Шартараптың түкпір-түкпірінде коронавирус індеті күннен-күнге қайта өршіп барады. Көктемде пандемия салдарынан шекарасын жауып, локдаун енгізген Еуропа елдері күзден бастап қайтадан етек-жеңін қымтай бастады. Өйткені қатерлі дертті жұқтырғандар көбейіп, індеттің екінші толқыны оңай тимей тұр. Қазірге дейін 45 миллионға жуық адам COVID-19 жұқтырса, соның 1 миллион 174 мыңы қайтыс болды.
Әлемнің 8 елінде сырқаттанғандар саны миллионнан асып үлгерді. Ұлыбритания да осы межеден асуға жақын қалған. Кейінгі бір апта ішінде жер-жаһандағы тіркелген науқастар саны 400 мыңнан азаймай тұр. Осыған байланысты көптеген мемлекет карантиндік шараларды қатаңдатып, көшеде де, жабық ғимараттарда да маска тағуды міндеттеді. Тіпті қайтадан локдаун жариялаған елдер де бар.
Сарапшылардың айтуынша, мұның бәрі тұрғындардың шектеу шараларына мән бермеуінен болып отыр. Өйткені індеттің бірінші толқыны бәсеңдеген соң адамдар бейқамдыққа түсіп, арақашықтық сақтау, қорғау мәселелерін назардан шығарып алған.
Францияда өткен дүйсенбіде 52 мыңнан астам науқас анықталды. Осыған байланысты ел билігі дабыл қағып, шектеу шараларын күшейтуге кіріспек. Ел президенті Эммануэль Макрон министрлер кабинетімен кездесіп, пандемиямен күресу мәселелерін талқылады.
Премьер-министр Жан Кастенің айтуынша, жиын барысында денсаулық саласындағы қиындықтарды еңсеру мәселесі қаралған. Дегенмен билік өкілдері көктемдегідей локдаун енгізу бизнеске зор соққы әкеледі деп есептейді. Осыған байланысты, вирустың екінші толқынымен күресте мұндай шектеулерді енгізбеуге мүдделі.
Індет жұқтырғандар саны қайта көбейген Париж бастаған бірнеше үлкен қалада 17 қазаннан бастап коменданттық сағат енгізілді. Денсаулық саласына жауапты мекеме өкілдерінің сөзіне сүйенсек, вирустың қайта өршуіне адамдардың әлеуметтік қашықтықты сақтамауы, карантиндік талаптарды орындамауы әсер етіп отыр.
Қазіргі таңда Францияда қатерлі дертті жұқтырғандар саны 1 миллион 138 мың адамнан асып, 35 мыңға жуық науқас ажал құшты. Әсіресе күз басталғалы бері COVID-19-дың құрығына шалдыққандар саны күрт артты.
Испанияда да вирус жұқтырғандар саны миллионнан асты. Пиреней түбегінде індет бірден күрт көбеймесе де, науқастар саны күн санап артып келеді. Бұл елде де бақилық болғандар саны 35 мыңға жуықтаған.
Осыған байланысты Испания билігі өткен жексенбіде төтенше жағдай жариялап, бүкіл ел аумағында карантин жариялады. Пандемия қатты тарамаған Канар аралдары ғана әзірге мұндай шектеуден ада.
Италия үкіметі тұрғындарға Еуропаның басқа мемлекеттеріне бармауға кеңес береді. Бұған құрлықтағы ахуалдың нашарлауы себеп. Сыртқы істер министрінің хабарлауынша, карантиндік шаралар қатаңдатылса, шетелге барған италиялықтардың сонда қалып қою ықтималдығы жоғары.
Сондай-ақ сыртқы істер министрлігі Апеннин түбегі тұрғындарының Еуропадан алысқа бармауын сұрап отыр. Өйткені әлемнің басқа түкпірлеріндегі жағдай да тұрақсыз.
Ел билігінің мұндай ескерту жасауы бекер емес. Көктемде індет күшейгенде 100 мыңнан астам италиялық шетелдерде қалып кеткен еді. Үкімет оларды елге әкелу үшін қыруар қаржы мен күш жұмсады.
