Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Отырыс барысында депутаттар «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.
Қосымша қаржы коронавируспен күреске жұмсалады
Республикалық бюджетті нақтылау пандемиямен күрес жұмыстарын қаржыландыруға, мемлекеттің әлеуметтік міндеттерін орындауға, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында экономиканың нақты салаларын қолдауға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын іске асыруға бағытталған.
Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2020 жылға арналған нақтыланған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын айтып берді. Ведомство басшының айтуынша, оны анықтау барысында мына факторлар негізге алынған.
«2019 жылғы ішкі жалпы өнім бойынша өзектендірілген есептік деректер, биылғы жыл басынан бергі жедел деректер, мұнай өндірудің жоспарын түзету, сондай-ақ әлемдік нарықтағы мұнайдың бағалануын ескердік.
2019 жылғы өзектендірілген ішкі жалпы өнім көлемі 0,9 трлн теңгеге артып, 69,5 трлн теңгені құрады. Бұл биылғы болжамды есептеу базасын ұлғайтты. Сондай-ақ болжамда экономиканың нақты секторындағы, қызмет көрсету саласындағы үрдістері мен мұнай бағасының конъюнктурасы ескерілді. Әлемдік экономика өсімі Халықаралық ұйымдардың консенсус-болжамы бойынша биыл минус 5 пайызды құрайды, ал 2021 жылда өсім күтіледі.
Халықаралық ұйымдар Қазақстан экономикасының нақты өсімін биылғы минус 2,3 пайыздан минус 2 пайыз аралығында бағалайды. Келесі жылға тұрақты өсімді болжап отыр.
Экономика секторларының ағымдағы үрдістерін ескере отырып, біздің бағалауымыз бойынша, 2020 жылғы нақты ішкі жалпы өнімнің өсімі минус 2,1 пайызды құрайды. 2020 жылы номиналды ішкі жалпы өнім 69,8 трлн теңге көлемінде жоспарланған. Ол бұрын нақтыланған көрсеткіштен 102 млрд теңгеге жоғары. Бұл 2019 жылғы базалық көрсеткіштердің өсуімен байланысты», деді Р.Дәленов.
Экономиканың нақты секторы салаларында өсу болжамы жақсарған. Құрылыс 6,5 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,9 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 3,7 пайызға өседі деп болжанды. Бұл ретте шектеу шаралары салдарынан қызмет секторларының өсу қарқыны төмендетілді.
«Мұнайдың есептік бағасын ескере отырып, болжамдық бағаны 20 доллардан 40 долларға дейін арттыру ұсынылады. Қаңтар-қыркүйекте мұнайдың орташа бағасы бір баррелге 42 долларды құрады. Нақтыланған жоспар бойынша мұнай өндіру көлемі 85 млн тоннаны құрайды. Тауарлар экспорты 45,5 млрд долларға дейін артады, импорт 33,8 млрд долларды құрайды. Осылайша, оң сауда теңгерімі 3,2 млрд-қа ұлғайып, 11,7 млрд доллар көлемінде болжанады», деді министр.
Бұдан кейін сөз алған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы медициналық қызметкерлерге материалдық қолдау көрсетуге бағытталған. Сондай-ақ COVID-19-дың таралу мүмкіндігінің екінші толқынына қарсы белсенді шаралар қабылдауға арналған.
«Осы мәселелерді шешу үшін 238,7 млрд теңге сомасында қосымша қаржы көзделді. Шығыстар мынадай бағыттарға жұмсалады. Карантин іс-шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне жалпы сомасы 143,4 млрд теңгеге қосымша ақы төленеді.
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде COVID-19-дың таралуына жол бермеу мақсатында медициналық қызметтерге ақы төлеуге 83,2 млрд теңге жұмсалады. Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін 11,7 млрд теңге сыйлықақы төленеді.
Әкімшілер ұсынған қаражатты қайта бөлуді ескере отырып, экономиканың нақты секторын дамытуға және күш құрылымдарын әлеуметтік қолдауға 261,7 млрд теңге сома бөлінеді», деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, осы қаражат есебінен өндірісті ынталандыруға бағытталған бірқатар шаралар мен жобаларды іске асыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен табысын ұлғайту жоспарланып отыр.
«Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және басқа мемлекеттік бағдарламалардың іс-шараларын жеткілікті қаржымен қамтамасыз ету көзделген. Бұдан басқа, бюджетті нақтылау шеңберінде Президент Жарлығына сәйкес мемлекеттік органдар құру және қайта ұйымдастыру бойынша қаражатты қайта бөлу жүзеге асырылды. Нәтижесінде, республикалық бюджеттің параметрлері келесідей қалыптасты. Республикалық бюджет түсімдері 12 трлн теңге көлемінде анықталды. Тапшылық ішкі жалпы өнімге 3,5% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 14,5 трлн теңгені құрайды», деді Е.Жамаубаев.
Азық-түлікке жоғары баға сақталады
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов республикалық бюджет өлшемдерін нақтылау шеңберінде ақша-кредит саясаты көрсеткіштерінің болжамын ұсынды.
«Бұл болжамдар жоғары белгісіздік жағдайында бұрынғыша сыртқы күтілмеген өзгерістер әсерінен дамып отырған әлемдік экономикадағы қазіргі ахуал негізінде жасалды.
Біріншіден, коронавирус пандемиясының дамуы орта мерзімді перспективада әлемдік экономикаға әсер ететін басты факторлардың бірі. Екіншіден, пандемияға байланысты ахуалдың нашарлау тәуекелдерімен қоса, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қарама-қайшылықтары, Ресейге қатысты санкциялық риториканың күшеюі және басқа да геосаяси факторлар әлемдік экономикаға қосымша қысым жасайды.
Үшіншіден, әлемдік қаржы және тауар нарықтарының, әлемдік экономиканың қарқыны баяулауына байланысты қауіптің өсуі, әсіресе мұнай нарығының құбылмалы болуы әсер етіп отыр. Сондай-ақ АҚШ-тағы президенттік сайлау және АҚШ тарапынан ынталандыру шаралары пакетінің мөлшері де сыртқы нарық үшін өзектілігін жоғалтқан жоқ», деді А.Баймағамбетов.
Ұлттық банк төрағасы орынбасарының айтуынша, осы факторларды ескере отырып, халықаралық ұйымдар қайтадан болжам жасаған. Соған сәйкес, Халықаралық валюта қоры 2020 жылы ішкі жалпы өнім минус 4,9 пайыздан минус 4,4 пайызға дейін төмендейтінін айтады.
Әйтсе де, әлемдік экономика 2021 жылдан бастап қалпына келеді деп күтіледі. Болжамға сәйкес, дағдарыстан әуелі дамыған елдер шыға бастайды. Төмен база аясында әлемдік экономиканың өсуі 2021 жылы 5,2 пайызға жетіп, орта мерзімді перспективада 3,5 пайызға дейін баяулайды.
«Қыркүйекте қатарынан екі ай бойы инфляция 7 пайыздық деңгейде тұрақтанғаны байқалады. Оған азық-түлік инфляциясы негізгі үлес қосып отыр. Ол алдыңғы аймен салыстырғанда, 0,1 пайызға төмендеп, ағымдағы жылғы қыркүйекте 10,8 пайызды құрады. Ет және нан-тоқаш өнімдері нарықтарындағы баға өсуінің жылдық қарқыны баяулағаны маңызды импорттық құрамы бар тауарлар тобының бағасы өскені байқалады.
Карантин шараларына және сауда объектілерінің жұмысын шектеуге байланысты тұтынушылық сұраныс төмендеуі салдарынан азық-түлікке жатпайтын нарықтағы инфляция 5,5 пайызды құрады.
