«Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрі маңызы мен мәнін ешқашан жоғалтқан емес. Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар көбейіп келеді. Қайырымдылық жасауға мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отыр. Мысалы, жуырда Түркістан облысында «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 8 балалы ана баспаналы болды.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» жобасы Сарыағаш ауданына қарасты Дарбаза ауылдық округінде жалғасын тапты. Ауылдық округтегі жанашыр кәсіпкерлер мен ауыл жастары демеушілік жасап, көмекке мұқтаж тағдыр тауқыметін тартқан жандардың бірі, 8 баланың анасы Рыскүл Торыбаеваға 6 бөлмелі үй салып берді. Жақсылыққа ұмтылған жандар арқылы басыбайлы баспана бұйырған отбасындағы балалардың қуанышында шек жоқ. Жылдар бойғы қиындықтан құтылған ананың айтар алғысы айрықша. Көпбалалы отбасы мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған.
«Қамқорлық» бағдарламасын Nur Otan партиясының облыстық филиалы мен облыс әкімдігі бірлесе үйлестіріп келеді. Игі шара тұрғындар тарапынан жоғары бағаланып отыр. Бағдарлама аудан, қалалардағы тұрмыс тауқыметін тартқан отбасыларға жан-жақты қамқорлық көрсету арқылы кедейлік шеңберінен шығуға мүмкіндік береді. Мұндай отбасыларды анықтау үшін құрылған арнайы комиссия құрамында ауыл ақсақалдары мен жергілікті белсенділер бар. Кешенді бағдарлама аясында 2 мыңға жуық адамға көмек берілді. Отбасыларға азық-түлік, киім-кешек, материалдық көмек көрсетілуде. Оның ішінде 35 отбасына тұрғын үй алып берілсе, 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 178 адам қоғамдық жұмысқа тартылған.
Әкімдік пен саяси ұйым тарапынан қолға алынған қайырымдылық шарасына қарапайым тұрғындар да қолдау көрсетуде. Мысалы, жуырда Келес ауданына қарасты Қазақстан ауылының азаматтары жалғызбасты анаға баспана сыйлады. Жаны жомарт жандар мұндай игі істі мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай ұйымдастырып отыр. Бес баланың анасы Қ.Сәлімбаева баспана ала алмай келе жатқанына бірнеше жыл болған. Қамкөңіл ана осындай қуанышқа кенелтіп отырған №33 «Жуантөбе» жалпы орта мектебінің түлектеріне ерекше алғысын білдірді.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», дейді қазақ xалқы. Қайырымдылық – ізгілігін, таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі. Әрбір азамат өз еліне, туған жеріне қашан да қамқорлық танытып жүруі керек деген ойдамыз. Әсіресе қазіргідей індет әбігерге салып жатқанда жаны жомарт жандар бірлесіп мұқтаж азаматтарға қол ұшын созып тұрса, елдігімізді көрсетер еді», дейді мектеп түлектері.
Бұдан бөлек, «Жуантөбе» білім ұясының түлектері қаржы жинап, ауылдық округ аумағындағы мазараттың 250 шаршы метр аумағын қоршап, ауылдағы орталық мешіттің ауласы мен кіреберіс бөлмесіне жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Түркістан облысы