Елордада атышулы "Астана-ЛРТ" ісіне қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Egemen.kz
Аталған іске қатысты сотталушылар қатарында – 7 адам, тағы 2 адам – Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Сұлтанбеков пен Астана LRT басшысы Талғат Ардан қазір халықаралық іздеуде. Олардың барлығына жеңіл рельсті көлік жобасын жүзеге асыру кезінде 5,8 миллиард теңге жымқырды деген айып тағылып отыр. Прокурор Жангелді Есебаев істің егжей-тегжейін шамамен екі сағат бойы оқыды.
"Аманжолов әкімшілік, қылмыстық және азаматтық заңнамада белгіленген шекте құқық бұзушылық жасағаны үшін жеке жауапты болды, сондай-ақ бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырды. Өз кезегінде Қанат Сұлтанбеков 2008 жылдың мамыр айынан 2009 жылдың қазан айына дейін Астана қаласының жолаушылар көлігі басқармасын басқарды. Ол хаттамалар мен өзге де құжаттарға қол қоюға, "Астана LRT" ЖШС жергілікті атқарушы органның өкілдігімен байланысты қажетті іс-әрекеттерді жасауға құқылы болды. Әкімдіктің 2011 жылғы 18 мамырдағы қаулысымен Талғат Ардан бес жыл мерзімге "Астана LRT" басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұған дейін ол Астана қаласының көлік басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған. Сұлтанбеков өзіне жүктелген өкілеттіктерге байланысты жобаның іске асырылу барысы мен нәтижелерін жеке өзі бақылап отырды", деді қалалық прокурордың көмекшісі Жангелді Есебаев.
Айта кетейік, Талғат Арданға қатысты тергеу лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікпен 2018 жылдың жазында басталды. Сол кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушілері "Астана LRT" бюджет қаражатынан қолданыстағы лимиттен 125 млн асып, мердігерлік ұйымдардың бірінің шотына 300 млн теңгеден астам қаражат аударғанын анықтаған.