Ақылы қызметтер бағасының жылдық өсуі соңғы айда 3,4 пайыздан 3,6 пайызға дейін өсті. Реттелетін коммуналдық қызметтің 0,7 пайызға, атап айтқанда, электр энергиясының 6,6 пайызға қымбаттауы ақылы қызметтер инфляциясын жеделдетті. Білім мен байланыс қызметтерінің тиісінше 3,3 пайызға және 2,1 пайызға қымбаттауы да қызметтер бағасының жалпы өсуіне ықпал етті. Ұлттық банктің бағалауы бойынша, 2020 жылдың соңына дейін азық-түлік өнімдерінің жоғары бағасы сақталады», деді А.Баймағамбетов.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары қазіргі ахуалдарды саралай келе, Ұлттық банк әлемдік жағдайды мұқият қадағалап, баға мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ экономиканы қалпына келтіруге қолайлы жағдайлар жасау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын жеткізді.
Бұдан кейін сөз алған Сенат Төрағасы бүгін қабылданған заңның еліміз үшін маңызы зор екенін айтты. Оның айтуынша, осы заң жобасын қабылдау экономикалық өсімді қалпына келтіріп, індетпен күресуге бағытталады.
«Республикалық бюджетті нақтылау Президентіміздің биылғы Жолдауында айтылған әлеуметтік тапсырмаларды орындауға, экономикалық өсуді қалпына келтіруге және пандемиямен күресуге бағытталған. Шын мәнінде, биылғы жыл індетке байланысты оңай тиіп жатқан жоқ. Соған қарамастан, Президентіміз мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттерін орындау үшін бар мүмкіндікті жасап келеді», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Спикерінің айтуынша, республикалық бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік мәселелерді шешуге, экономиканың нақты секторларын қолдауға баса мән берілген.
«Заң жобаларын талқылау барысында Сенат депутаттары көптеген өзекті мәселелерді көтерді. Үкімет оларға мұқият назар аударып, оң шешу үшін кешенді жұмыс жүргізеді деп ойлаймыз. Бюджеттен бөлінген қаражат сапалы әрі тиімді жұмсалып, халықтың игілігіне, экономиканы қалпына келтіруге бағытталады деп сенеміз», деді Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады.
Заң жобасында Ұлттық қордан 2020 жылға арналған республикалық бюджетке 4 770 млрд теңге сомасында кепілдендірілген трансферт мөлшері белгіленген.
Жол сапасы көңіл көншітпейді
Жалпы отырыста бірқатар депутаттық сауалдар жолданды. Сенатор Бауыржан Қаниев Премьер-Министр А.Маминге жолдаған депутатық сауалында «Орталық-Батыс» тас жолының құрылысындағы күрделі мәселелерді көтерді.
Бұл автожол Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарын байланыстырады. Ел Үкіметінің Өңірлерді дамыту бағдарламасында көрсетілген екінші деңгейдегі екі қаланы біріктіреді. «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз –Шалқар – Қандыағаш» автомобиль жолы бойындағы «Орталық-Батыс» автомобиль дәлізінің ұзындығы 1 292 шақырымды құрайды. Оның ішінде Ақтөбе облысының аумағымен 518 шақырым өтеді.
Депутат «Орталық-Батыс» жобасы аясындағы проблемаларға тоқталып, қолданыстағы республикалық маңызы бар «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» және аудандық маңызы бар «Ырғыз-Нұра» автомобиль жолы көңіл көншітпейтін жағдайда екенін атап өтті. Сонымен бірге, Шалқар және Ырғыз елді мекендерінің арасындағы учаскеде орналасқан 3 автожол көпірінің де жағдайы өте нашар болып тұр.
Сонымен қатар сенатор жағдайы өте нашар «Шалқар-Ембі-Қандыағаш» автожолының стратегиялық маңызын ескере отырып, жөндеу жұмыстарын бірінші кезекте жоғарыда көрсетілген учаскеден бастауды ұсынды. Аталған учаске бойынша жобалық-сметалық құжаттама бар көрінеді. Жобаны іске асыру Ақтөбе облысы мен Қазақстан Республикасының көлік әлеуетін едәуір кеңейтуге, сондай-ақ автокөліктің неғұрлым қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Автожолды тиісінше күтіп ұстау жол бойындағы қызмет көрсету нысандар ашу арқылы туризмді дамытатыны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өңірлерімен де, басқа елдермен де тауар айналымын арттыруға септігін тигізетініне назар аударылды.