Коронавирустың Еуропадағы алғашқы ошағы саналған Италияда бүгінде 550 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. Ал қайтыс болғандар саны 38 мыңға таяп қалды. Қазан басталғалы бері Апеннин түбегіндегі эпидемиялық ахуал күрт нашарлап, науқастар саны артып келеді.
Бельгияда да жағдай күрделі. Бір апта бойы күнделікті тіркелген науқастар саны 12 мыңнан азаймай тұр. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, тест тапсырғандардың әр бесіншісі вирус жұқтырғаны анықталып отыр. Өкінішке қарай, ажал құшқандардың да саны көбейіп барады. Мәселен, өткен аптада күніне қырық шақты адам бақиға аттанған. Қазір елдегі ауруханаларда жатқан науқастар да көп.
Дүйсенбі күні ел билігі карантин талаптарын күшейтті. Шектеу шаралары 19 қарашаға дейін жалғаспақ. Уаллония аймағы мен Брюссельде коменданттық сағат енгізілді. Адамдар көшеде де, ғимаратта да маска тағуға міндетті. Кинотеатрлар, театрлар, спорт орталықтары жабылды. Келесі аптадан бастап мектеп оқушыларының демалысы ұзартылып, қашықтан оқытуға көшпек.
Германияда да вирус күшейіп келеді. Канцлер Ангела Меркель індетті бақылау қиындап бара жатқанын айтып дабыл қағып отыр. Оның сөзіне сүйенсек, алда неміс халқын бірнеше ай бойы өте қиын кезең күтіп тұр. Германиядағы ахуал күрделі әрі әр күн вируспен күресуде маңызға ие.
Чехиядағы эпидемиялық жағдай да қиындап барады. Денсаулық сақтау министрі Роман Примуланың сөзіне сүйенсек, коронавирус жұқтырғандар саны көбеюіне жол бермес үшін елде коменданттық сағат енгізілді. Соған сәйкес тұрғындарға 28 қазан мен 3 қараша аралығында 21.00-ден 05.00-ге дейін көшеге шығуға тыйым салу туралы шешім қабылданды.
Министрлер кабинеті барлық мемлекеттік және жеке ұйымдар мен компанияларға жұмысты қашықтан жалғастыруды ұсынды. Сондай-ақ 27 қазанда үкімет парламенттен төтенше жағдай режімін тағы 30 күнге ұзартуды сұраған. Қазіргі таңда Чехияда 162 мыңнан аса адам коронавирус жұқтырған, соның ішінде 2337 науқас қайтыс болған.
Португалияның кез келген тұрғыны көшеде маска тағуға міндеттелді. Ел парламенті осындай заң қабылдады. Оған бағынбағандар бірден жауапқа тартылмақ. Айыппұл көлемі 500 еуроға дейін баруы мүмкін. Бұдан бөлек, Португалия үкіметі тұрғындарға Хэллоуин мерекесі кезінде сапарға шығуға тыйым салды. Бұл шектеу 30 қазаннан 3 қарашаға дейін күшін жоймайды. Португалияда соңғы екі апта бойы күн сайын шамамен 2 мың науқас тіркеліп келеді. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 110 мыңнан асып кеткен.
АҚШ-та 23 қазанда пандемия басталғалы бері бір тәулікте коронавирус жұқтырған науқас саны бойынша антирекорд тіркелді. Джонс Хопкинс атындағы университет дерегіне сүйенсек, бір күнде 81521 адамның вирус жұқтырғаны анықталған. Сондай-ақ қайтыс болғандар саны да өсе түсті.
Сарапшылардың айтуынша, қиын жағдай әлі алда. Қазіргі таңда ауруханаға жатқызылғандар саны 75 пайызға өскен. Осыған байланысты қайтыс болғандардың да саны күрт ұлғаюы мүмкін деген қауіп бар. Денсаулық саласына жауапты қызметкерлер науқастар саны күн санап артып бара жатқанына алаңдап, карантиндік шараларды күшейтуге шақырды. Бүгінге дейін мұхиттың арғы бетінде 8,9 миллион адам қатерлі дертке шалдығып, 231 мыңнан астам адам бақиға аттанды.
