• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Хоккей 28 Қазан, 2020

«Барыс» жеңетін күн қайда?

136 рет
көрсетілді

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барысы» Ресейдің Новосибирск қаласына сапар шегіп, тартысты өткен ойында «Сибирь» командасынан жеңіліп қалды. Бұл – «Барыстың» қатарынан үшінші жеңілісі.

 

Елордадағы ойында Қазанның «Ак Барс» командасынан 3:1 есебімен жеңілген «Барыс» бұл жолы да сырт айдында дәл осындай нәтижемен «Сибирь» хоккейшілеріне есе жіберді. Кездесудің бірінші кезеңінде әдеттегідей есеп ашылған жоқ. Әдеттегідей деп екпін беруіміздің себебі, «Барыстың» кейінгі төрт ойынының барлығында командалар бір-бірінің бірінші кезеңде қақпасынан саңылау таба алмай келеді.

Екінші 20 минутта жерлестерімізге қарағанда, мұзайдын иелері ширақ қимылдап, белсенді ойынымен көзге түсті. Нәтижесінде, кездесудің 24-минутында есеп ашты. Шайба авторы – Никита Шашков. Десе де, «Барыстың» қарымта шайбасы көп күттірген жоқ. Маусымаралық үзілісте елордалық клубтың жейдесін киген швециялық Якоб Лилья 32-минутта мергендігімен көзге түсіп, таразы басын теңестірді. Тұрақты біріншілікте 14-ші ойынын өткізген шабуылшы небары 4-ші шайбасын соқты. Әзірге ол команданың да, жанкүйерлердің сенімін ақтай алар емес.

Екінші кезең аяқталғанға дейін «Сибирь» ойыншысы Егор Миловзоров командасының екінші голын соғып, жақсы көңіл-күймен үзіліске шықты. Үшінші кезеңде есепті теңестіреміз деп алға ұмтылған қазақстандық команда қорғанысты ұмыт қалдырды. Нәтижесінде, бәсекенің соңғы минутында мұзайдын қожайындары үшінші шайбасын соғып кетті. Бұл жолы Олег Ли өз атын таблоға жаздыртты.

Енді жерлестеріміз сырт айдындағы екінші ойынын бүгін Сочидің «Сочи» командасымен өткізеді. Кейін елордаға оралып, өз жерімізде «Куньлунь» және «Динамо Рига» клубтарын қабылдайды.