура, Әділет министрлігінің лауазымды адамдары, заңгер-ғалымдар белгілі бір мерзімге тағайындалады. Алқа құрамы судьялық кызметке лайықтыларды конкурстық негізде жан-жақты талқылап, тиісті қорытынды жасайды. Қазақстан Конституциясының 82-бабына сәйкес қазіргі уақытта еліміз бойынша барлық деңгейдегі судьяларды сайлау немесе тағайындау Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесімен жүзеге асырылады. Жалпы судьялық қызметке алу жариялы түрде, ашық конкурс негізінде жүзеге асырылады. Осыған байланысты кез келген сот сатысына судьялыққа конкурстық жолмен өтем деушілерге кең жол ашып, тілек білдірушілердің тізімі алдын ала көпшілікке бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлануы керек. Судьялық бос орындарға командалық, тамыр-таныстық жолмен конкурс жариялап қызметке тағайындалмауы керек. Конституцияның 79-бабының 3-тармағына сәйкес «Республиканың 25 жасқа толған жоғары заң білімі бар, заң мамандығы бойынша кемінде 2 жыл еңбек өтілін өткерген және біліктілік емтиханын тапсырған азаматтар судья бола алады». Біздің пікірімізше, судьялардың жас ерекшелігіне де мән берген абзал. Облыстық соттың судьясы болу үшін жасы 30-ға толған, 8 жыл заң саласында, оның ішінде 5 жыл судьялықта, ал Жоғарғы Сотқа жасы 35-ке толған, 10 жыл заң саласында, оның 8 жылы судьялық қызметті мінсіз атқарғандар, ал магистратура бітіргендер кем дегенде 2 жыл сот органдарында судьяның көмекшісі немесе басқа сот саласында қызметін адал атқарғандар судьялыққа тағайындалса, бұл көптеген білікті, өмірлік тәжірибесі мол азаматтардың талаптануына, еңбек сатысымен өсуіне мүмкіндік туғызар еді. Жоғары Сот Кeңeci республика Президенті тағайындайтын төрағадан және басқа да адамдардан кұрылады. Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі және жұмысын ұйымдастыру заңмен белгіленеді. Осыған орай білікті судьяларды конкурстық жолмен таңдап алу ісіне білікті заңгер ғалымдарды көбірек тарту қажет. Өйткені, судьялыққа талапкерлердің сапалы білім деңгейін анықтау аса қажет. Судьялыққа кандидат болып Басқару академиясын бітірген заң магистрі ғана емес, еліміздің заңгерлер дайындайтын іргелі университетінің магистратурасын бітірген, заң магистрлері де бірдей құқыққа ие болуы кажет.
Судьяларды даярлайтын жеке жоғары оқу орны болғаны дұрыс болар еді. Қазіргі кезде Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің, қауіпсіздік, қаржы полициясы органдарының болашақ қызметкерлері арнаулы жоғары оқу орындары арқылы даярланады. Сот жүйесінің ерекшеліктерін, білім беруге қажетті пәндердің тиімділігін, сот құжаттарын дайындаудың қиындығын, сот сараптамасы, дәлелдемелерді жинау, бағалау сатыларының маңыздылығын терең ашып көрсету үшін болашақ судьялардың оқу бағдарламасында осындай ерекше қажеттіліктерді ескеру шарт.
Болашақ судьяларды дайындау, олардың біліктілігін арттыру, білім берудің инновациялық жаңа жүйелерін енгізу, судьялық әдепті жетілдірудің жаңа әдістерін енгізу үшін озық ғылыми жетістіктерді пайдалану керек.
Судьялардың қызметіне бақылау жасау, оған баға беру, олардың тәртіптік жауапкершілігінің негіздері заңда тікелей көрсетілген. Егер судьялар керсетілген заң нормаларын, судьялар әдебі туралы кодекс талаптарын бұзса, оларды қызметінен аластату немесе тиісті тәртіптік шаралар қолдану қазіргі кезде заңдылық негізде дұрыс жолға қойылған.
Заңмен белгіленген негізде, кез келген сот жүйесіне сайланған судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Судьяның тәуелсіздігі заңмен, Конституциямен қорғалады. Ешкімнің де сот төрелігін жүзеге асыру ісіне араласуға, олардың кызметіне қандай да болмасын ықпал етуге құқығы жоқ, бұл сияқты әрекеттер заңмен қудаланады. Бұл – заң талаптары, оны бұлжытпай сақтау әркімнің міндеті. Дегенмен, қазіргі кезде судьялар шын мәнінде тәуелсіз бе, әлде өзінен жоғары тұрған соттарға тәуелді ме деген сұраққа келсек, бұл мәселеде әлі де ойланатын жайттар бар. Судьялар өздеріне қарауға іс тапсыратын сот төрағаларына тәуелді, өйткені, судьяға шешілуі қиын немесе жеңіл-желпі іс беру, бермеу немесе судья қарайтын iстep санының орта көрсеткішінің көп немесе шамалы болуы да icтi бөлетін төрағаның шешіміне байланысты. Бұл мәселе әлі күнге заңдылық шешімін тапқан жоқ. Ай сайын судья қанша қылмыстық, азаматтық, әкімшілік ic қарауы керек, қаралатын істердің орташа көрсеткіш деңгейі қандай болу қажеттігі әлі тиісті шешімін таппаған. Бірінші истанция сотында ic қараған судья өзінен жоғары тұрған сатыдағы сот инстанциясынан заң бойынша тәуелсіз, бipaқ сот практикасында мұндай принциптер кейде сақтала бермейді. Төменгі сатыдағы сот биліктері, үкімдері немесе қаулылары жоғары сатыдағы соттар арқылы негізсіз өзгертілетіні, бұзылатыны да кездеседі. Мұндай ретте төменгі сатыдағы судья үшін жоғары сатыдағы сот шешімі тұжырымды болып қалады. Менің пікірімше, егер төменгі сатыдағы сот шешімі жоғары сатыдағы сот шешімімен негізсіз, заңға қайшы, субъективті факторлар негізінде шешілсе, онда билігі, үкiмi, қаулысы өзгеріске түскен төменгі сатыдағы судья нақты ic бойынша өз ұсынысын жоғары тұрған соттың төрағасына жолдауы керек сияқты. Бұл мәселені Қылмыстық, Азаматтық iстep жүргізу кодексінде көрсету қажет. Мұндай реттерде сот әділдігінің беделі артады, төменгі сот шешімдері жоғары тұрған сот сатылары арқылы негізсіз өзгеріске тап болмайды. Осы тақырыпта жазатын журналистер де заңның нормаларын білуі қажет. Материалдық, іс жүргізу құқықтары не себепті бұзылды? Жарияланған баспа материалдарында солар дәлме-дәл көрсетілуі керек. Өйтпейінше, бұл Қазақстан Конституциясы бойынша адамның кінәлi екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес болады (75-бап, 3-бөлігі, «а» тармағы) деген қағидаға тікелей қайшы. Бұл конституциялық кағида баршаға, оның ішінде судьяға да тікелей қатысты. Адамды белгілі бір қылмысқа кінәлі деп таныған сот үкімі заңды күшіне енбейінше, ол туралы басқа материалдар жариялау ол адамның ар-намысына, адамгершілігіне қол сұғу болып табылады.
Арықбай АҒЫБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дің профессоры,
заң ғылымдарының докторы.