Қытайда да вирус қайта күшіне мінуі мүмкін. Кейінгі деректерге сүйенсек, Шыңжаң-ұйғыр автономиялық аймағының тұрғындары коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тестіден өтіп жатыр. Таяуда ғана осы өңірде 137 адамның симптомсыз ауырғаны белгілі болды.
Қазірдің өзінде аймақтағы 2,8 миллионнан астам тұрғын тестілеуден өтті. Жалпы, барлығы 4,7 млн адам тест тапсыруы тиіс. Өңірдің мұндай қадамға баруына таяуда бір адамның вирус жұқтырғаны себеп болып отыр. Ол жергілікті тоқыма кәсіпорнында жұмыс істейді екен. Әрі аймақтан тыс жерлерге шықпаған. Осыған байланысты ең әуелі бүкіл тігін фабрикасы қызметкерлерінен анализ алынған. Әйтсе де, Қытайда жыл басындағыдай күрделі жағдай жоқ. Бүгінге дейін осы елде 86 мыңға жуық адам Covid-19 жұқтырып, 4634 адам о дүниеге аттанды.
Иран коронавирус індетіне байланысты қабылданған шектеулердің мерзімін қарашаның жиырмасына дейін ұзартты. Атап айтқанда, ел астанасы Тегеранда мектептер, мешіттер, дүкендер мен мейрамханалар жұмыс істемейді.
Індеттің өршуіне байланысты кейбір өңірлердің ауруханаларында орын жетіспей жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, ел аумағында әр төрт минут сайын бір адам осы дерттің салдарынан жарық дүниемен қоштасады. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері егер халық санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтамаса, күн сайынғы өлім саны 600-ге дейін өсуі мүмкін деп ескертті. Кейінгі бір аптада Иранда күн сайын 6 мыңға жуық адамның науқастанғаны анықталады. Ел бойынша бұл ауруды жұқтырғандардың саны 574 мыңнан асып, 33 мың адам ажал құшты.
Ресейде COVID-19 жұқтыру бойынша антирекорд тіркелді. Осы елдің шұғыл штабының мәліметіне сүйенсек, кейінгі тәулікте 17 347 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.
Науқастардың көбі Мәскеуде (5224), Санкт-Петербургте (715) және Мәскеу маңында (499) тіркелді. Вирус жұқтырғандардың ішінде төрттен бір бөлігінен аса адамда аурудың симптомдары болмаған. Кейінгі тәулікте 219 адам қайтыс болып, 7 574 науқас жазылды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус коронавирустың таралуына байланысты әлемде қиын жағдай туындағанын хабарлады.
«Әлем, әсіресе Солтүстік жарты шар бұл пандемияның күрделі кезеңінде тұр. Алдағы бірнеше ай өте қиын болады. Кей елдердегі ахуал мүлдем күрделенуі мүмкін. Қазіргі таңда сырқаттанған адамдар саны күрт өсіп жатыр», деп мәлімдеді Т.Гебрейесус.
ДДҰ басшысы әлем елдерін өлім-жітім көбейіп, денсаулық сақтау саласы дағдарысқа тап келіп, мектептер қайта жабылмау үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырды.
Қыркүйектің ортасында науқастар саны күрт көбейген Үндістанда жағдай тұрақталып келе жатқандай. Қазір елде вирус жұқтырғандар біртіндеп азайып келеді. Әйтсе де, көрсеткіш әлі күнге жоғары деңгейде қалып отыр. Мәселен, қыркүйекте бір күнде 98 мыңға жуық адамның дерт тырнағына шалдыққаны белгілі болған еді. Бүгінде сырқаттанғандар саны 35-40 мыңның айналасында. Дегенмен індет басталғалы бері Үндістанда 8 миллионға жуық адам науқастанып, 119 мыңнан астамы ажал құшты.
Жалпы, әлемде коронавирус науқастары саны 43 миллионнан асып, 1 миллион 156 мың адам бұл өмірмен қоштасты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, Еуропа індеттің ошағына айналған. Қазіргі таңда күн сайын тіркелетін жарты миллион оқиғаның 200 мыңы осы қарт құрлыққа тиесілі.