• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2010

МІРЖАҚЫП МҰРАСЫНА АРНАЛДЫ

913 рет
көрсетілді

Президенттік мәде­ниет орталығында қазақ­тың біртуар пер­зенті, Алаштың ар­дақ­ты аза­маты, қоғам қайрат­кері, ақын, жазушы, көсем­сөз­ші Міржақып Ду­латов­­тың 125 жылдық тойына арналған сал­танатты кеш болып өтті. Кешті Мәде­ниет ми­нистрі Мұхтар ҚҰл-МҰхаммед сөз сөйлеп ашты. Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығы жайында арнайы түсірілген “Ұрпаққа аманат” атты бейнефильм көрер­мендерге ұсынылғаннан кейін ортаға шыққан министр: “Әр қазақтың жүрегінен орын алған, халқына “Оян, қазақ!” деп ұран тастаған Міржақып мұралары халқымен бірге жасай бермек. Аяулы тұлғаның мерейтойының Президенттік мәдениет орталығы­нан басталғаны үлкен тойдың бастауы болады деп сенемін”, – деді. Мұнан кейін кеш тізгінін жүргізуді Президенттік Мәдениет орталығының директоры, профес­сор Мырзатай Жолдасбеков алды. Ғалым Міржақып мұраларына біршама тоқтала келе, өткен жылы Гүлнәр Міржақыпқызының атал­мыш орталықтың мұражайына әкесінің ұдайы үстінен тастамаған шекпенін тапсырғанын және сол шекпенді көрермен назарына ұсынатындығын айтты. ХХ ғасырдың басындағы қазақ­тың ағартушылық, демократ­тық бағыттағы оқыған азаматтар­дың бірі, талантты қаламгер, қоғам қайраткері Міржақып Дулатов еді. Алаш азаматтарының аумалы-төкпелі заманда елдің болашағы үшін атқарған күреске толы қоғамдық-саяси қызметі, ағарту­шы­лық-шығармашылық мол мұра­­сы – қазақ үшін баға жетпес қым­бат қазына. Ал оның есімі хал­қы үшін аяулы, еліне құрметті болып мәңгілік жасай береді. Міржақып қоғамда да, әдебиетте де халқының тәуелсіздігін бірінші кезекке қойған жан. Ол өз шығар­маларында туған елін оятуға ұм­тыл­ды. “Алаш” қозғалысының бел­сенді қайраткері болды. Кеңес заманында М.Ду­латов­тың есімі мен әдеби мұрасы туралы айтуға да, жазуға да тыйым салынды. Еліміз өз тәуелсіздігін алған тұста ғана Міржақып халқына қайтып оралды. Есімі де, шығармашылық мұрасы да толық ақталып, ол бүгінгі ұрпақтың қолына жетіп отыр. Кеш барысында Бекболат Тілеу­хан, Секен Тұрысбеков, Ғазиза Жұмекенова бастаған өнер шеберлері және Астана қаласының мемлекеттік филармониясының камералық хоры өз өнерлерін ортаға салды. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.