Депутаттық сауалға Д.Әділбеков, Е.Сұлтанов, С.Алдашев, Б.Қаниев, Ә.Құртаев, С. Лұқпанов, Е. Мамытбеков, Л.Рысбекова қол қойған.
Одан бөлек, бір топ депутат қылмыстық-атқару жүйесіндегі мәселелерді көтерді. Депутат В.Волков Үкімет басшысына жолдаған сауалында ұсталғандарды жұмыспен қамту мәселесін шешуді сұрады.
Заңнамалық реформалар мен қылмыстық саясатты ізгілендірудің арқасында түрмедегілер саны 30 мың адамға дейін азайды және Қазақстан қазіргі уақытта түрме рейтингі бойынша әлемде 100-орында тұр. Алайда бас бостандығынан айыру орындарында олардың тек 30%-ы ғана жұмыс істеу мүмкіндігіне ие.
Мемлекеттік сатып алу порталы 2019 жылдан бастап сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз ететін кәсіпорындармен, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерімен бір жерден тапсырыс берушімен тікелей шарт жасасуға мүмкіндік бермейді.
«Өндірістік ескірген инфрақұрылым, оның ішінде қазіргі заманғы өндірістік қуаттардың болмауы, күрделі қаржы салудың қажеттігі, сондай-ақ тәртіппен жұмыс істейтін объектілердің жағдайлары колониялардағы бизнесті дамытуға кәсіпкерлерді тартпайды. Сотталғандарды жұмыспен қамту еңбек дағдыларын дамытумен қатар, оларға талап-арыздарды өтеу және жәбірленушілерге келтірген зиянды төлеуге қаржы табуға, сондай-ақ өз отбасыларына қаржылық көмек көрсетуге мүмкіндік береді», деді Владимир Волков.
Депутаттар бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тиімді орындау және олармен жеке жұмысты ұйымдастыру үшін қамаудағыларды камерада ұстау қажет екенін атап өтті. Жұмыс істеп тұрған 66 түзеу мекемесінің 9-ында ғана камерада ұстауға жағдайы бар екен.
«Халықаралық стандарттардың басты талабы – отрядтық ұстаудан камералық жағдайға көшу. Түзету колонияларының көпшілігі өткен ғасырдағы кеңестік құрылыстың мұрасы болып табылады, ондағы жатақхана барағы үлгісіндегі бір бөлмеде 100-120 адам тұрады. Ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйін ескере отырып, 42 түзеу мекемесі қайта жаңартуды талап етеді», деді Сенат депутаты.
Сенаторлар бұл мекемелерде, оның ішінде лауазымды тұлғалар тарапынан жасалған тәртіп бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және алдын алу үшін бейнебақылау енгізу қажет екенін атап өтті. Бүгінгі таңда бұл мекемелердің 30%-ы ғана бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген.
Сенат депутаттарының пікірінше, сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету проблемаларына да ерекше назар аудару керек. Қылмыстық-атқару жүйесін медициналық қамтамасыз ету жүйесі ресурстар, қызмет көрсету сапасы және оның жабық болуына байланысты бақылау тұрғысында азаматтық сектормен тең емес жағдайда тұр.
Медициналық қызметтермен толық қамтамасыз етілмеуі, арнаулы мамандардың болмауы, шұғыл емдеуге жатқызу проблемалары, ескірген медициналық жабдықтар бас бостандығынан айыру орындарындағы дәрігерлік қызметтердің сапасы төмен болуына алып келеді.
Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында сенаторлар Владимир Волков, Қанатбек Сафинов, Рысқали Әбдікеров, Сәуле Айтпаева, Нұрлан Бекназаров, Андрей Лукин, Сұлтанбек Мәкежанов, Ләззат Сүлеймен осы саладағы айтылған және басқа да өзекті мәселелерді зерделеу, сондай-ақ оларды шешу жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
Академик Салық Зимановтың туғанына келесі жылдың ақпан айында 100 жыл толады. Алайда осы бір айтулы дата Үкіметтің алдағы жылы атап өтетін мерейтойлар тізбесінен тыс қалған. Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған бір топ сенатор Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады.